#Иманижаз2025 : Ақтөбе облысы бойынша 1055 бала тәмамдады
ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінде ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазіреттің бастамасымен, облыстың Бас имамы Амантай Садиев бастаған имамдардың ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Имани жаз – 2025» жазғы сауат ашу курсын 1055 бала тәмамдады.
Аталған жазғы курс ҚМДБ Ақтөбе өкілдігіне қарасты облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінен бастау алып, қала, аудан, ауыл мешіттерінде жалғасын тапты.
Жазғы курс аясында балалар Құран әліппесін, намаз оқу тәртібін, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өмірбаянын және адамгершілік-ахлақ тақырыптарында арнайы сабақтар алды. Оқу үрдісі қызықты форматта ұйымдастырылып, тәрбиелік ойындар мен түрлі іс-шаралар арқылы балалардың танымын кеңейтуге бағытталды.
Сонымен қатар шәкірттердің таным көкжиегін байыту мақсатында табиғат аясында серуендер мен мұражай мен тарихи-танымдық жерлерге экскурсиялар ұйымдастырылды.
Ақтөбе облысы бойынша «Имани жаз» лагерінің 1 легіне 715 бала қабылданды. Оның ішінде 484-і ұл бала, 231-і қыз бала. Ал екінші легіне 340 бала қабылданды. Оның ішінде 200-і ұл бала, 140-ы қыз бала. Жалпы айтқанда Ақтөбе облысы бойынша 1055 бала «Имани жаз» лагерін аяқтап шықты. Балалар жазғы демалысын пайдалы өткізіп, діни әрі рухани білімге деген құлшынысын арттыра білді.
Жиын соңында барлық шәкіртке сыйлықтар таратылып, алғыс хаттар табысталды. Иман мен ізгілікке толы балалық күндердің осылайша есте қаларлық сәттермен түйінделуі – үлкен тәрбиенің көрінісі.
Одан өзге ата-аналар ұстаздарға мен жазғы сауат ашу курсын ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, ендігі жылы асыға келетінін айтты.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі