Хадис сахих болса, ол менің мазһабым...
Мазһаб пайғамбар (с.ғ.с.) кезінде болмаған. Сүннет тұрғанда, «мазһаб деген бидғатқа жол жоқ» деп жүрген бір бауырымыз: «Бұдан былай мен мазһабпен жүремін», - деп шешім қабылдады. «Дұрыс, адасқанның айыбы жоқ, қайта айналып үйірін тапса. Жөн болған екен. Иә, не себеп болды? Айта отыр», - дедік.
Сөйтсек, «Мұжтаһид ғұламалардың: «Хадис сахих болса, ол менің мазһабым» деген сөзі бар» дегенді бір уағызда естіп қалыпты. Оған да керегі осы болып тұр ғой. Бұхари мен Муслим кітабының орысша аудармасын қолтықтап алып, мазһабпен жүруді көрсетейін деп кірісіпті. «Ал, бұл жүріске немен жауап бересің?», - дегендей, шахматтағы мықты қадамын жасаған адамша қарап тұр. «Иә, бұл ғұламалардың айтқан сөзі. Сөзің рас», - деп әңгіме бастадым.
Мазһаб жүйесін мойындамайтын адамдар ғұламалардың «Хадис сахих болса, ол менің мазһабым» деген сөздерін ұран етіп алған. Осылайша ұрандатып жүргендер «мазһабтың айтып тұрған пәтуалары Бұхари мен Муслим кітаптарындағы хадиске сай келмесе, оған құлақ аспаймын», - деп кесіп айтады.
Әсілі, бұл сөзді төрт мазһаб негізін салушы мұжтаһид ғұламалардың барлығы айтқан. Ибн Абидин: «Бұл сөз мәтіндерге (Құран мен хадисті) жетік және ондағы үкімі анық және мансұқ етілген аят-хадистерге байланысты ілімін меңгерген ғалымға қаратыла айтылғандығында ешбір күмән жоқ», - дейді. Мәселе осында. Бұл қағида ғұламаларға қатысты. Ғұлама болғанда да, мұжтаһид санатындағы ғалымдарға.
Алайда, кім және қандай жағдайда осы қағидаға жүгінуі керек? Міне, бұл басқа әңгіме. Мысалы, бір мәселе төңірегінде сахих хадис тапсаң, оны «менің мазһабым» деп біл деген сөз бе? Әлде, сахих хадис тауып, «оның мазмұнына менің берген пәтуам теріс келсе, хадисті басшылыққа ал» деген сөз бе?
Демек, бұл арада екі мәселе туындауда. Біріншісі, жоғарыдағы сөз әрбір мұсылманға бағытталып айтылған ба, әлде ғалымдарға қатысты ма? Әркімге қаратыла айтылмағаны айдан анық. Шариғат – иләһи заң. Шариғатпен ойнау отпен ойнағаннан да қауіпті. Екінші мәселе, мысалы мазһаб үкіміне мүлдем теріс мағынадағы сахих хадис табылды дейік. Мазһаб үкімі мен сахих хадистің ара-жігін ажыратып, себеп-салдарын анықтау оңай шаруа ма?
Мұжтаһид ғалымдар фиқһ мектебін қалыптастыру кезеңінде хадиске аса жауапкершілікпен қарағаны мәлім. Олардың пәтуалары хадиске теріс келу ықтималы жоққа саяды. Десе де, кейбір хадистер белгілі бір себеппен назарынан тыс қалуы ықтимал. Сондықтан жоғарыдағы сөз ғылым жолындағы серіктері мен ғұламаларға қате анықталған жағдайда оны түзету үшін қолданатын ереже боп табылады. Демек, бұл сөз белгілі дәрежеде ғылыми деңгейі бар тұлғаларға қаратыла айтылған. Әрі ол талаптар толықтай табылуы қажет.
Атап айтқанда:
- Мазһабта мұжтаһид деңгейіне жеткен ғалым болуы;
- Табылған сахих хадис мазһаб ғалымының білмеуі мүмкін деген ойдың нақты болуы. Яғни, мұндай тұжырымға келу үшін мазһаб ғалымының еңбектерін және оның шәкірттерінің кітаптарын толықтай зерттеген соң ғана мәлім болады;
- Хадисті дәлел ретінде қолдану барысында мазһабтың дәлел пайдалану жүйесіне толықтай сай келуі. Мәселен, мурсал хадисті шафиғи, басқа мазһабтар сияқты емес, белгілі шарттармен ғана қолданады;
- Хадисті қолдануға ешбір кедергінің болмауы. Өйткені, белгілі бір кедергі туындағандықтан, мазһаб имамы ол хадисті қолдана алмаған болуы ықтимал.
Түйіндей айтқанда, «Хадис сахих болса, ол менің мазһабым» сөзі жоғарыдағы талаптар табылған ғалымға ғана тиесілі. Қарапайым қатардағы мұсылманның мазһаб пәтуаларын талқылауы, жұмсартып айтқанда, дұрыс болмайды. Бұл қағида мазһабтың Құран және сүннет жолына негізделгенін анық көрсетеді.
Руслан ҚАМБАРОВ,
«Nurgasyr.kz» сайтының
діни сарапшысы