3 Рабиғ әл-әууәл
Иманижаз2025 : Ақтөбе облысы  бойынша бірінші лекті 715 бала тәмамдады 4668

Иманижаз2025 : Ақтөбе облысы бойынша бірінші лекті 715 бала тәмамдады

05 шілде 2025 73 Оқу 1 минут

ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінде ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазіреттің бастамасымен, облыстың Бас имамы Амантай Садиев бастаған имамдардың ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Имани жаз – 2025» жазғы сауат ашу курсының бірінші легін 715 мектеп жасындағы 231 қыз бала, 484 ер бала тәмамдады.

Аталған жазғы курс ҚМДБ Ақтөбе өкілдігіне қарасты облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінен бастау алып, қала, аудан, ауыл мешіттерінде жалғасын тапты.

Жазғы курс аясында балалар Құран әліппесін, намаз оқу тәртібін, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өмірбаянын және адамгершілік-ахлақ тақырыптарында арнайы сабақтар алды. Оқу үрдісі қызықты форматта ұйымдастырылып, тәрбиелік ойындар мен түрлі іс-шаралар арқылы балалардың танымын кеңейтуге бағытталды.

Сонымен қатар шәкірттердің таным көкжиегін байыту мақсатында табиғат аясында серуендер мен мұражай мен тарихи-танымдық жерлерге экскурсиялар ұйымдастырылды.

Салтанатты қорытынды жиында облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің ұстазы Аймұрза Досбол сөз сөйлеп, шәкірттерге діни білім алудың маңыздылығын түсіндіріп, алған ілімдері өмірлік пайдалы болуын тіледі.

Сонымен қатар сауат ашу курсын тәмамдаған шәкірттерге арнайы облыстың Бас имамы Амантай Садиевтің атынан сертификаттар мен сыйлықтар табысталды.

Ал Ақтөбе облысы бойынша «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі, облыстық мешіттің ұстазы Кенжегүл Кушкарова : «ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінде жылдағы дәстүрге сай, жаздағы балалардың уақытын тиімді өткізу мақсатында «Имани жаз» атты сауат ашу курсын ұйымдастырып келеді. «Құран әліппесі», «Имандылық әліппесі» т.с.с пәндер арқылы имандылықтан нәр алған ұрпағымыздың болашағы жарқын болады, -деп жазғы діни сауат ашу курсының маңыздылығына тоқталып, өнегелі ұрпақ тәрбиелеп өсірген ата-аналарға, курс барысында сабақ берген ұстаздарға алғысын білдірді.

Одан өзге ата-аналар ұстаздарға мен жазғы сауат ашу курсын ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, ендігі жылы асыға келетінін айтты.

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі