Қадір түні туралы сұрақтар
Қадір түні дегеніміз не?
«Қадір» сөзі «үкім түні» деген мағынаны береді.
Демек, қадір түні Алланың тағдырды үкім ететін түні. Құранда: «Ол кеште барлық хикметті істер айырылады», – деген. Қатада: «Бұл түнде келесі жыл істерінің тағдыры жазылады», – дейді. «Қадір» сөзінің тағы бір мағынасы «абырой, бедел». Мұндай жоғары дәрежеге лайық болуының себебі, бұл түннің салмағы мың айдан да қайырлы. «Қадір түні мың айдан да қайырлы», – деп баяндалады. Рамазан келгенде, Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Расында, сендерге бұл ай келді! Онда мың айдан да қайырлы бір түн бар. Сонда кім ол түні бейқамдық танытса, оның барлық игілігінен құр қалады. Ал оның барлық игілігінен тек нағыз мақрұм адам ғана айырылып қалады!», – деп сүйіншілеген.
Ол түнде періштелердің түсетіні рас па?
«Қадір» сөзінің бір мағынасы «сығылысу» мағынасын береді. Осыған байланысты зерттеуші ғалымдар қадір сөзі тарылу мағынасын да білдіреді деген жорамалдар жасаған. Өйткені бұл түні бүкіл періштелер жер бетіне түскеннен соң, жердің тарлығынан сығылысады. Құранда: «Періштелер және Жәбірейіл (ғ.с.) періште осы түні Раббыларыңның рұқсатымен барлық іс үшін түседі», – дейді. Сол түнгі көктен түсетін періштелердің саны жердегі майда тастардан да көп болады. Пенденің әрбір жасаған дұғасына «әмин» деп тұрады.
Қадір түнін қалай атап өтеді?
Бұл күні жасалуы тиіс сауапты істерді былайша тізбектеуге болады:Намаз оқу. Таһажжуд намазын, қаза намаздарын және әртүрлі нәпіл намаздарды оқыған дұрыс. Хадисте: «Кімде-кім қадір түнінің қасиетіне сеніп, сауапқа кенелемін деген мақсатта түнін құлшылықпен өткізсе, онда оның өткен күнәлары кешіріледі», – деген. Құран оқу. Алладан кешірім тілеп, Одан екі дүниемізде пайдасы тиетін нәрселер сұрау. Дұға жасау. Пікірлеу. Алланың ұлықтығына, Исламның ұлықтығына, Құранның ұлықтығына ой жүгірту, айтылған уағыз-насихаттарды көкейге түю.
Қадір түнінде қандай дұға жасаған абзал?
Қадір түнінде адам кез-келген дұғасын жасай алады. Қадір түні мұсылман баласы не тілесе де Алла оның дұғасын қабыл ететін ерекше түн. Айша анамыз Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.):«Уа, Алланың елшісі, Қадір түнінде қандай дұға жасайын» деп сұрағанда, Ол кісі (с.ғ.с.): «Аллаһуммә иннәкә афуун кәрим, тухиббул афуа, фаьфу ьанни» (Алла Тағалам, Сен кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің, менің күнәларымды кешіре гөр!)», – деп дұға етуге кеңес берді.
Қадір түні қашан болады?
Қадір түнінің қай күнге сәйкес келетіндігін тек қана Алланың елшісі Мұхаммед (с.ғ.с) ғана білген. Алайда әрбір істі белгілі бір хикметпен, даналықпен жаратқан Алла Тағала Пайғамбарымызға ол түнді ұмыттырған. Деседе ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзінің көптеген хадистерінде қадір түнін Рамазан айының соңғы он күндігінде және сол он күндіктің тақ күндерінде іздеуімізді бұйырған. Яғни қадір түні Рамазан айының 21,23,25,27,29 күндері болуы әбден мүмкін. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) тақ күндеріне байланысты сахаба Абдулла ибн Омардан бірнеше жолмен жеткен сахих хадиісінде: «... Қадір түнін Рамазанның соңғы (10 күндігінде) 27 түні іздеңдер» (Муслим, Бұхари) деген хадистеріне сүйенгей көптеген ғалымдар, әсіресе Орта азия мұсылман жұрты осы түні қадір түні болуы әбден мүмкін деген болжам жасаған. Бірақ жоғары да айтқанымыздай қадір түнінің нақты қай түн екендігі тек қана бір Аллаға аян екендігін айтқан болатынбыз.
Бәлкім Хз Айша анамыз (р.а) айтқандай Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Рамазанның соңғы он күндігінде құлшылыққа ерекше беріліп, иғтикафка (мешітте құлшылық мақсатымен оқшаулану) кіретін еді деген сөздеріне қарағанда, ең дұрыс амал; Рамазанның соңғы он күнінде, әсіресе тақ күндерінде құлшылыққа ерекше ден қою керек. Сонда соңғы он күндіктің ішіндегі тақ күндерінің біріне сәйкес келу ықтималдығы жоғары болады.
Қадір түнін қалай өткізген дұрыс?
Жауап: Қадір түні мың айдан да қадірлі ерекше түн. Яғни 83 дыл 4 айды бәлкім одан да көп уақытты құрайтын қасиетті түн. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кімде-кім Аллаға сене отырып, сауабын Алладан үміт ете отырып қадір түнін құлшылықпен өткізетін болса оның өткен барлық күнәлары кешіріледі»,-деген. (Бұхари) Ал қасиетті құранда бұл түннің берекеге толы түн екендігі баяндалады. (Дұхан сүресі, 3 аят.)
Ислам ғалымдары осы аят хадистерге сүйене отырып; кімде-кімнің құлшылығы, дұға-тілегі мың айдан да қадірлі қадір түніне, сол сәтке сәйкес келетін болса мың ай құлшылық жасағандай, бәлкім одан да көп сауапқа келеді деп тұжырымдама жасаған.
Демек бұл түні көбірек құлшылық жасауға, Алладан біліпте-білмей істеген күнәларымыз үшін тәубе етіп кешірім сұрауға, көбірек құран оқуға, Пайғамбарымызға салауаттар айтып күн батқаннан таң атқанға дейін уақытымызды құлшылықпен өткізуіміз қажет.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі