Жақсының қолындағы дүние 56

Жақсының қолындағы дүние

31 тамыз 2020 227 Оқу 1 минут

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөздері қысқа да нұсқа келеді. Екі ауыз сөзбен терең мағыналы ой жеткізеді. Өйткені, оның айтқан сөздері бәрін сыйдыратын, тегіс қамти алатын мағынаға ие еді. Әрбір сөзі өмірлік қағида болатын. Сондай сөздерінің бірі келесі хадис. Имам Ахмед және Бұхари еңбектерінде келтірілген. Сахаба Амр бин Ас (р.а.) риуаят етеді. Алла елшісі (с.ғ.с.) маған кісі жіберіпті. Киініп, қаруын асынып тез жетсін депті. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқандай жетіп бардым. Дәрет алып отыр екен. Маған асықпай бас-аяғымды шолып қарап шықты да: Уа, Амр! Сені бір жасақпен олжалы боп келетін жерге аттандырмақпын. Сені ол жерде жақсы мал-дүние күтіп тұрғанын айтқым келеді», - деді. Мен: «Мал-дүниеге қызыққандығымнан мұсылман болғаным жоқ. Мен Исламға қызыққандығымнан, Алла елшісінің (с.ғ.с.) жанында болуды қалағандығымнан мұсылман болдым», - дедім. Сонда пайғамбар (с.ғ.с.): «Уа, Амр! Жақсы (адал) мал-дүние жақсы адамның қолында болғанға не жетсін!», - деген екен.

Ақша қолдың кірі. Қу дүние деп жатамыз. Алайда, бұл хадисте дүние адал болса һәм ол жақсы адамның қолында болса оған жетер нәрсе жоқтығы айтылуда. Ал, дүниенің жақсылығы, оның зекетін берумен, адал кәсіппен, маңдай термен табумен болмақ. Бұған қоса, әртүрлі қайырымдылық пен ізгілік жолында садақа етілсе, ондай дүние иесінің сауапқа, Алла разылығына бөленуге себеп. Бұхари хадис кітабында, Әбу Сағидтен риуаят бар. Онда: «Мына, мал-дүние – тәтті. Кімде-кім лайықты түрде иеленсе, дұрыс жолмен жұмсаса, дүние неткен тамаша жәрдемші болмақ», - деп айтылған. Жәрдемші дегені дүние мұсылманның туыстық қарым-қатынасын жасауға, мұқтажға қол ұшын беруге және басқа да қаражат арқылы жүзеге асатын істерді атқаруға көмегі тиеді.

Осы хадистің жалғасында: «Ал, кімде-кім оны дұрыс емес жолмен иемденсе, ол ішіп-жесе де тоймайтын адам сияқты болады», - деген. Ұрлық, парақорлық, алаяқтық сияқты түрлі арам жолмен мол дүние жиғанымен, одан ешбір пайдасын көре алмайды. Мұндай қаражат, аяқ асты пайда болған ауруын емдеуге, бұзыла беретін көлігі мен үйіне жұмсаумен кетеді. Бұл ертеңгі күні сұрауы бар, ал бүгін ешбір пайдасы жоқ дүние болмақ. Тек қана көзді алдайтын, нақты ешбір пайдасы жоқ мол қаражат. Осы хадис дүниеқұмарлық пен тақуалық ортасындағы мал табу, дүние жинаудағы пайғамбарлық әдіс, қағида боп табылады. Ірі кәсіпкер болған сахабалар көп. Әбу Бәкір, Омар, Осман, Абдурахман бин Ауф және бірқатар сахабалар өте бай болған. Абдурахман бин Ауф (р.а.): «Дүние деген неткен тамаша, мен бұл дүниемен ақыретімді сатып аламын», - деп Құдайдың берген қаражатын жақсылыққа жұмсаудан артық сауап жоқтығын меңзеген. Ғалымдар: «Жиған-терген дүниең қайтыс болған соң артыңда қалып қоймай, ақыретте қарсы алдыңнан күтіп алсын, ертеңгі күні пайдасын тигізсін десең қайырымдылық жаса», - дейді.

Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Ешкімнің дүниесі маған Әбу Бәкірдің мал-дүниесіндей пайдасы тимеді», - деген екен. Мұны естіген Әбу Бәкір (р.а.): «Уа, расул Алла! Менің өзім де, дүнием де сіз үшін емес пе?», - деп көзіне жас алған екен. Демек, дүниені жақсы немесе жаман деп айтуға болмайды. Оған қандай көзқарас болса, қалай қол жеткізілгеніне және қалай жұмсалғанына байланысты екен.


Бақыт Тойшыбаев

Шалқар ауданының Бас имамы