ИПОТЕКАҒА ҮЙ АЛУҒА БОЛА МА?
Баспана – киім-кешек, құрал-сайман, көлік секілді адамның негізгі қажеттілігі. Біреулер ата-анасынан мұрағы қалған үйге ие болады. Басқалары өз күшімен үй салу немесе дайын ақшаға үй сатып алу арқылы баспанаға қол жеткізеді. Қазіргі таңда несиеге немесе бөліп төлеу шартымен үй сатып алып жатқандардың саны көбеюде. Себебі қарапайым адамға үй сатып алу үшін қомақты соманы жинау оңай емес, сондай-ақ мемлекеттің тұрғын үй бағдарламалары халыққа тиімді әрі қолайлы болып тұр.
Осы ретте Ислам дінінің өсіммен ақша алуға және беруге қатаң тыйым салғанын ескеру қажет. Құран Кәрімде: «Алла саудаға рұқсат бергенімен өсімқорлыққа тыйым салды», – делінген («Бақара» сүресі, 275-аят). Демек ипотека да тыйым салынған әрекетке жатады. Алайда көптеген Ислам елдерінде және зайырлы мемлекеттерде ипотеканың шариғат шартына сай келетін түрі де бар екенін біле жүргеніміз дұрыс.
Бүгінгі таңда Ислам ипотекасының үш түрі жұмыс істейді: ижара (кейін сатып алу үшін жалға беру), мурабаха (мерзімі ұзартылған сауда-саттық) және мушарака (кредитор мен клиенттің жылжымайтын мүлікке бірге иелік етіп, түскен табысты қақ бөлуі кезіндегі азаймалы үлес).
1) Мурабахада банк клиент үшін тұрғын үй сатып алады және оны төлем мерзімін ұзарту арқылы үстеме бағамен сатады. Қорытынды құны барлық мерзімге анық және белгіленген болып табылады. Бөліп төлеу арқылы клиент банктен үйді сатып алады.
2) Ижарада банк мүлікті сатып алып, клиентпен лизинг шартын жасайды. Лизинг мерзімінде мүлікке қатысты меншік құқығы және оны иемденуге байланысты барлық тәуекелдер банкке өтеді.
3) Мушаракада сатушы, клиент және банк үшжақты шартқа қол қояды. Түскен пайда алдын ала келісілген үлес бойынша тараптар арасында бөлінеді. Сонан соң клиент банктен өз үлесін бірте-бірте сатып ала бастайды.
Жоғарыда айтып өткендей, Ислам ипотекасының басты ерекшелігі қарызға берілетін ақшаға пайыз емес, үстеме баға қосылады. Ол тауардың өзіндік құны мен оны сату құны арасында анықталады. Үстеме баға алдын ала келісіліп, ипотека толық төленіп біткенше сақталады. Сондай-ақ банк клиенттің серіктесіне айналады, сөйтіп тараптар тәуекелді тең бөліседі. Бұл жүйеде жылжымайтын мүлікті рәсімдеу және сатып алу шығындарын банк төлейді.
Ал коммерциялық банктерде ипотекалық несиелендіру кезінде заемшы өз қаражат есебінен тұрғын үйдің бастапқы жарнасын төлейді. Ал оның қалған сомасы банк тарапынан өтеледі және үй банкке кепіл ретінде рәсімделеді. Банк клиентке ақшаны пайызға береді. Сонымен қатар ай сайынғы борышы уақытылы төленбеген жағдайда үстеме ақы тағайындалады. Мұндай әрекет шариғат принциптеріне қайшы. Алайда басында үйі болмаса және баспанаға аса қажеттілік туындаса, сондай-ақ ислам ипотекасы арқылы үй алуға мүмкіндік болмаса немесе болса да, оның шарттары тым ауыр келсе, ислам діні мұндай жағдайда зәрулік үкімді негізге ала отырып, коммерциялық банктер арқылы үй алуға рұқсат береді.
Хасан АМАНҚҰЛ,
Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары,
«Мұнара» газеті, №11, 2020 жыл