«Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешіті
Мешіт ұжымы
Амантай Әбілдаұлы Садиев
ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша Бас имамы, Ақтөбе облыстық орталық «Нұр ғасыр» мешітінің Бас имамы
Мешіт туралы
Ақтөбе қаласынан заманауи талаптарға сай мешіт салу бастамасы 2004 жылы қасиетті Қадір кешінде көтерілген болатын.
Сол кездегі облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың қолдауымен 2005 жылы «Ақтөбе мешіті» облыстық қоғамдық қоры құрылып, мешіт жобасын жасауға тапсырыс берілді. Мешіт құрылысын бастау үшін Ақтөбе қаласының орталығынан 3 га жер бөлінді. Алла үйінде тек намазхана мен дәретхана ғана емес, сонымен қатар дәрісханалар, кітапхана, компьютер бөлмесі, Құран оқылатын бөлме, неке залы және садақа, ауызашар өткізетін 300 кісілік асхана да жоспарланды.
Мешіт құрылысы 2006 жылы басталды. Құрылысқа облыс және қала тұрғындары, оның ішінде ұлтына, нәсіліне, тіпті діни ұстанымына қарамастан, барлық тұрғындар белсене атсалысты. 2005 жылы басталып, 2008 жылдың қаңтарына дейін жалғасқан мешіт құрылысына 1, 901 452 769, 56 теңге қаражат жиналды. Халықтың осындай ықыласы арқасында мешіт құрылысы екі жарым жыл ішінде аяқталып, 2008 жылы 22 қыркүйекте қасиетті Рамазан айында мешіттің салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті. Оған ҚМДБ шешімі бойынша «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешіті атауы берілді. Мешіттің сиымдылығы 3000 адамдық.
«Нұр Ғасыр» мешіті төрт қабатты. І- ші қабатында асхана, ер және әйел кісілерге арналған дәретхана, қосалқы бөлмелер; ІІ-ші қабатта имамдар бөлмелері, дәрісханалар, интернет-сайт бөлмелері, неке залы және Құран оқылатын бөлме; ІІІ-ші қабатта ер кісілердің намаз залы, ал ІV-қабатта әйелдердің намаз залы орналасқан. Намаз залдарына 1180 шаршы метр кілем төселген. Олар арнайы Түркиядан әкелінген. Мешіттің негізгі күмбезінің биіктігі – 40, ені - 20, ішкі кеңістігі - 500 шаршы метр. Күмбез биіктігінің 40 метр болуы Мұхаммед пайғамбарымызға (с.а.с.) 40 жасында пайғамбарлық берілгенімен байланыстырылған. Мешіттің төрт мұнарасы бар. Әрбір мұнараның биіктігі 63 метр. Бұл пайғамбарымыздың (с.а.с) өмір сүрген жасын білдіреді. Мұнаралардың төртеу болуы – Алла Тағала тарапынан түсірілген 4 үлкен кітап саны және 4 мәзһабтың бірлігі. Мешіттің негізгі күмбезімен бірге төрт мұнара басында төрт айшықты кіші күмбез орналасқан. Барлығы – бес күмбез бен бес айшық. Бұл ишара Исламның негізгі бес парызын меңзейді. Мешіт күмбездері мен айшықтары алтынмен қапталған. Мешіт мінбері ақ және жасыл түсті мәрмәрдан салынып, үстіне орналастырылған кішігірім күмбез бен айшық та алтынмен апталған.
Мешіт михрабында және күмбездің ішкі бөлігінде алтынмен көркемделген мозайкамен Құран аяттары өрнектелген. Мозайкалар Италияда дайындалған. Намаз залындағы ең үлкен аспалы шамның ұзындығы – 7,5, ені – 5,5 метр. Салмағы – 3 тонна. 294 шамдар және 12000 хрусталь шынылардан жасалған. Мешіт ішінде 32 үлкен, 94 кішкене, 42 қабырға шамдары ілінген. Барлығы Чехияда жасалған. Екі лифт жұмыс істейді.
Мешіттің іші-сырты, ұстындары, едендері, баспалдақтары түрлі түсті мәрмәр, сұрғылт гранитпен қапталған. Мешіт алдында су бұрқағы және гүлзарлы алаң, түнде айналаны сәулелендіретін прожекторлар мен шамшырақтар қойылған. Құрылысқа 2.200 тонна арматуралық темір шыбықтар, 12000 текшеметр бетон, 2500 шаршы метр гранит, 7000 шаршы метр мәрмәр, 25 тонна суэмульсиялық және өзге де түрлі бояулар, 36 кг сусальды және сусальды тектес алтын жұмсалған.
Мешіттің ашылу салтанатына Қазақстан мен Ресейдің Президенттері Н.Ә.Назарбаев пен Д.А.Медведев және Қазақстанның бұрынғы Бас мүфтиі, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі қатысып, халықты қуаныштарымен құттықтады.
Бір сөзбен айтқанда, Ақтөбе облыстық орталық мешіті халыққа діни қызмет көрсетуге дайын. Келіңіздер, көріңіздер, сауат ашу курсында оқып діни білім алыңыздар, бүкіл әлемді жоқтан бар қылып жаратқан құдіреті күшті Аллаһ тағалаға құлшылық қылыңыздар! Келем деушілерге есігіміз ашық!