Ас беру кезінде ысырапшылықтан аулақ болу 550

Ас беру кезінде ысырапшылықтан аулақ болу

22 ақпан 2021 577 Оқу 1 минут

Бақилық болған марқұм кісіге сауабы барсын деген мақсатта берілетін ас – ел аузында «құдайы ас» деп те аталады. «Құдайы ас» атауының өзі айтып тұрғандай Алла Тағаланың разылығына қол жеткізу үшін қайтыс болған марқұмға арнайы берілетін ас. Мұндай ас қайтыс болған кісі Алланың рақымы мен жарылқауына бөлену үшін атқарылады. Ас беру кезінде шариғат шеңберінен шығып, ысырыпқа жолып беріп, қазалы отбасын қарыз батудың алдын алу мақсатында жуырда Муфтият Республикалық имамдар форумында «Ас беру мәдениеті» атты құжатты қабылдады. Аталмыш құжат төмендегі тақырыптарды қамтиды:

Шынайы ниет ету,

Құдайы асқа жиналу,

Құран оқу, бата беру және дұға жасау,

Ысырапқа жол бермеу,

Құдайы аста уағыз-насихат айту,

Марқұмды еске алу және қаралы отбасын жұбату,

Құдайы аста қарапайымдылықты сақтау.

Біз бүгінгі мақалада «ас беру кезінде ысырапшылықтан аулақ болу» мәселесіне қозғамақпыз. Әуелі құдайы ас берудің дініміздегі үкіміне тоқталсақ. «Қайтыс болған кісінің атынан ас беру – Ислам шариғатында міндетті түрде атқарылуы тиіс парыз амалдарының қатарына кірмейді. Демек, жасалмаған жағдайда ешбір адам күнә арқаламайды. Бірақ жалпы алғанда жұртқа ас таратудың сауапты іс екенін Құран аяттарынан және хадистерден байқаймыз. Дінімізде «міндетті түрде қарызданып немесе өзіңе қажетті қаржыңды жұмсап, қайтыс болған кісі атынан ірі қара мал сойып, садақа бер» деген үкім жоқ. Садақалар, құдайы астар берілген жағдайда ысырапқа жол берілместен атқарылуы тиіс», – делінген [«Жаназа және жерлеу рәсімдері» – Астана, 2017. – 148 бет].

Кез келген халықтың өмір сүру салтына қатысты үрдіске айналған өзіндік әдет-ғұрпы, дәстүрі бар екендігі баршаға мәлім. Қазақ халқының сан ғасырлардан бері жалғасып келе жатқан ұлттық дәстүрлері, соның ішінде діни-танымдық ғұрыптары кеңінен қалыптасқан. Ел арасында пайда болып отырған, дін мен дәстүрге сәйкес келмейтін шындығынан жорамалы басым, пайдасынан зияны көп кейбір әдеттер кез келген мұсылманды алаңдатпай қоймасы анық.

Ас беру кезінде ысырап жайында сөз болғанда, әуелі материалдық шығындағы ысырап ақылға келеді. Дүние салған кісінің жетісі, қырық күндігі, жыл толуына байланысты және тағы басқа шараларда дастархан жайылғанда дінімізде нақты талап етілмеген, салт-дәстүрімізге сай келмейтін, ақырет үшін пайдасыз кейбір әдеттер қоғамда тарала бастады. Мысалы, жақын адамынан айырылып отырған қаралы шаңырақ «көпшілікке ас беру – перзенттік борышымыз» деп дастархан жайып, шектен тыс шығын шығарып, барын салып дастархан жаюда. Ал шын мәнінде дінімізде: «Жеңілдетіңдер, ауырлатпаңдар, сүйіншілеңдер, қорқытпаңдар!» деген. Ауқатты отбасылар асқа ірі қара сойып, құрбан шалып жатқанда, жағдайы төмен және орташа отбасылардың одан қалысқысы келмейтіні түсінікті. Онымен ғана шектелмей әсіресе жаз мезгілінде, күннің аптап ыстығына қарамастан дастарханға шектен тыс ас мәзірін қойып жатады. Тіпті негізгі ас келген кезде қоярға орын табылмайды. Ал, негізгі ас келгенде орын болмаған соң амал жоқ әлгі артық заттарды дастархан үстінен алып тастайды. Осыдан келе жұрттан қарыз алып, қауғаланып «парызымды орындаймын» деп дүниеден өткен жандарға ас беріп, шығындалып жүргендер де жоқ емес. Демек ас беріп, дастархан жайғымыз келсе астамшылық жасамай, діни басқарманың бекіткен ас мәзірін негізге алып, соның аясында өткізсек нұр үстіне нұр. Себебі «Жан қайғысы болған үйде мал қайғысы болмасын» деген қанатты сөз бар. Сонымен қоса қасиетті Құранда: «...Ішіңдер, жеңдер, алайда ысырапқа жол бермеңдер. Өйткені Алла Тағала ысырап етушілерді сүймейді» делінген («Ағраф» сүресі, 31-аят).

Дінімізде дүние салған жақындарымызға тек ғана ас беру арқылы артынан сауап барады деген түсінік жоқ. Себебі Алла елшісі: «Дүние салған ата-ана артынан жасалынатын төрт амалдың сауабы барады: Ата-анаға дұға жасау, ата-анаға Алладан истиғфар (кешірім) тілеу, ата-ананың қалдырған өсиетін орындау, ата-ананың араласқан жора жолдастарына жақсылық жасау», (Әбу Дәуд хадис жинағы) тағы бір хадисте: «Кісі дүние салған соң, ахиретте дәрежесі жоғары болады. Өзіне берілген дәрежеге таң қалып: «Мына дәреже маған не үшін беріліп жатыр?» деп сұрайды екен. Ол кісіге сонда былай жауап беріледі: «Сенің артта қалған балаң сен үшін истиғфар тілеп жатыр». (Ибн Мәжә хадис жинағы) Хадистерден көріп отырғанымыздай дүние салған жандарға тек ас беру арқылы сауабы тимейді. Олардың артынан жасалған дұға-тілектер, истиғфарлар, олар үшін жасалған жақсылықтардың да сауабы барады екен.

2017 жылы Ақтөбе облысының Бас имамы Төлеби Оспанның бастамасымен жергілікті ақсақалдардың қолдауымен Ақтөбе облысына арналған ортақ садақа мәзірі бекітілген болатын. Барша Ақтөбе тұрғындарын ас-садақа өткізу кезінде осы садақа мәзірін сақтауға шақырамыз. Бұл қаралы үйге салмақ түсірмей, ысырапқа жол бермей, Жаратқанның ризашылығына бөленуге жол ашады.

 

Талғат Сейдалиев

Ақтөбе қалалық орталық

мешітінің найб имамы