Шынайы тәубе
1. Тәубе дегеніміз не? Қандай іске тәубе қажет?
Тәубе сөзі «кері қайту, оралу» деген мағыналарын білдіреді, яғни, дінде айыпталған, күнә болып саналатын жаман істерден бас тартып, жақсылыққа оралу деген сөз. Ислам ғалымдары түрлі анықтамалар берген. Мысалы, «Тәубе – қайту деген сөз, яғни, қандай да бір кісінің өзінің алдыңғы жағдайынан кері қайтуы. Егер күпірлікте болса, иманға қайтуы. Жаманшылықта болса, жақсылыққа қайтуы. Надандықта болса, білімге қайтуы. Ақымақтықта болса, ақылға келуі», - десе, әулие кісілердің бірі «Тәубе дегеніміз – күнәні қалай істеген болса, солай тәрк ету, оны қалай жақсы көрген болса, солай жек көру», - деген екен.
Адам баласы пенде болғаннан кейін оның қателік жасауы қалыпты нәрсе. Бұл біздің табиғатымызда бар құбылыс. Тіпті, ең бірінші адам – Адам атаның өзі қателікпен Алла Тағала жеуге тыйым салған жемісті жеп қойып, жұмақтан шығарылды. Алайда, Адам ата істеген қателігі үшін дереу тәубе етіп, Алладан кешірім тілей білді. Сонда Алла Тағала ол кісінің тәубесін қабыл етіп, екінші рет жұмаққа кіру мүмкіндігін сыйлады. Сол себепті де, Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Бүкіл адам баласы қателесуші. Ал, қателесушілердің ең жақсы, қайырлысы – тәубе етушілер», - деген (Тирмизи, Ибн Мәжә хадис жинақтары).
Үлкен болсын, кіші болсын барлық күнә үшін тәубе ету қажет және тәубені кешіктіруге болмайды. Сондай-ақ, білместікпен жасаған күнәлары болу ықтималдығы себепті әрдайым тәубе етіп, Алладан кешірім тілеген жөн болады. Тәубе ету – Алланың әмірі, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көрсеткен жолы. Алла Тағала бір аятта «Уа, иман келтіргендер! Аллаға шынайы түрде тәубе етіңдер!», - деп бұйырса (Тахрим сүресі, 8 аят), басқа бір аятта «Уа, мүміндер! (Күнәларың үшін өкініш білдіріп) бәрің бірауыздан Аллаға тәубе етіңдер! Сонда ғана азаптан құтылып, мақсаттарыңа жетесіңдер!», - деген (Нұр сүресі, 31 аят).
Алла елшісі (с.ғ.с.) «Уа, адамдар! Аллаға тәубе етіңдер! Мен күніне жүз мәрте тәубе етемін», - деген (Муслим риуаяты). Тағы бір хадисінде «Аллаға ант етемін! Мен күн сайын Алладан жетпістен астам кешірім тілеп, тәубе етемін», - деп келеді (Бұхари риуаяты).
2. Тәубенің шарттары
Ғалымдарымыз күнәнің шарттарын былайша жіктейді: Егер, күнә адам мен Алланың арасында ғана болып, оған ешбір адамның ақысы араласпаған болса, тәубенің үш шарты бар. Бірінші – күнәні тоқтату. Екінші – күнә істегеніне шын жүрегімен өкіну. Үшінші – ол күнәға ешқашан қайтып оралмауға бел байлау. Бұл шарттардың бірі жоқ болса, тәубе жарамсыз болады. Ал егер, күнә адамның ақысына байланысты болса, яғни, бір адамның құқығына қол сұқса, арына нұқсан келтірсе немесе біреудің ақысын жеген жағдайда төртінші шарт қосылады. Бұл шарт бойынша, дүние-мүлкін иеленіп қойған болса қайтарып беруі қажет, арлы-намысты әйелге жала жапқан болса, ол үшін шариғат бекіткен лайықты жазасын алады немесе ол кісінің кешірімін алады. Егер, біреуді сыртынан ғайбаттап-өсектеген болса, оның да кешірімін алу керек болады. Негізінде, барлық күнә үшін тәубе ету міндет. Дегенмен, кейбірі үшін ғана тәубе етсе, ол тәубесі дұрыс болады. Бірақ, басқалары үшін тәубе ету міндеттілігі мойнынан түспейді. (Нузһәтул муттақин шарху Риядис салихин, 2 том, 30 бет).
Қорыта айтар болсақ, күнә дегеніміз – Алланың бұйырған амалдарын тәрк ету, тыйым салған істерін жасау. Ал, бұлардан тәубе ету – сол Алла Тағала парыз еткен амалдарды істеу, тыйым салған нәрселерді тәрк ету арқылы жүзеге асады. Мысалы, бес уақыт намаз оқымаған адам Алланың әмірін орындамағаны үшін күнәһар болып саналады. Ал, күнәсінен арылып тәубе етуі үшін бес уақыт намазды оқуы қажет болады. Сондай-ақ, біреуді ғайбаттап-өсектеген кісі Алла Тағала Құранда тыйым салған істі жасағаны үшін күнәһар болады. Бұл ісі үшін тәубе еткісі келсе, алдымен осы ғайбатты тәрк етуі керек, сосын осы ісі үшін өкінуі қажет және енді қайтып ешкімді ғайбаттамауға бекінуі міндетті. Сондай-ақ, бұл адамның ақысына қатысты мәселе болғандықтан, әлгі ғайбаттаған адамының да кешірімін алуы қажет.
3. Тәубенің маңыздылығы мен пайдасы
Жоғарыда да айтқанымыздай, тәубе – Алланың әмірі, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көрсеткен үлгісі, күнәнің кешірілуі үшін қажетті шарт. Сондай-ақ, шынайы тәубе ету арқылы адам көптеген жақсылыққа қол жеткізе алады.
Бұлардың ең бастысы – Алла Тағаланың разылығы. Әбу Хурайра (р.а.) Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) мынадай хадис жеткізген: Алла елшісі (с.ғ.с.) сахабаларынан: Сендердің бірің көлігін жоғалтып алып, кейін қайтадан тауып алса, қуана ма? - деп сұрайды.
Сахабалар: Иә! Уа, Алланың елшісі! - деп жауап қатады.
Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): Мұхаммедтің жаны құдіретінде болған Аллаға ант етейін! Алла Тағала құлының тәубесіне сендердің бірің жоғалтқан түйесін тапқанда қуанғанынан әлдеқайда қатты қуанады, - дейді. (Ахмед ибн Ханбал, Имам Муслим риуаят ектен).
Көп тәубе етуші пенде Алланың сүйген құлы болады. Себебі, Алла Тағала Құран Кәрімде «Алла тәубе етуші тәубешіл пенделерін және (күнә атты рухани кірлерден) тазаланушыларды жақсы көреді», - деген (Бақара сүресі, 222 аят).
Тәубе етуші кісі Алланың кешіріміне ие болады. Алла Тағала Құранда бірқатар аяттарда осылай айтқан. Бір аятта «Кімде-кім істеген зұлымдығынан кейін тәубеге келіп, жағдайды түзетсе, Алла оның тәубесін қабыл етеді. Алла – өте кешірімді, аса мейірімді», - деп келеді (Мәидә сүресі, 39 аят).
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Кімге төрт нәрсе нәсіп болса, оған тағы да төрт нәрсе беріледі. Мұның ашықтамасы Алла Тағаланың кітабында тұр. Кімге Алланы зікір ету (еске алу) нәсіп болса, Алла да оны еске алады. Себебі, Алла Тағала «Мені зікір етіңдер (еске алыңдар)! Мен де сендерді еске алайын», - дейді (Бақара сүресі, 152 аят). Кімге дұға ету нәсіп болса, оның дұғасына жауап та беріледі. Өйткені, Алла Тағала «Маған дұға қылыңдар! Мен сендерге жауап берейін», - дейді (Ғафир сүресі, 60 аят). Кімге шүкір ету нәсіп болса, оның несібесі арттырылады. Бұл жайында Алла Тағала «Шүкір ететін болсаңдар, арттыра түсемін», - деген (Ибраһим сүресі, 7 аят). Кімге истиғфар, яғни, күнәсі үшін Алладан кешірім тілеу нәсіп болса, оған кешірім де беріледі. Алла Тағала «Раббыларыңнан кешірім тілеңдер! Расында, Ол – өте кешірімді», - деген (Нұх сүресі, 10 аят)».
Жұмаққа кіруге себеп болады. Алла Тағала «Уа, иман келтіргендер! Шынайы түрде тәубе етіп, Аллаға бет бұрыңдар. Міне, сонда Раббыларың күнә-қателіктеріңді өшіріп, түбінен өзендер ағатын жаннат бақшаларына кіргізер. Ол күні Алла пайғамбарды және жанындағы мүміндерді жерге қаратпайды», - дейді (Тахрим сүресі, 8 аят).
Осы дүниедегі молшылық пен берекетке себеп болады. Құранда Худ пайғамбардың (ғ.с.) қауымына насихаты «Уа, қауымым! Істеген күнәларың үшін Раббыларыңнан кешірім тілеп, Оған шын пейілдеріңмен тәубе етіңдер! Сонда Ол сендер үшін көктен құтты да берекелі мол жаңбыр жаудырады. Күштеріңе күш қосып, қажыр-қайраттарыңды арттыра түседі», - деп келеді (Худ сүресі, 52 аят). Сондай-ақ, Нұх пайғамбар да (ғ.с.) қауымына «Раббыларыңнан күнәларың үшін кешірім тілеңдер, өйткені, Ол – өте кешірімді. Сонда Ол сендерге мол жаңбыр жауғызады. Сендерге дүние-мүлік пен бала-шағаны молынан береді және сендер үшін бау-бақша өсіріп, өзендер ағызады», - деп насихат айтқан (Нұх сүресі, 10-12 аяттар).
Тәубе етпестен өтіп кеткен адамның ақыреттегі жағдайы қауіпті болады.
Күпірліктен тәубе етпей өліп кеткен адамның мәңгілік мекені тозақ болмақ. Ол жайында Құран Кәрімде «Кәпір болып, сол кәпір күйінше өмірден өтіп кеткендер Алланың, періштелердің және күллі адамдардың лағынетіне ұшырайды. Олар тозақта мәңгілік қалады. Олардың азабы жеңілдетілмейді және оларға екінші мұрсат берілмейді», - делінген (Бақара сүресі, 161-162 аяттар).
Ал, істеген күнәсіне тәубе етпестен дүние салған мұсылман кісіні ақыретте Алла Тағала қаласа кешіріп жіберуі мүмкін, қаласа күнәсінің мөлшерінше тозақта азаптап, соңында жұмаққа кіргізуі мүмкін. Бұл жайында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Жүрегінде шаңның тозаңындай иманы бар адам түбінде тозақтан шығады», - деген хадисі бар (Бұхари риуаяты). Демек, мұсылмандардың ішінде де тозаққа кіретіні болады деген сөз. Ал, мұның тәубе етпеген күнәлар себепті болатындығы белгілі.
4. Тәубе еткен соң қайта күнә жасап қойса, не болады?
«Адам баласы бір істеген күнәсіне тәубе еткен соң қайтадан әлгі күнәға бет қойса, екінші мәрте тәубе етуге мүмкіндігі бар ма? Қайтадан тәубе етсе, оның күнәсі кешіріле ме?» - деген сұрақ туындауы мүмкін.
Бұл сұрақтың жауабын Алла елшісі (с.ғ.с.) бірнеше хадистерінде беріп кеткен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде «Пенде бір күнә істеп қойып, сосын «Уа, Алла! Мен күнә істеп қойдым. Менің күнәмді кешір», - десе, Алла Тағала «Пендем күнәні кешіретін және күнә үшін жазаға тартатын Раббысы бар екенін білді ме? Мен оны кешірдім», - дейді. Сосын пенде тағы күнә жасап қойып, артынан кешірім тілесе, Алла Тағала «Пендем күнәні кешіретін және күнә үшін жазаға тартатын Раббысы бар екенін білді ме? Мен оны кешірдім», - дейді. Сосын әлгі адам Алланың қалағанынша уақыт өмір өткізгеннен кейін тағы күнә істеп қойып, «Уа, Раббым! Мен күнә істеп қойдым. Менің күнәмді кешір», - десе, Алла Тағала «Пендем күнәні кешіретін және күнә үшін жазаға тартатын Раббысы бар екенін білді ме? Мен оны үш мәрте кешірдім. Құлым не істесе де, шынайы тәубе етсе, күнәсін кешіремін», - дейді», - деп келеді (Бұхари, Муслим риуаяты).
Осы және басқа да аяттар мен хадистерден Алла Тағаланың тәубе есігінің ашық екенін, адам қанша күнә істесе де, шын жүрегімен тәубе етсе, тәубесі қабыл болатындығын, күнәсі кешірілетіндігін көреміз. Дегенмен, мұның да белгілі бір шектеулері бар. Ол жайында төменде келеді:
5. Тәубенің қабыл болатын уақыты
Адам баласының істеген күнәсі үшін жасаған тәубесі ажалы келгенге дейін немесе қиямет орнағанға дейін қабыл етіледі. Ал, бұдан кешіксе тәубе қабылданбайды. Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Алла Тағала пенденің жан алқымға келгенге дейінгі тәубесін қабыл етеді», - деген (Тирмизи риуаяты).
Сондай-ақ, Алла Тағала Құран Кәрімде «Күнәларды істеп жүріп, ажалы жетіп жан алқымына келгенде «Мен енді тәубеме келдім» дейтіндердің және кәпір күйінде өлгендердің тәубесі қабыл етілмейді. Біз оларға жан төзгісіз азап дайындадық», - деген (Ниса сүресі, 18 аят).
Сол себепті, ғалымдарымыз тәубені кешіктірудің дұрыс болмайтындығын айтқан. Әулие кісілердің бірі «Кімде-кімнің «Бір жылдан кейін тәубеге келемін», - деген ойы болса, демек «Уа, Раббым! Мен саған өлімімнен соң бір жыл бойы асылық қылып, күнә жасауға ниет еттім», - деп тұрғандай болады. Өйткені, бұл сәтте оның өмірінің бір сағаты ғана қалған болуы әбден мүмкін», - деген екен.
Ендеше, адамның ажалы қашан келетіндігі белгісіз болғандықтан, күнә іске ұрынып қалған жағдайда дереу тәубе етіп, артынша мұны жуып-шаятын бір ізгілік істеген жөн болады. Өйткені, Алла елшісі (с.ғ.с.) «Қайда болсаң да Аллаға қарсы келуден сақтан. Бір жамандық істеп қойсаң, дереу оны жуып-шаятын жақсылық жаса және адамдарға көркем мінез-құлықпен мәміле жаса», - деген өсиет айтқан болатын (Тирмизи риуаяты).
Белгілі әулие кісі Шақиқ Әл-Бәлхи «Адамдардың құрдымға кетуі – екі нәрсеге байланысты. Бірі – «Тәубе етуге әлі мүмкіндігім болады», - деген үмітпен күнә жасау. Екіншісі – «Өмірім ұзақ болады», - деген үмітпен тәубені ертеңге қалдыра беру», - деген екен.
Алла Тағала баршамызды күнәдан сақтасын, пендешілікпен күнә істеп қойсақ, дереу тәубеге келуді нәсіп етсін. Шынайы тәубе ететін, сосын сол тәубесінде аяғы нық болатын пенделерінің қатарынан етсін деп тілейміз.
Ақтөбе облысы,
Ырғыз ауданының Бас имамы
Ардақ Жұмабекұлы