Ер адамның отбасы алдындағы міндеттері қандай?
Сұрақ: Шариғатта ер адам жұбайы мен бала-шағасын асырауы, оларды нәпақамен қамтамасыз етуі керек. Аталмыш нәпақаға қандай істер жатады?
Жауап: Шариғат бойынша ер азамат жұбайы мен балаларын тиісті нәпақамен қамтамасыз етуге міндетті. Тіпті жұбайымен ажырасып кетсе де, белгілі бір жасқа жеткенше әкесі баланың нәпақасын береді. Алла Тағала:
«Ажырасқан әйелдеріңді мүмкіндіктеріңе қарай өздерің тұратын жайға тұрғызыңдар және оларға қысым көрсетіп, зарар келтірмеңдер. Ал егер жүкті әйелдер болса, оларға босанғанша нәпақа беріңдер. Байлық иесі өзінің байлығынан жұмсасын. Ал кімнің несібесі шектеулі болса, Алланың өзіне бергенінен жұмсасын. Алла ешбір жанға Өзі бергенінен артық нәрсені жүктемейді. Әрі Алла қиындықтан соң жеңілдік жасайды»[1], - деген.
Қоштасу қажылығында Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әйелдер жайында Алладан қорқыңдар! Олардың ас-суын, киім-кешегін дұрыстап беріңдер»[2], – деген. Айша анамыз (одан Алла разы болсын) риуаят еткен хадисте: «Һинд бинт Утба Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Уа, Алла Елшісі! Әбу Суфян өте сараң адам. Маған да, бала-шағасына да жететіндей етіп нәпақа бермейді. Оның дүниесінен айтпай алсақ күнә бола ма?» – деп сұрайды. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Оның дүниесінен өзіңе және бала-шағаңа жететіндей етіп алуыңа болады», – деп жауап береді»[3]. Мінекей, осы аят-хадистер ер кісінің отбасына нәпақа беруі уәжіп екендігін көрсетеді.
Ер адамның өзінің мұсылман, мұсылман емес, кедей немесе бай жұбайына нәпақа беруі уәжіп. Міндетті нәпақа – ол ас-су, киім-кешек және баспана[4].
1) Ас-су, азық-түлік және ішімдіктердің мөлшері мен сапасы күйеуінің әл-ауқатына қарай белгіленеді.
2) Киім-кешек бір мезгіл киетін бастан-аяқ болуы керек. Ханафи мен шафиғи мәзһабтарында жұбайына 6 айда, балаларына 4 айда бір жаңа киім алып беріледі делінген.
3) Үй-жайдың қандай болуы күйеуінің қаржы жағдайына байланысты. Сонымен қатар үй керекті жиһаздармен толық жабдықталған болуы тиіс. Онда өмір сүруге қажетті заттың бәрі болуы шарт.
Ер адам жұмысқа жарамды болса, жұмыс істеп баласын асырауы міндетті. Егер одан бас тартса, онда оны жұмыс істеуге еріксіз көндіреді, мәжбүр етеді. Баланың әкесі болмаса немесе әкесі жұмысқа жарамсыз болса, онда баланы асырау әкесінің орнын басатын туыстардың біріне жүктеледі[5].
Ұл баласы балиғат жасына жеткенше, қолындағы тұратын қызы қай жаста болса да, жұмысқа жарамайтын мүгедек ұл баласының жасы үлкен болса да әкесі оларды нәпақамен қамтамасыз етуге тиіс.
Шариғат және пәтуа бөлімі
[1] «Талақ» сүресі, 6-7 аяттар.
[2] Муслим риуаят еткен.
[3] Бухари мен Муслим риуаят еткен.
4] «Әл-фәтауа ат-татархания фи әл-фиқһ әл-ханафи», 3/242
[5] «Әл-фәтауа әл-һиндия», 1/580-583