ҚАЖЫЛЫҚ ҒИБАДАТЫ ЖАСАЛАТЫН КҮНДЕР
Қажылық – Ислам дініндегі бес парыздың бірі. Исламдағы негізгі құлшылықтардың әрбірінің орындалатын өз уақыты бар.
Алла Тағала Құран Кәрімде былай деген:
«Алланың үйін зиярат етуге шамасы келетін әрбір адам үшін қажылыққа бару – оның мойнындағы Алланың ақысы. Ал егер кімде-кім күпірлік қылып, қажылықты жоққа шығарса, біліп қойыңдар, Алла ешкімге мұқтаж емес, керісінше бүкіл ғалам Оған мұқтаж (1).
Мәселен, бес уақыт намазымыз күннің әртүрлі бөлігінде орындалса, қасиетті ораза жылына бір мәрте тек Рамазан айында ғана ұсталады. Ал, зекетті жылына бір рет белгілі бір уақытта беріп отырамыз. Сол секілді, қажылық ғибадатының да орындалатын өзіндік уақыты бар. Алла Тағала Құран Кәрімде:
«Қажылық белгілі айларда өтелетін құлшылық (2) деген.
Шәууал, Зилқағда және Зилхижжа айының алғашқы он күні. Біздің қажылар қажылық іс-шараларын зұлхижжаның 8-13 күндері аралығында, яғни осы алты күн ішінде орындалады. Алла Тағала өзі белігілеген күндері қажылық амалдарын орындау керек.
Осы жерде үлкен қажылық пен кіші қажылықтың (умра) аражігін ажыратып алу маңызды. Біз «үлкен» және «кіші» деп ат қойып жүрген қажылық ғибадатының шариғаттағы атаулары – парыз қажылық және умра. Умра – сүннет амал және оны парыз қажылық уақытынан тыс кез келген мезгілде жасауға болады. Үлкен қажылықты адам баласы өмірінде бір рет жасаса жетеді, ал кіші қажылықты яғни умраны, өмірінде қанша рет істеймін десе де рұқсат.
Қажылық – шамасы жеткен мұсылман баласына парыз амал. Қажылық парызы мойнымыздан түсу үшін оның белгілі бір уақыттарда орындалуы керек. Себебі қажылықтың рүкіндері (ішкі парыздары) жылдың белгілі бір күндерінде, белгілі орындар да ғана атқарылады.
Қажылықтың парыздары - үшеу:
– «Ихрам» – Мекке Мухаррамға кіргеннен кейін, миқат деп айтылатын жерде қажылық ету ниетімен «Ихрам» кию;
– «Уқуф» – арафа күні бесін намазынан кейін «Арафат» тауына бару;
– «Тауаф» – құрбан айттың бірінші күні немесе келесі күндерінде Қағбаны тиісті тәртіппен 7 рет айналу.
Қажылық уәжіптері
Қажылықтың уәжібі бесеу:
- Құрбан айт күнінде таң намазынан кейін «Муздалифада» болу;
- «Сафа» мен «Маруа» таулары арасында жүру, 7 мәрте «сағи» ету;
- Айт күндері тас лақтыратын орынға барып, шайтанға тас лақтыру;
- Үйге қайту ниетімен Меккеден шығар алдында тағы да Қағбатулланы тауап ету;
- Құрбан айт күндерінде парыз тауапты орындағаннан кейін, шашын алдыру немесе қысқарту.
Қажылықтын бұдан басқа амалдары көп. Олардың кейбірң – сүннет, кейбірі – мұстахаб.
Ал енді нақты қажылықты жасайтын күндерге тоқталатын болсақ олар төмендегідей ретте болады:
Бірінші күн
Бұл күн зұлхижжа айының 8 жұлдызына сәйкес келеді. Барлық қажылар тәруия күні таң намазын Меккеде оқиды. Бұл күні тәмәттуғ қажылығын жасаушы қажылыққа қайтадан ихрам киеді. Ихрам кимей тұрып умраға ихрам киген кездегі амалдарды орындайды, ғұсыл алады, иіссу себінеді. «Аллаһумма ләббәйкә хажжан» деп ниет етіп ихрам хәліне кіреді. Ихрамға кіргеннен кейін тәлбия айтуды бастайды. Содан кейін қажылар түске дейін Минаға жол жүреді. Минаға келгеннен кейін төрт рәкат намазды екі рәкат етіп қысқартып, әр намазды өз уақытында оқиды. Өйткені Тәруия күні бесін, намаздыгер, ақшам, құптан және арафа күнінің таң намазын Минада оқу – сүннет.
Екінші күн – Арафа күні
Бұл Зилхижжа айының 9 жұлдызына сәйкес келетін күн. Қажылар арафа күні таң намазын Минада оқып, күн шыққаннан кейін асықпай, тәлбия айтып, Аллаға мадақ, Пайғамбарымызға (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) салауат айтып, Құран оқып, ақырындап Арафат тауына қарай бет алады. Жолда Аллаға көп мадақ, зікір айту абзал. Түске дейін Арафатқа бару – сүннет. Ал Арафатта тұру – қажылықтың негізгі парызы, онсыз қажылық қабыл болмайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) «Қажылық – Арафат» деген (3). Арафа күні – күндердің ең абзалы. Бұл күні барлық қажылар Арафатта жиналып, күн батқанға дейін Алладан кешірім, мейірім, рақым және басқа да қалағандарын шын жүректен сұрап, тілейді. Аллаға сансыз мадақтар, Елшісі Мұхаммедке (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) салауаттар айтылады. Айша (Алла одан разы болсын) анамыз жеткізген хадисте Алла Елшісі (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) «Алла тозақ отынан дәл Арафа күніндегідей көп адамды басқа күндері құтқармайды» деген (4).
Арафатта түске дейін шатырларда ғибадат жасап, түстен кейін мүмкіндігіне қарай ғұсыл немесе дәрет алады. Содан кейін шамасы, мүмкіндігі бар адамға бесін намазының уақыты кірген кезде Намира мешітіне бару – сүннет.
Зұлхижжа айының тоғызында қажылар күн батқаннан кейін ақшам намазын оқымастан Мұздалифаға қарай бет алады. Ақшам және құптан намаздарын құптан уақыты кірген соң Мұздалифада бірге қосып оқиды. Осы екі намаздың оқылу тәртібі төмендегідей: алдымен азан шақырылып, қамат түсіріліп, ақшам намазы толық үш рәкат оқылады. Одан кейін азан шақырмастан бірден қамат түсіріліп, төрт рәкат құптан намазы екі рәкат етіліп, қысқартылып оқылады. Қажылардың осы түні Мұздалифада түнеуі – сүннет (өзге мәзһабтарда уәжіп). Шайтанға тас лақтыру үшін Мұздалифадан 49 немесе 70 ұсақ тас жинаған абзал. Әрине, басқа жерден жинауға да болады.
Үшінші күн – Құрбан айттың бірінші күні
Бұл күн Зұлхижжа айының 10 жұлдызына сәйкес келеді. Сүннет бойынша қажылар Мұздалифада түнеп, таң намазын осы жерде оқиды. Бұл зулхижжа айының оны – айт күнінің таң намазы. Таң намазынан соң айнала жарық болғанға дейін құбылаға қарап дұға жасайды. Артынша күн шықпастан Минаға бет алады.
Алғашқы тас лақтырылғанда тәлбия айту тоқтатылады. Үлкен шайтанға жеті тас лақтырғаннан кейін тәматтуғ қажылығын орындаушылар уәжіп құрбандарын шалады немесе басқа біреуді өкіл жасап шалдырады. Құрбандық шалған соң, шаштарын алғызып немесе қысқартып ихрамнан шығады. Ихрамда харам етілген нәрселердің бәрі қайтадан халал етіледі. Тек қана әйелдерімен барғандар зиярат тауабын жасағанға дейін жыныстық қатынас жасай алмайды.
Минада істелетін амалдардың реті
- Тас лақтыру. Әрбір тасты жеке-жеке лақтыру қажет. Егер бірнеше тасты бірден лақтырса, бір тас лақтырған болып есептеледі. Әр тасты «Аллаһу әкбар!» деп лақтырған абзал.
- Құрбандық шалуға міндетті кісі құрбандық шалады. Өзі шалған құрбандықтан дәм татып, қалғандарын кедейлерге таратып беруі керек. Қазіргі кезде бұл міндетті Ислам банктері атқарады. Қажылық жасаушы тек чек сатып алады. Сондай-ақ ол құрбандықты өзі бауыздап шалуына да болады.
- Ер кісілер шаш алдырады немесе қысқартады. Шаш алдыру қысқартқанға қарағанда абзал. Әйелдер шаштарын бір елідей қысқартады. Ханафи мәзһабында айтылған амалдарды тәртіп бойынша орындау уәжіп. Қажылар тас лақтырып болғаннан кейін Аллаға былайша мадақ айтып, айт күндерін өткізеді:
«Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, Лә иләһә иллаллаһу, Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, уа лилләһил-хамд» деген зікір сөздерімен бастайды.
Мағынасы: «Алла Ұлы! Алла Ұлы! Алла Ұлы! Алладан басқа Құдай жоқ! Алла Ұлы! Алла Ұлы және мақтау Аллаға тән».
Зиярат тауапы
Қажылықтың парыздарының бірі – зиярат тауабы. Онсыз қажылық дұрыс саналмайды. Минада айт күні тас лақтырып болғаннан кейін ихрамнан шыққан қажылар Меккеге барып зиярат тауабын жасайды. Зиярат тауабы басқа тауаптар сияқты Қағбаны жеті рет айналудан тұрады. Бұл тауап былай жасалады: Жақсылап дәрет алып, бар ықыласпен Мәсжидул-Харамға қарай зікір айтып, баяу жүріспен барады. Ер кісілер тауапты бастамай тұрып ридаларын (дененің үстіңгі жағына оралатын ихрам атасы) оң қолтықтарының астынан өткізіп, сол иықтарының үстінен тарта орайды. Риданы бұлай орауды «Изтиба» дейді. Әйелдер изтиба істемейді. Тауапқа байланысты осы әзірліктерді істегеннен кейін зиярат тауабына ниет етіп, Рукнул-Йәмани жағынан қара тастың қарсы алдына барады. Мүмкіндік болса, тәкбір және таһлил айтып, қара тасты сүйеді. Ал егер мүмкіндік болмаса, қолымен ишарат етіп, сәлемдеседі. Қара тастың орналасқан бұрышында тауаптың басталатын жерін білдіретін қоңыр сызық бар. Міне, осы сызықтың тұсынан тауап басталады. Егер тауап бұл сызықтың яғни, қара тастың дәл қарсы алдынан емес кішкене алдыңғы жағынан басталған жағдайда айналым толық болмай қалады. Қағбаны сол жағына алып, оң жағымен тауапты бастайды. Әр айналымның басында қара тасқа сәлем береді. Барлық айналымдарда Рукнул-Йәмәни мен Рукнул-Хажарул-Әсуәдтің арасында мына дұға оқылады:
«Раббәна әәтина фид-дуниәә хасанатан уа фил-әәхирати хасәна, уа қина азабән-нар. Уа адхилнал-жәнната маал-абрар, Иа Азизу иа Ғаффар. Иа раббал-ааламин».
Мағынасы: «Раббымыз, бұл дүниеде де, ақиретте де тек жақсылығыңды беріп, бізді от азабынан сақта! Бізді жақсы, игі құлдарыңмен бірге жәннатқа кіргіз. Уа, Азиз! Уа, аса кешірімді Ғаффар! Уа, бүкіл әлемнің Раббысы!»
Алғашқы үш айналымда ер кісілер адымдарын жиі-жиі алып иықтарын сілкіген бойда, жылдам-жылдам жүреді. Бұлай істеу «рәмәл» делінеді. Рәмәл істеу – сүннет, істелінбеген жағдайда тауаптың дұрыстығына зиян келтірмейді. Тауап аяқталғаннан кейін мүмкіндігінше, Ибраһим мақамында, болмаса мешіттің кез келген жерінде екі рәкат намаз оқып, дұға жасалады. Сосын зәмзәм суын ішеді. Зиярат тауабын жасаған соң Минаға қайта қайтып, шайтанға тас лақтыру күндерінің түндерін сол жерде өткізу Ханафи мәзһабында – сүннет. Минада үш түн түнеген абзал, екі түн түнеуге де болады.
Осыдан кейін Меккеден қайтқанға дейін қалағанынша умра жасауына болады. Ол үшін қала шетіндегі Айша анамыздың (Алла одан разы болсын) атымен аталатын мешітке барып ихрамға кіріп, умраға ниеттенуі қажет. Сосын, Қағбаны тауап етіп, Сафа-Мәруа арасында сағи (7 мәрте жүріп өту) жасап, шашын алдырып ихрамнан шығады. Осылайша, қанша мәрте умра жасаймын десе де өз еркінде.
Алла Тағала үлкен қажылық, умраны қабыл етсін!
Жолдас Қоспақұлы,
Павлодар облысының бас имамы
(1) Әли Имран сүресі, 97-аят.
(2) Бақара сүресі 197-аят.
(3) Әбу Дәуіт, Термези
(4) Мүсілім