#Иманижаз2025 : «Әжелер» мектебінің белсенді мүшелері тоқымадан шеберлік сағат өткізді
ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінде «Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен «Ислам және отбасы» жылы аясында жазғы сауат ашу курсына келуші шәкірттерге «Әжелер» мектебінің белсенді мүшелері тоқымадан шеберлік сағат өткізді.
Шарадағы негізгі мақсат – қолөнерді үйрету арқылы сабырлылыққа, еңбекқорлыққа, әдемілікке ұмтылдыру.
Халқымызда да «шебердің қолы ортақ» деген. Ал дінімізде де өнер үйрену мен үйретудің сауабы зор.
Мешітте өткізілген бұл іс-шара – үлкендердің кішілерге деген қамқорлығы мен ықыласының жарқын көрінісі. Сонымен қатар қыз балалардың бос уақытын пайдалы іспен өткізіп, жүректеріне ізгілік дәнін егу – қоғамның рухани тірегін нығайтудағы маңызды қадам.
Айта кетсек, жас шәкірттердің қызығушылығы артқандықтан әжелер тоқыма үйірмесін күнделікті өткізуді қолға алды.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі