Ақтөбе: Жамал апаның рухына бағышталған қайырымдылық шарасы өтті 70

Ақтөбе: Жамал апаның рухына бағышталған қайырымдылық шарасы өтті

07 қыркүйек 2020 357 Оқу 1 минут

Еліміздегі эпидемиологиялық ахуал тұрақталып келе жатқанмен әлі де болса кісі көп жиналатын отбасылық шараларды өткізу індеттің қайда өршуіне себеп болуы мүмкін. Сол себепті, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы сақтық шараларын қамтамасыз ету үшін жаназа рәсімдері мен астарды аз адамның қатысуымен өткізуді ұсынған болатын.

Ел анасына айналған Батыр ана марқұм Әбдімәлікқызы Бибі-Жамал апа дүниеден өткеніне айдан асты. Артында қалған ұрпақтары анасының қырық күндік садақасын Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің ұсынысымен өзгеше жағдайда өткізді. Мейрамханаға дүйім жұртты жинап ас беріп, індеттің таралуына жол бермей мұқтаж отбасыларға азық-түлік таратып, көпшіліктің батасын алуды жөн көріпті. Алла сауаптан жазсын!

Хадисте: «Аллаға ең сүйікті пенде – адамдарға көп пайда тигізген адам» деген хадисін үлгі еткен Жамал апа адамдардан қолдан келген жақсылығын аямады. Кішіге ақылшы, жоқ-жітікке жанашыр еді. Дегенмен, Жамал апаның жақсылығы ол өмірден өткеннен кейін де тоқтамақ емес. Атап айтқанда, республикалық #Біз_біргеміз, #Жақыныңа_жанашыр_бол! бастамалары аясында марқұм Жамал апаның ұрпақтары елге үлгі болып, мұқтаж жандарға азық-түлік тарату ісін қолға алды.

Аталмыш қайырымдылық шарасын Ақтөбе қаласында «Нұр Ғасыр» мешітінің ұжымы ұйымдастырып, 300 мұқтаж отбасына 9 тонна 690 келі азық-түлік үлестірілді. Марқұм Бибі-Жамал Әбдімәлікқызының жатқан жерін жаннаттан етіп, иманын жолдас еткей! Ұрпақтарының жасаған жақсылықтарын сауаптан еткей!



Жамал ана қандай жан еді?

Бибі-Жамал апа Әбдімәлікқызы бала күнінде ІІ дүниежүзілік соғыстың зобалаңын бастан кешіріп, өзі көпбалалы ана болса да, жүздеген баланы бауырына басып, өсіріп жетілдірді.

Мұқтаждың мұңын бөлісіп, ауырғанның жанынан табылып, жабырқағанның көңіліне медеу бола білді. Тірі күнінде әлеуметтік жағдайы төмен 67 отбасыға үйдің кілтін табыстады.

Қажылық жасағысы келетін 80 адамды қасиетті мекенге аттандырып, Алланың қонағы болуға себеп болып, жол шығынын өзі көтерді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұйымдастырған республикалық Құран жарыстарында жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар үлестіріп, Құран жаттауға жас ұрпақтың қызығушылығын оятты.

Әрдайым ел тұрғындары қиын жағдайға ұшыраған кезде алғашқылардан болып халыққа көмек қолын созатын. Мәселен, Арыс қаласындағы жарылыста, Қызылағаш пен Мақтаарал аудандарындағы су тасқаны кезінде қиналғандардың қасынан табылып, оларға демеу болды.

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Біз сіздерді тек Алла разылығы үшін тамақтандырамыз. Бұл үшін сіздерден қарымта немесе рахмет (шүкір) айтуларыңызды талап етпейміз», - («Инсан», 9-аят) деген аят бар. Бұл аятта Алла нағыз мұсылман садақа бергенде тек Алладан сауап үміт етіп, разылығын табу үшін беретіндігін әрі берген садақасы үшін адамдардан қарымта ретінде ештеңе сұрамау қажеттігі айтылады.

Жамал апа тірі күнінде жасаған жақсылықтарын жасырыуға тырысып, міндетсінбейтін еді. Бұл қайырымдылық шара да тек Алланың ризалығын тауып, сауабын Жамал апа рухына бағыштау мақсатында жасалуда.

Халқымыздың басына түскен осы бір нәубет шағында, #Жақыныңа_жанашыр_бол!, #Саулық_сақтықта деген республикалық карантиндік-сақтық шаралары аясында дүние салған туыстарымыздың жетісі, қырық күндік, жылдық және басқа да еске алу рәсімдерінің орнына мүмкіндігінше осы қайырымдылық үлгі болса екен деп тілейміз. Марқұмның жетісі, қырқы, жылдық асы сынды шаралар аясында әркім жағдайы жеткенше мұқтаж отбасыларға қайырымдылық жасай алады.


Ақтөбе облыстық орталық

«Нұр Ғасыр» мешітінің

Баспасөз қызметі