Хромтау аудандық «Нұр» мешіті

Хромтау аудандық «Нұр» мешіті

Орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Хромтау қаласы
Ашылған уақыты: 2005
Сыйымдылығы: 500 адам
Мұнара биіктігі: 24
Күмбез биіктігі: 16
Мекен жайы: Хромтау қаласы, М.Әуезов көшесі, 4 «а»
Байланыс: 8 (7133) 62-11-45
Мешіт ұжымы
Мешіт туралы

Еліміз еркіндікке қол жеткізіп, халқымыз ата дініне бет бұрған тұста Хромтау қаласынан мешіт салу мәселесі күн тәртібіне қойылды. Өйткені, оған дейін құлшылық орны ретінде пайдаланылып келген шағын үй жыл санап жамағатқа таршылық ете түскен еді. Осылайша, 2003 жылы Хромтау қаласының көрнекті орнынан мешіт салу үшін 0,9900 га жер учаскесі беріліп, осы жылдың желтоқсан айында Алла үйінің алғашқы іргетасы қаланды. Мешіт құрылысына «Қазхром» Транс Ұлттық компаниясы» АҚ Дөң тау-кен байыту комбинаты бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі негізінде демеушілік жасап, компания тарапынан 140 117 024 теңге, оның ішінде, ғимарат салуға – 136 380 284 теңге, құрал-жабдықтарға – 689 340 теңге, құрал-саймандарға – 3 047 400 теңге бөлініп, құрылыс жұмыстарын бас мердігер – Дөң тау-кен байыту комбинатының Құрылыс-жөндеу цехі жүргізді. Қарқынды құрылыс жұмыстарының нәтижесінде 2 жылға жуық уақыттың ішінде аудан орталығынан зәулім мешіт бой көтеріп, 2005 жылдың 23 қыркүйегінде салтанатты түрде ашылу рәсімі өтіп, ҚМДБ шешімі бойынша Хромтау аудандық «Нұр» мешіті атауы берілді. Пайдалануға берілген нысанның сыйымдылығы – 500 адам. Жалпы көлемі – 673,3 м2, оның ішінде негізгі залдың аумағы – 329,6 м2.

Нысанның технологиялық және архитектуралық-құрылыстық сипаттамаларына келер болсақ, ғимараттың іргетасы – бағаналы тұтасқұймалы темір бетоннан және іргетас плиталары – бетон блоктардан. Қабырғалары мен мұнарасы силикат кірпіштен қаланып, сырты керамикалық гранит плитамен қапталған. Шатыры металл жабындысымен жабылып, минералды мақта плиталарымен қымталған. Ал, күмбезі – металл-пласт

Мешітте негізгі зал, шағын әйелдер намазханасы, бас имам, наиб имам, ұстаз, есепші кабинеттері, дәрісхана, кезекшілер бөлмесі, қонақ күту бөлмесі, аиван, ер және әйел кісілерге арналған дәретханалар бар. Мешіт биіктігі – 16 метр, мұнарасының биіктігі – 24 метр. Қазіргі таңда мешіт жанынан демеушілердің көмегімен 250 кісіге арналған асхана құрылысы жүргізілуде.

Мешіт михрабының маңдайшасына кәлима, ішкі қабырғаларына Құран аяттары мен Алланы ұлықтайтын зікірлер жазылған. Мешіт күмбезінің іші мен қабырғалары қазақы ою-өрнектермен безендірілген. Намаз залындағы ең үлкен аспалы шамның ұзындығы – 4,5 метр, ені – 2,5 метр болса, салмағы – 2 тоннаны құрайды. Мешіт ішіне 16 қабырға шамдары ілінген. Мешіттің сыртқы баспалдақтары мәрмәр тастармен қапталған. Алла үйінің ауласына бағаналы прожекторлар орнатылып, мешіт атауы түнге қарай жанатын әріптермен жазылған. Сондай-ақ, қосымша шамдар түн мезгілінде мешіт сыртын сәулелендіріп, Алла үйінің ажарын аша түседі.