ҚИЫНДЫҚТАН ҚОРҒАЙТЫН ҚҰЛШЫЛЫҚ 1725

ҚИЫНДЫҚТАН ҚОРҒАЙТЫН ҚҰЛШЫЛЫҚ

17 мамыр 2022 103 Оқу 1 минут

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүние салғанда кеше ғана ру-ру, ауыл-ауыл болып мұсылмандықты қабылдағандар діннен шыға бастады. Біреулері біржола кетсе, кейбір ауылдар «Зекетті пайғамбарға бердік. Ол бақилық болды, енді ешкімге бермейміз» деп малының ақысын беруден бас тартты.

Сындарлы шақта сахабалар «мұсылман болып қалғаны дұрыс, зекетін бермесе бермесін» дегендей ой айтты. Өйткені сол шақта мұсылман қоғамына үлкен қауіп төніп тұрған. Алайда Әбу Бәкір Сыддық (оған Алла разы болсын): «Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) беріп жүрген малының бас жігін маған бермейтін болса, олармен соғысамын. Зекет – малдың ақысы. Намаз бен зекеттің арасын бөлген әрбір адаммен соғысамын», – деп намаз бен зекет егіз құлшылық екенін ұғындырған еді.

Зекет – асыл дініміздің үшінші негізі. Құранның көптеген аяттарында намаз бен зекет қатар жүреді. Зекет «тазару, көбею» деген мағынаны білдіреді. Шынында зекеттің кісінің мал-дүниесін тазартып, оның еселеп көбеюіне зор септігі бар. Алла Тағала Құранда Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Олардың дүние-мүлкінен зекет, садақа ал да, сол арқылы оларды тазартып, күнәларынан арылт әрі сауабы мен ықыласының артуына дәнекер бол...» («Тәубе» сүресі, 103-аят) дейді.

Зекеттің сырын ашатын отызға жуық аят бар. Алла Тағала зекетті адамдардың мүддесі мен игілігі үшін парыз еткен. Зекет – қоғамдағы әлеуметтік және экономикалық мәселені шешудің тетігінің бірі. Әрі бұл –барлық үмбеттерге ортақ парыз. Құран Кәрімде: «...Сөйтіп, оларға қайырлы да игі істер істеуді, намазды кемеліне жеткізіп оқуды және зекет беруді уахи еттік...» («Әнбия» сүресі, 73-аят) деген аят соны білдіреді.

Зекеттің әлеуметтік мәселемен қатар қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ететін қасиеті бар. Дәулеттілер және кедейлердің арасын жақындату арқылы ұрлық, тонау және басқа да қылмыстардың алдын алады. Бұған қоса қоғамның моралдық келбеті мен адами құндылықтардың дәріптелуіне үлкен септігі бар. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қиын-қыстау кезде бауырына қол ұшын созған адамға Алла Тағала жәрдем береді. Алла мұсылманның уайымын бөліскен адамның қияметтегі қиындығын жеңілдетеді...» деп қоғамда қайырымдылық пен бір-біріне көмек берудің қаншалықты маңызды екенін айтқан.

Абдулла Омарұлы (оған Алла разы болсын): «Алла елшісімен бірге мешітте он кісі болып отырған едік. Ансарлық бір жігіт: «Уа, Алланың елшісі! Мұсылманның қайсысы абзал?» деп сұрады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мінез-құлқы жақсысы» деді. «Ең ақылдысы кім?» дегенде: «Өлімді көп ойлап, соған дұрыс қамын жасайтыны» деп жауап берді. Сосын Пайғамбарымыз: (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, мұхажирлер! Бес қасірет бар. Сол күнді сендер көрмесе екен деп Алладан тілеймін. (Біріншісі) Ел арасында арсыздық пен азғындық ашық белең алса, онда олар бұрын-соңды көрмеген түрлі ауру мен обаға душар болады. (Екіншісі) Сауда-саттықта таразыдан алдайтын болса, азық-түлік жетіспеушілігіне тап болады, (үшінші) мал-мүліктің зекетін бермейтін болса, жаңбыр жаумай қуаңшылық жайлайды...» деген еді. Демек, зекетке салық деп қарау – қателік. Бұл иләһи заңның бір тетігі. Ол бұзылса, зардабын зекет беруден бас тартқан адам емес, жаппай қоғам тартады. Сондықтан бұл парызды дұрыс насихаттау міндетіміз.

Айша анамыз (оған Алла разы болсын): «Пайғамбар әрдайым: «Уа, Алла! Тозақтан, тозақтың азабынан пана тілеймін. Байлықтың бүлігінен және кедейліктің бүлігінен Сенен пана тілеймін» деп дұға етуші еді», – дейді. Кедейліктен көз ашпаған адам Құдайын ұмыта бастайды. Байларға да іштей наразылығы туындап, іштарлық отына өртенеді. Кейде тиын-тебен үшін ар-намысын қор етуге де баруы ықтимал. Міне, осылайша кедейлік пен жоқтық күпірлік болмаса да соған жетелейді.

Демек зекет – дінімізің тірегі. Бұл ғибадаттың ғибратты тұстары өте көп. Жаппай қоғамды түзейтін факторымен қатар жеке адамның да бойындағы сараңдық, дүниеқұмарлық сияқты иманға залалы бар жат мінезді түзейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мал-дүниеңнің зекетін өтегенің – бойыңнан мал-дүниенің зиян тұсын алып тастағаның» деген. Зекетті бай-дәулетті адамның кедейге беретін ақысы деп түсіну керек. Міне, Ислам экономикасының басқа қаржы жүйелерінен ерекшелігі ешбір әлеуметтік жүйеде кездеспейтін жеңілдігінде және адами құндылықтарды сақтауында. Хадистегі «Мал-дүниелеріңді зекетпен қорғаңдар, науқастарыңды садақамен емдеңдер және қиыншылық толқынын дұға және мінәжатпен қарсы алыңдар» деген ереже осының бір көрінісі болмақ.

 

Төлеби ОСПАН,

Алматы қаласының бас имамы

«Мұнара» газеті, №8, 2022 жыл