БЕРЕКЕЛІ РАМАЗАН АЙЫ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
Ардақты Ақтөбелік ағайын! Құрметті мұсылман қауым! Баршаңызды қасиетті Рамазан айының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Әрбір отбасыға Рамазан айының молшылығы мен берекетіне бөленуді тілеймін.
Рамазан – жақсылықта жарысатын ай. Оразада әрбір игі амалдың сауабы еселеніп жазылады. Құдси хадисте Алла Тағала: «Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін...» – деп оразаның қадірі мен қасиетін, мәні мен маңызын баяндаған.
Ораза – адамға өнегелі мінезді үйрететін тәрбие мектебі. Оның көмегімен пенде өз бойындағы жағымсыз сипаттардан арылады. Ораза – сабырлы болуды және жүйелілік пен тәртіпті үйретеді. Аузы берік адам айналасындағы аш адамдардың күйіне еніп, бойындағы мейірімділік, жанашырлық, бауырмалдылық секілді сезімдерді оятады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Нұр-Сұлтан қаласында арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, Рамазан айына қатысты мәлімдеме жасады. Биыл – Рамазан айы 13 сәуірде басталып, 12 мамырда аяқталады. Рамазан айы 30 күн болады. 13 мамыр – Ораза айт күні. 8 мамырдан 9 мамырға қараған түн – Қадір түні. Тарауих намазы 12 сәуір күні басталып, 11 мамыр күні аяқталады.
Пітір мөлшері – 420 теңге болып белгіленді. Алтынның нисабы – 1 160 000 теңгені (2740$), ал, күмістің нисабы – 200 000 теңгені (470$) құрайды. Бір күндік фидия мөлшері – 2500 теңге болып бекітілді. Ораза ұстай алмайтын қарт кісілер мен созылмалы ауруы бар науқас жандар 2500 теңгені 30 күнге көбейтіп, мұқтаж жандарға садақа етіп беруіне болады.
Өкінішке орай, еліміздегі эпидемиологиялық ахуал күрделі болып отыр. Короновирус індетіне шалдыққандар саны күн санап көбейгендіктен Ақтөбе облысы қызыл аймаққа енгізілді. Сол себепті, Ақтөбе облыстық Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің ү.ж. 30 наурыз күні шыққан №12 қаулысында көпшіліктің қатысуымен өткізілетін той-жиындар, садақа астар мен ауызашар дастархандары және көпшіліктің қатысуымен өтетін құлшылықтарды уақытша тоқтату керектігі айтылған.
Осыған орай, Ақтөбе облысында Рамазан айындағы діни шараларды өткізуге қатысты төмендегі нұсқаулықтарды назарға алуға шақырамыз.
- Тарауих намазы – Рамазан айында ғана орындалатын құлшылық. Сондықтан бұл намазға әдеттегі намаздан қарағанда кісі көп жиналады. Тарауих намазын толық оқып шығу – 1 сағатқа дейін созылады. Сол себепті, індеттің таралуының алдын алу мақсатында Ақтөбе мешіттерінде тарауих намазы уақытша оқылмайды. Мешіттер ақшам намазынан кейін таң намазына дейін жабық болады. Алайда, мешіттер күндіз ашық болады.
- Ауызашар беру – Рамазан айында жайылатын мерекелік дастархан. Мұсылман баласы ораза ұстаған жандарға ауызашар дастарханын жайып, сауапқа кенелгісі келеді. бірақ, биыл індетке байланысты мүмкін болмайын деп тұр. Өткен жылы пандемия кезінде Бас мүфти бастамасымен ауызашар дастарханының орнына «Ауызашар қоржыны» деген атпен мұқтаж жандарға азық-түлік тарату ісі ұсынылған болатын. Аталмыш жоба аясында қаншама мұқтаж отбасыларға көмек көрсетілді.
Биыл да ауызашар бергісі келетін облыс тұрғындарына «Ауызашар қоржыны» атты акцияға атсалысуға шақырамыз. Бұл шараны «Нұр Ғасыр» мешіті ұйымдастырады. Ол үшін сіздер «Kaspi bank» қосымшасындағы қайырымдылық батырмасының ішінде Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітін таңдап, оның ішінде қайырымдылық түрін таңдағанда «Ауызашар» батырмасын басып, ауызашар беруге арнаған қаражатыңызды аударуыңызға болады. Ақтөбе өкілдігінің сайтында және әлеуметтік желілерде қанша отбасыға ауызашар қоржындары таратылғаны жөнінде есебі беріліп отырады.
Осы ретте жергілікті мейрамхана мен асхана басшыларына ауызашарға онлайн тапсырыс алып, үйлеріне жеткізіп беру қызметін ұйымдастыруды ұсынамыз. Көп кісіге ауызашар бергісі келетін адам мейрамханаларға тапсырыс беріп, туған-туыстары мен достарының мекен-жайын айтса, мейрамханалар тапсырыс бойынша ауыз бекіткен кісілерге жеткізіп беру арқылы ауызашар беруіне болады.
- Пітір садақасы – оразаның қате-кемшіліктерін толтыратын, Құдайға шүкіршілік ету үшін берілетін және кедейлерді қуантатын садақа. Ханафи мәзһабы бойынша Рамазан айында мұсылман адамның өзі және отбасы үшін пітір садақа беруі – уәжіп. Оны қажеттілігін қоспағанда мал-мүлкі, дүниесі күміс нисабына (595 гр) жеткен адам беруі керек. Бүгінде күміс нисабы шамамен 200 мың теңге деп бекітілді.
Тұрмысы нашар, яғни артық мал-мүлкі нисаб мөлшеріне жетпеген кісі пітір садақа беруге міндетті емес. Әйелі және үлкен балаларының жағдайлары жетіп тұрса, олар пітір садақаны өздері үшін береді. Ал олар үшін де пітір садақа берген адам, әлбетте сауаптан құр қалмайды. Қайтыс болған адамдарға, ана құрсағындағы балаға пітір садақа берілмейді.
Биылғы Рамазан айындағы бір адам үшін берілетін пітір садақа мөлшері 2 келі ұнның нарықтық орташа бағасымен есептеліп, 420 теңге етіп белгіленді. Пітір садақа Рамазан айы кіргеннен бастап, Ораза айт намазына дейін беріледі. Уақытында бере алмаған жағдайда кейін берсе де болады, бірақ оның сауабы азаяды.
Ақтөбе облысының тұрғындары өткен жылдағыдай «Kaspi Bank» және «Халық банк» қосымшалары арқылы өз пітір садақаларын облыстағы мешіттердің кез келгенін таңдап аудара алады.
- Екпе егу. Аузы берік адамның екпе салдыруына қатысты ҚМДБ мәлімдемесі жарық көрді. Мәлімдемеде былай делінген: «Екпе (вакцина) – бактерия, вирус секілді микроорганизмдерден алынып, адам организміне жұқпалы аурулардан алдын ала сақтану және олардың иммундық қасиетін арттыру үшін егілетін препарат. Ол қажетті азық немесе организмге қуат беретін дәрумен емес. Сондықтан адам денесіне (тері астына, бұлшық етке, жамбасқа, көк тамырға) инемен екпе егу оразаны бұзбайды», – делінген. Аузы берік адам екпе алғаннан соң өзін жайсыз сезініп, дәрігерлер оған дәрі қолдануға кеңес берсе, онда оразасын бұзып, ем қабылдайды. Сол күндердің қазасын айттан кейін өтейді.
Рамазан айындағы мешіт қызметі
Рамазан айында Ақтөбе мешіттері ашық болады. Құран оқыту, неке қию және бес уақыт намаз оқу сынды діни рәсімдер санитарлық талаптарды сақтай отырып орындалады. Жұма және тарауих намаздары оқылмайды. Пандемияға байланысты Рамазан айындағы насихат жұмыстары онлайн түрде жүргізіледі. Аптаның әр күні сағат 18:00-де «Нұр Ғасыр» мешітінің «nur_gasyr» инстаграм парақшасында онлайн дәрістер өтеді. Дәріс кезінде оразаға қатысты мәселелер, көркем мінез, тақуалық таныту, мешіттердің пандемия кезіндегі қызметі т.б. тақырыптар қозғалады. Сондай-ақ, осы парақшада күнделікті сағат 12:00-де қарилар онлайн құран хатым түсірмек. Бұдан өзге оразаға қатысты сауалдарына жауап іздегендерге «Рамазан 2021» мобильді қосымшасын ұсынып отырмыз. Ол бағдарламаны Play market арқылы смартфонына жүктеп алып, сенімді діни ақпарат көзінен мағлұмат ала алады. Сонымен қатар Ақтөбе өкілдігі «Оразаға қатысты 150 сұрақ» және «150 вопросов о посте» атты кітапшаларды 11 000 тиражбен басып шықты. Бұл кітапшалар Рамазан айында халыққа тегін таратылатын болады.
Сақтық шараларына бағыну ортақ талап
Адам кейде өзін есігі жоқ үйде жүргендей сезінеді. Шыққысы келеді, бірақ, шығайын десе есікті таба алмайды. Біздің қазіргі карантин кезіндегі жағдайымыз да дәл сондай. Мысалы, сыртқа шыққысы келген көбелек терезенің аппақ әйнегін көрмей, терезеге қайта-қайта соғылып құлайды. Сыртқа шығамын деген талпыныспен ол қанша соғылып құласа да осы әрекетін қайталаудан танбайды. Терезенің жоғарғы жағындағы бір бөлігін жартылай ашып қойсаңыз, көбелек бәрібір сол тұрған жерінде терезе әйнегіне соғылып тұра береді. Егер сол көбелек кішкене артқа қарай ұшып, терезеге толықтай қарайтын болса, ол ашық тұрған терезенің бөлігін көретін еді. Бірақ, сырттағы әдемі табиғатқа тезірек шығуды қалаған көбелек артқа қарай ұшпай, терезе әйнегіне соғылып тұра береді.
Біз де карантин жағдайынан шыққымыз келеді. Қалыпты өмірге тезірек оралғымыз келеді. Алайда, қарапайым сақтық шараларына мән бермей келеміз. Мысалы, мешіттерде елдің денсаулығын сақтау үшін індеттің таралуын болдырмау үшін парыз болған жұма намазын және сүннет болған тарауих намазын тоқтатуға мәжбүр болудамыз.
Алайда, халық той-томалақ пен садақа-астарды өткізуді тоқтатпай отыр. Сіз, той-жиындар мен садақа-астарды өткізу арқылы қоғамның қалыпты өмірге оралуына шектеу жасап жатқаныңызды жақсы біліңіз. Сіз, көпшіліктің қатысуымен іс-шараларды өткізу арқылы мұсылман жамағатын Алланың парыз еткен намаздарын өтеуіне тоқтау салып жатқаныңызды жақсы біліңіз. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Мұсылмандар бір-біріне бауырмалдықта, мейірімділікте, қарым-қатынаста бір бүтін дене іспеттес. Егер оның бір ағзасы ауырса, қалғаны ұйқысыз және ыстығы көтерілуінде онымен бірге болады», – деген. Демек, мұсылман жамағаты карантин режимін сақтап, індет таралмас үшін ұлы ғибадаттарды орындай алмай жатқанда басқалардың той тойлап, көпшіліктің қатысуымен өтетін шараларды өткізіп жатқаны қалай болмақ? Бір сәт ойланып, мәселеге осы қырынан қарап көріңізші.
Қателікті қайталамау – мүміннің ісі
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) басқа бір хадисінде: «Мүмін адам бір іннен екі рет шақтырмайды», – делінген. Яғни, бұл хадис – мұсылман баласы бір қателікті екінші рет қайталамайды дегенді меңзеп тұр. Өткен жылы індет өршігенде көптеген жақындарымыздан және ірі тұлғаларымыздан айырылып қалдық. Әрине, оның басты себептерінің бірі – санитарлық талаптарға бей-жай қарау. Сол себепті, биыл да осындай жағдайларды туындатпас үшін барынша сақтық шараларын қолға алайық.
Құрметті Ақтөбелік ағайын! Ізгі амалдардың сауабы еселенетін Рамазан айында Алла Тағала баршамызды жақсылық пен ізгілікке бастағай. Санитарлық талаптарды сақтай отырып, Рамазан айының берекеті мен шарапатына бөленуді нәсіп етсін. Оразаны соңына дейін ұстап шығу үшін денімізге саулық бергей. Ықыласпен ұстаған оразаларыңыз бен берген пітір садақаларыңыз қабыл болсын!
Төлеби Оспан
Ақтөбе облысының Бас имамы