Ақтөбе облысы: Құрбан айттан репортаж (ФОТО)
Жер бетіндегі барша мұсылман қауым үшін ең қасиетті саналатын екі ұлық мерекенің бірі – құрбан айт мейрамына орай айт намазына 30 мың адам жиналып, ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігі жоғары деңгейде атап өтті.
Облыс, қала, аудан, ауыл мешіттерінде ұлттық нақыштағы іс-шаралар ұйымдастырылды.
Қасиетті күннің маңыздылығы туралы уағыз-насихаттар айтылды. Сонымен қатар ақсақалдарға, ақ жаулықты аналарға құрмет көрсетілді. Он бір түрлі ұлттық ойындардан атап айтсақ, тай жарыс, қазақша күрес, қол күрес, гір тасын көтеру, аударыспақ, өгіз тартыс, қой көтеру, арқан тартыс, жебе тарту, асық ату, ләңгі тебуден сайыстар өтіп, үздіктер марапатталды.
Сонымен қатар арнайы киіз үйлер тігіліп, айттық дастарханы жайылды. Ал балаларға арнайы ойын алаңы ұйымдастырылып және айттық үлестірілді..
Одан өзге тұлпар-тайларын тізгіндеген жас шабондарымыз ұлттық рухта тәрбиеленіп, қазақы құндылықтарды бойына сіңіріп өсуіне ерекше ықпал етеді деген мақсатта тай жарысы ұйымдастырылды. Оған 170 000 теңге қаржы бөлініп, 10 тай бағын сынады. Жүзден жүйрігі үздік деп танылды.
Ұлық мерекені ұлықтау мақсатындағы шаралар 3 күн жалғасын табады.
Айта кетсек, айттың алғашқы күні ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінде 22 іс-шара өтті.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі