ҚАЖЫЛЫҚТА ҚАБЫЛ БОЛҒАН ДҰҒА
Адам танымастай өзгерді...
Қажылық сапарында көптеген ғибратты оқиғаларға куә боласың. Қаншама тағдырлар тоғысқан мекенде мұсылмандар шынайы ниетпен дұға жасайды. Бізге бір қажылық компаниясының жетекшісі дұғасы қабыл болған кісінің ғибратты оқиғасы жайлы баяндап берді.
«Алланың қалауымен қасиетті Қағбаға қарап айтылған тілектердің бәрі қабыл. Кезінде Ибраһим пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) Қағбаның соңғы тасын қалап болған соң: «Уа, Раббым Алла! Осы жерді қасиетті мекен ете гөр! Бұл жерге барлық мұсылманның көңілін аудара гөр! Осы жердің адамдарын ризықтандыр және соңғы пайғамбарды осы жерден шығара гөр», – деп дұға жасаған. Осы тілектердің барлығы қабыл болған. Әр қажылық сапарына барған сайын қажыларымыздың өз ауыздарынан шыққан тілектерінің қабыл болғанын айтып, Аллаға шүкір етіп жатады. Қайбір жылы спиртті ішімдікке әуестігі бар бір адамды да Меккеге апарғанбыз. Оның мұндай жаман әдеті барын Алматы халықаралық әуежайынан ұшқалы тұрған сәтте білдік. Тастап кетуге де болар еді. Бірақ Құдайдан қорықтым.
«Осы пендені де Алла шақырып тұр ғой» деп ойладым. Сөйтсек, бір жомарт кісі демеушілік жасап, әлгі адамды қажылыққа жіберіпті. Бірақ сол кісі қажылықта жүрген кезде адам танымастай өзгеріп, маңдайын сәждеге тигізіп, бес уақыт намазын үзбейтін тура жол тапқан пенделер қатарына қосылып, елге басқа адам болып келді. Қажылық сапары оның өмірін түбегейлі өзгертті. Туысқандары аң-таң.
Алла сұрағанын берді...
Қажылықта тағы да мынадай қызық оқиға болды. Бізбен бірге әскери салада үлкен шені бар бір азамат барды. Сол кісі маған: «Жол жүрерде әлемге танымал үлкен бір ғалыммен сөйлестім. Ол кісі: «Мәдинаға барған кезде Ұхұд тауында Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қаны тамған үңгір бар, сол үңгірде тілек айтуды ұмытпа, ол жердегі барлық тілек орындалады», – деді. Барған соң осы үңгірді көрсетсең», – деді. Мен қатты таңғалып: «Шын мәнінде ондай үңгір бар. Бірақ оны көпшілік біле бермейді. Құдай қаласа, Мәдина қаласына барғанда көрсетемін», – деп уәде бердім. Мәдина қаласына барғанда Алланың қалауымен 3-4 қажы болып, сол үңгірді зиярат еттік. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Ұхұд соғысында қатты жарақат алып, 3-4 сағат сол үңгірде жатып, есін жиған. Алланың құдіреті, әлі күнге дейін сол үңгірден Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мүбәрак денесінің иісі шығады. Бір ғалым: «Сол үңгірді зиярат ет, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) иісі шығады», – деп айтқан еді. Расында солай екен. Мұны алғаш барған кезде сездім. Жұпар иісті сезгенде көз жасыма ие бола алмай қалған едім. Одан кейін араға бірер жыл салып, қайта барғанымызда да сол жұпар иісті сезіп, Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көп салауат айттық.
Қажылық өтеп келген соң бір айдан кейін әлгі қажы ағамыз телефон соғып: «Аллаға шүкір, келінім ұл тапты, тілегім орындалды, саған үлкен рақмет, алғысым шексіз», – деді. Кейін анықтасам, ол кісінің бір баласынан үш қыз немересі бар екен. Келінінің аяғы ауыр кезде неше мәрте УЗИ-ге барып түссе де «қыз бала» депті. Қажылыққа кетерінде келіні мен баласы аманат етіп: «Ұл болсын деп дұға жасаңызшы», – деген екен. Алла тілекті қабыл етуші ғой. Тілегі қабыл болып, өмірге ұл келіп, немересінің есімін Әбдіразақ деп қойды». Қажылық компаниясының жетекшісі әңгімесін осылай аяқтады.
Тақуа жанның тапқырлығы
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына айтқан бір өсиетінде былай деген: «Расында Раббыларың Хай (Тірі), Карим (Жомарт), пендесі қол жайса, құр алақан қайтаруға ұялады». Ғалымдарымыздың айтуынша, дұға жасаған пенде ықыласқа, күмәнді істерден аулақ болуға, барлық істі Аллаға тапсыруға ден қою қажет. Сонымен қатар мүмкіндігінше қасиетті уақыттар мен қасиетті жерлерде Жаратқанға жалбарынған абзал.
Осы ретте кітаптан оқыған мына оқиға еске түсіп кетті. Бір ауылда дұғасы үнемі қабыл болатын тақуа адам өмір сүріпті. Адамдар оған әрдайым қызыға қарайды екен. Бір күні Құдайдан тілеген дұғалары қабыл болмайтын бір топ адам келіп: «Алла үнемі сіздің сұрағаныңызды береді. Бізге мұндай нығмет нәсіп болмай жатыр. Мұның сыры неде?» – деп сұрайды. Сонда тақуа жан сұраққа сұрақпен жауап беріп: «Сіздерден мүлде танымайтын бөгде адам қарыз сұраса не істер едіңіздер? Бересіздер ме, әлде бермейсіздер ме?» – дейді. Олар: «Жерде жатқан ақшамыз жоқ. Әрине танымайтын адамға ақша бермес едік», – дейді. Дұғасы үнемі қабыл болатын адам: «Түсінікті. Егер мен сіздерден қарызға ақша сұрасам ше? Берер ме едіңіздер?» – дегенде әлгілер жамырап:
«Әрине сізге береміз ғой. Сіз сенімді адамсыз. Сөзіңізде тұрасыз, ешкімді алдамайсыз, қарызды уақытында қайтарасыз. Адамдарға әрқашан көмектесуге асығып тұрасыз», – дейді. Осы жауапты күткен тақуа жан: «Міне, көрдіңіздер ме? Алла Тағала да дәл солай. Өзін жақсы танитын, өзіне берік сенетін, әрдайым Оны еске алатын, құлдық міндетін қолынан келгенше дұрыс атқаратын, адамдарға үнемі жақсылық жасайтын пенделерінің дұғасын қабыл етеді», – деп керемет мысалмен жауап қатқан екен.
Ағабек Қонарбайұлының «Ой салар оқиғалар» кітабынан