ПАЙҒАМБАРЫМЫЗ (ﷺ) СӘРЕСІ МЕН АУЫЗАШАРДА ҚАНДАЙ ТАМАҚ ЖЕГЕН?
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ауызашар және сәресіде орташа тамақтанатын. Дастарқанында болса ет, нан, май, бал және сүт ішіп-жейтін. Кейде айдың артынан ай өтсе де, үйінде кепкен құрма мен судан басқа ас болмайтын.
Ардақты пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза уақытындағы тамақтануының ең басты үш қағидасы болған, олар:
1. Құрма немесе сумен ауыз ашатын. Әнас бин Малик (р.а.) риуаят етіп былай дейді:
كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يُفْطِرُ عَلَى رُطَبَاتٍ قَبْلَ أَنْ يُصَلِّيَ فَإِنْ لَمْ تَكُنْ رُطَبَاتٌ فَعَلَى تَمَرَاتٍ فَإِنْ لَمْ تَكُنْ حَسَا حَسَوَاتٍ مِنْ مَاءٍ «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) намаз (ақшам) оқымас бұрын сулы жас құрмалармен аузын ашатын. Жас құрма таппаса, кепкен құрмалармен, оны таппаса, бірнеше жұтым сумен аузын ашатын»[1].
2. Ауыз ашуға асығу. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): الْفِطْر لا يَزَالُ النَّاسُ بِخَيْرٍ مَا عَجَّلُوا «Адамдар ауызашарды кешіктірмей, жылдамдатып тұрғанда жақсылықтан айырылмайды...»[2], - деген.
3. Орташа тамақтану. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ауызашар немесе сәресі дастарқанына отырғанда қарнын тым тойдырып ас-су ішпейтін. Орташа, денесіне әлдендіріп қуат беретін дәрежеде ғана тамақтанатын. Өйткені, хадисте: مَا مَلأ آدَمِيٌّ وِعَاءً شَرٌّا مِنْ بَطْنٍ حَسْبُ الآدَمِيِّ لُقَيْمَاتٌ يُقِمْنَ صُلْبَهُ فَإِنْ غَلَبَتِ الآدَمِيَّ نَفْسُهُ فَثُلُثٌ لِلطَّعَامِ وَثُلُثٌ لِلشَّرَابِ وَثُلُثٌ لِلنَّفَسِ
«Адам асқазанынан жаман ыдысты толтырып көрмеген. Адам баласына бойын көтеріп жүретіндей ас жеткілікті. Алайда, жеу керек болса, асқазанның үштен бірін асқа, үштен бірін суға және үштен бірін өзіне қалдырсын»[3], - деп айтылған.
Қорыта айтқанда, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ағзаға күш беретін, асқазанға ауыр тимейтін және тез қорытылатын тағам түрлерін пайдаланғанын байқауға болады. Ең бастысы, тамақ пен сусын мөлшері орташа көлемде болды.
Махамбет Бисенов
«Ақтөбе» медресе-колледжінің ұстазы
[1] Әбу Дауд, №2356
[2] Бухари, №1957, Муслим №1098
[3] Ахмад, №16556