Ел амандығы үшін нәпіл құрбандық шалынды
Өткен аптада Ақтөбе қаласында орналасқан «Бақытжан» мешітінде қайырымды іс жасалды. Ел басына төнген індеттің өршуіне байланысты қасиетті Рамазан айының қарсанында халықтың амандығын тілеп Ақтөбе қаласы, «Бақытжан» мешітінде 1 ірі қара және 1 қой нәпіл құрбандық ретінде шалынды. Шараға Ақтөбе облысының Бас имамы Төлеби Оспан арнайы қатысты. Демеушілік жасаған жомарт жандарға алғыс білдірді. Сондай-ақ, Алладан екінші жыл қатарынан жалғасып келе жатқан пандемиядан арылтуын сұрап, елдің тыныштығын тіледі. Алла үйінің қызметкерлері садақа еттерін жергілікті көп балалы, аз қамтамасыз етілген, жарымжан және жетім-жесір 40 отбасыға үлестірді.
Алла тағала әрқашан баршамыздың қолымыздың ашық, жүрегіміздің мейірімді, бір-бірімізге жанашыр болуымызды нәсіп етсін!
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі