Кешірімді болу – кемшілік емес 1164

Кешірімді болу – кемшілік емес

13 қаңтар 2022 1157 Оқу 1 минут

Кешірімділік – адам бойындағы ең ізгі қасиет. Әр адамға құрметпен, ізгілік тұрғыдан қарау – шынайы мұсылмандықтың белгісі. 

Кісінің оқыс істері мен зиянды іс-әрекетттері анықталғанда, оған адами тұрғыдан кеңшілік жасап, залалды істерінің мән-жайын түсіндіру, кеңшілік көрсету – кешірімділік болып саналады.

Кешірім сұрау – әрбір адамның өзі жіберген қатесін ой-санасымен сезініп мойындауы һәм оның мінезіндегі ерлігі мен батылдығын көрсетеді.

Сонымен қатар біз қоғамда кешірімді болу арқылы азаматтардың болашағына сенім артып, оның саналы түрде тәлім-тәрбие алуына қамқорлық көрсетудің көрінісін айғақтап береміз.

Ислам – қоғамдағы тыныштық пен ынтымақты сақтау үшін мейірімді және кешірімді болуға үндейді.

Қасиетті Құран Кәрімде «кешірім» сөзі 234 мәрте кездеседі. Демек, кешірімділікке ерекше аса мән берілген деген сөз. Қасиетті Құранның «Әли-Имран» сүресінде:

اَلْكَاظِمِينَ الْغَيْظَ وَالْعَافِينَ عَنِ النَّاسِ وَاللَّهُ يُحِبُّ الْمُحْسِنِينَ

«Сондай–ақ олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла Тағала жақсылық істеушілерді сүйеді»[1] – деп, кешірімді адамдарға Ұлы Жаратушының ерекше мейірімі бар екендігін жеткізеді.

Одан өзге «Кешірім жасау – кеңдік, кешіре алмау – кемдік» деп бабаларымыз да өсиет қалдырған.

Ғұлама ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлы:

«Біреудің мінін кешірсең,

Құдай да сені кешеді.

Бірін де қылмай есірсең,

Төбеңді әлі-ақ теседі.

Көңілі жұмсақ адамның,

Күрмеуін тағдыр шешеді.

Пейілі жаман адамның,

Орыны дайын деседі»

– деп адам өміріндегі кешірімділік туралы тереңірек жырлағанын аңғарамыз. Өлең жолдарындағы басты түйін – кешірген адамның ғұмыры мәнді болады делінген.

Бабаларымыз «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деп айтқан сөзінде үлкен ғибрат бар. Исламда да өзгелердің қатесін кешіре білу – адамгершіліктің ең бір жоғарғы үлгісі ретінде айтылады. Құранда Алла Тағала «Кешірім жолын ұста, дұрыстыққа бұйыр, білместіктен аулақ бол»[2] деп «Ағраф» сүресінде бізге өсиет етсе, аяттың жалғасында «Кешір, жақсылыққа шақыр және надандардан бет бұр!»[3] – деп әмір еткен.

Дұшпанын да кешіре білген Алла елшісі (с.ғ.с.) өз сөзінде:

«Кешіріңдер, Алла Тағала да сендерді кешірсін және дәрежелеріңді арттырсын!», «Алла разылығы үшін кешірген адамның дәрежесін Алла Өзі көтереді»[4] делінген. Сөздің парқына бойласақ, кешірімшіл пенденің әркез дәрежесі көтеріледі деген сөз.

Дана халқымыз әрқашанда сабырлық танытып, кешірімді болуға үндейді.

Күнделікті күйбең тіршілікте көп нәрсені байқамай, қадірін білмей, бағаламай да жатамыз. Өмірде өз ойлағанымыздай болмай қателесіп жатсақ, кінәліні іздей бастаймыз. Өзгелерге кінә қойып, өкпе-реніш танытып, мінезімізді көрсетеміз. Бұл өмірде қателеспейтін адам болмайды, сондықтан кешіре де білу керек. Өзгелерді кешірген кезде, бойымыз жеңілдеп, сол адамға жақсылық жасағандай болатынымызды естен шығармағанымыз абзал.

«Кешіре білу» екі ғана сөзден тұратын, атқаруға оңай болып көрінгенімен, адам нәпсіне өте ауыр келеді. Себебі, нәпсіміз жүрегімізге, ренжіген адамымызға деген жеккөрініш, ыза мен кек салады. Осы кезде біз Алланың разылығын ойлап, Оның кешіріміне үміт ету, өзгенің қателігін кешіре білу – ұлы іс.

Табиғин Хасан әл-Басри (Алла оны рақымына алсын): «Мүминнің мінезінің ең абзалы – кешірімділік», - деп айтқан. Яғни өкпелеу, ренжу, көңіліне алу – әр адамның қолынан келеді, бірақ кешіру – жүрегіне иман ұялаған адамға тән қасиет.

Қандай тілде болса да ең керемет, ең әдемі сөз – «Мен сені кешірдім». Жүректің жылулығы да осы сөзбен үндес.

Құран Кәрімде Алла Тағала Пайғамбарымызға:

فَاصْفَحِ الصَّفْحَ الْجَمِيلَ إِنَّ رَبَّكَ هُوَ الْخَلَّاقُ الْعَلِيمُ

«Ендеше сен (ел-жұрттың қатесін, қиянатын) көркем түрде кешір. Шынында Раббың – жаратушы, бәрін білуші»[5] , – деп айтқан.

Көркем түрде кешіру – адамды қандай жағдайда да қателігін кешіріп, оның айыбын жасыру, тәкәппарлық танытпау, ол адам туралы артық сөз айтпау, жек көрмеу деген сөз.

Кешірімді болу – әрдайым қателік жасап, қандай жағдайда да мені кешіре салады деген сөз емес.

Біз өзгені қалай кешіруімізге болады?

Біріншіден – кешіру деген нені білдіретінін ұмытпауымыз керек. Кешіру деген – біреудің бұрыс әрекетіне көз жұма салуды, ешнәрсе болмағандай жүре беруді білдірмейді. Кешірген адам ашу-ызасынан арылып, реніш сақтамайды.

Екіншіден, кешірімді болудың сіздің өміріңіздегі пайдасы туралы көбірек ойланыңыз. Ашу-ызадан арылсаңыз, жан тыныштығына ие болып, денсаулығыңызды жақсартасыз және әлдеқайда бақытты боласыз. Ең маңыздысы — сіз басқаларды кешіру арқылы Алла Тағала алдында мәртебеңіз өседі.

Үшіншіден, болған жағдайды саралап, түсінікпен қараңыз.

Төртіншіден, парасатты болыңыз.

Бесіншіден, кешіруді кешіктірмеңіз.

Қорыта айтқанда, ең алдымен біреуді кешіру – өзімізге жасалған жақсылық екенін түсінгеніміз керек. Ең бастысы – айналаңа жақсы ниетпен қарап, жақсы көрсең ғана олардың қателігін кешіре де аласыз деген сөз.

Кешіре білу – жүректің кеңдігінің белгісі деп ұғынуымыз керек.


Серікжан қажы Еншібайұлы 

Ақтөбе облысының Бас имамы


[1] Әл-Имран сүресі, 134 аят.

[2] Ағраф сүресі, 199 аят.

[3] Ағраф сүресі, 199 аят.

[4] Муслим

[5] Хижр сүресі, 85-86 аят.