ӨЗІН ДЕ, ӨЗГЕНІ ДЕ БАҚЫТТЫ ЕТЕТІН ЖОЛ
Бұл дүниеде мұсылмандар жақсылық жасауға, отбасылық, туыстық қарым-қатынасты сақтауға және нығайтуға ұмтылуы керек. Ислам әрдайым адамдарды отбасында мейірімді, жақсы қарым-қатынаста болуға шақырады. Туыстық байланысты нығайту дегеніміз – туысқанға сөзбен де, іспен де жақсылық жасау, жамандықтан сақтау, олардың жағдайын біліп тұру. Бұл – Алла Тағаланың разылығы мен мейіріміне апаратын жол.
Әбу Айюб әл-Ансари риуаят еткен хадисте Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір адам келіп: «Мені жәннатқа апаратын амалдар туралы айтып беріңізші», – деп сұрады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаға құлшылық қылыңдар, Оған серік қоспаңдар, намаз оқыңдар, зекет беріңдер және туыстық байланыстарыңды нығайтыңдар», – деп жауап берді.
Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Әй, адам баласы! Сендерді бір кісіден (Адам атадан) жаратқан және одан оның жұбайын жаратып, ол екеуінен көптеген ер, әйелді таратқан Раббыларыңнан қорқыңдар. Сол арқылы өзара сұрасқан Алладан және туыстардан (безуден) сақтаныңдар. Шәксіз Алла сендерді бақылаушы», – («Ниса» сүресі, 1-аят) дейді.
Мұхаммед Әли әс-Сабунидің «Тәпсірлердің таңдаулысы» деген тәпсіріндегі осы аятқа жазылған түсіндірмеде барлық адам бір әке мен анадан жаралған, сондықтан бір әулеттің балаларындай өмір сүріп, құрметтеп, бір-біріне қолдау көрсетіп өмір сүру керекті гі айтылған. Бұл аяттан отбасылық қарым-қатынасты бұзу (әйелімен себепсіз ажырасу немесе талақ беру) әр адамның Алла Тағала алдында сұралатын ауыр іс екенін түсінеміз.
Алла Тағала бізді және өмірімізді үнемі бақылап тұрады. Мұсылман баласы Алла Тағаладан қорқып, рұқсат етілген мәселелерде шектен шықпайды, отбасы және туыстық қатынастың бұзылуына әкелетін әрекеттерге бармайды. Егер иман келтірген адамдар осының бәрін жақсы түсініп, жүзеге асырса, адамдар арасында соғыс пен қарулы қақтығыстарға апаратын дау-дамайлар болмас еді.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Нағыз туыстық байланысты сақтаушы – қарым-қатынасты үзген туыстарымен байланысын түзейтін адам», – деген. Бұл хадистен адамның туыстарына ренжіп, онымен қарым-қатынасын үзіп, туыстары отбасылық қарым-қатынасты сақтамағанына қарамастан, жақындарымен жақсы байланыста болу үшін әрқашан күш-қуат таба білу керектігін көреміз. Абдулла ибн Омардың (Алла оған разы болсын): «Кімде-кім Раббысынан қорқып, отбасылық қарым-қатынасты сақтаса, оның өмірі ұзарады, мал-мүлкі еселенеді және туыстарының сүйіспеншілігіне бөленеді» деген сөзінде үлкен мән жатыр.
Туған-туыстарын үнемі еске алуы үшін Алла Тағала Құран Кәрімде мүминдерге олармен үнемі байланыс жасап, қатынасты нығайтуды, олар үшін жақсылық жасауды бұйырған. Құранда: «Аллаға құлшылық қылыңдар және Оған серік қоспаңдар. Ата-анаға, туған-туысқа, жетім-жесірге, кедей-кепшікке, көрші-қолаңға, жолаушыларға жақсылық жасаңдар», – («Ниса» сүресі, 36-аят) делінген. Мұхаммед Әли әс-Сабунидің «Тәпсірлердің таңдаулысы» еңбегіндегі осы аятқа жазылған түсіндірмеде: «Бұл – адамдарға көмектесу, оларға жылы сөз айту және олармен достық қарым-қатынаста болу» деп түсіндірілген.
Туыстық байланысты нығайта түсу, тіпті қандай да бір себептермен қателік жасаған туысқандарға да қатысты моральдық парыз екенін білуіміз керек. Өйткені осындай ізгі амалдың нәтижесінде қателескен туыстары түзеліп, имандылыққа қадам басуы әбден мүмкін. Мұсылманға тіпті мұсылман емес туыстарына да, өзіне дөрекі және жағымсыз қарым-қатынаста болған туыстарына да мейірімділік пен сабырлық таныту бұйырылған.
Хәкім Абай Құнанбайұлы: «Кімде-кім өз отбасына, туған-туыстарына және өзі бірге тұратын адамдарға жақсы қарым-қатынаста болып, сүйіспеншілік таныта білсе, жер бетінде өзін де, өзгені де бақытты ете алады», – деген.
Қасым Аманжоловтың «Елін сүйер сеніңіз, Өз отбасын сүйе алған» деген өлең жолдары бар. Демек елімізді сүюіміз үшін, алдымен отбасымызды сүюіміз керек. Себебі отбасы – біздің қорғанымыз, тірегіміз. Адам үшін өз отбасы қашан да қымбат. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Сендердің ең жақсыларың – отбасына жақсылық жасағандарың», – деген (Термизи). Сондықтан жақсылық жасауды алдымен отбасымыздан бастауымыз керек. Мұсылман ақыретте Алла Тағаланың алдында жүзі жарық болуды қаласа, отбасымен жақсы қарым-қатынаста болуға тиіс. Отбасы – біздің қорғанымыз, тірегіміз. Адам үшін отбасы қашан да қымбат.
Ислам әрқашан отбасымызға жақсы қарауды, қаражатпен қамтамасыз етуді және оларға көмектесуді үйретеді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бір динар бар, оны Алла жолында жұмсайсың. Тағы бір динар бар, оны адамды құлдықтан азат ету үшін жұмсайсың. Ал, тағы бір динар бар, оны мұқтажға садақа етесің. Енді, бір динарды отбасыңа жұмсайсың. Міне, ең сауабы көбі де отбасыңа жұмсалған динар», – деген (Мүслим).
Әйеліңе деген жақсылық пен сыйластық – тақуалықтың белгісі. Әрбір мүмин әрқашан әйелімен жақсы қарым-қатынаста болуға тырысады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Мүмин ер мүмин әйелін жек көрмеуі керек. Өйткені әйелінің бір нәрсесін ұнатпайтын болса да, әлбетте басқа қасиеттерін ұнатады» (Мүслим).
Әлемге танымал ғалым әл-Бируни отбасылық өмірде өз қадір-қасиетін сақтай отырып, бір-бірін кешіре білу керектігін, сонда ғана толық бақыт пен тыныштыққа қол жеткізуге болатынын айтқан.
Мұсылманның өз әйеліне құрметпен қарауы Алла Тағала алдындағы парызы екенін жақсы білуі керек. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әйелмен қарым-қатынас жасауда Алладан қорқыңдар! Шындығында, Алла оларды сендерге аманат етті және оларды алар кездеріңде сендер Алланың атымен ант еттіңдер», – деген (Ахмад).
Отбасы – адамның ең басты құндылығы. Отбасымызға, әйелімізге жақсы қарым-қатынас жасау да – тақуалықтан. Адам отбасында сүйіспеншілік пен мейі- рімділікті сақтай білсе, бақытты болады. Отбасына жақсы қараған адам мейірімге бөленіп, Қиямет күні ең бақытты жандар қатарына енеді. Мұны әрқашан есте ұстауымыз керек.
Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисімен түйіндеп айтқанда: «Мүминдердің ішіндегі ең кемелі – көркем мінезді және отбасына мейірімді болғаны».
Алла Тағала әрбір отбасына бақыт пен береке нәсіп еткей. Әмин!
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти
«Иман» журналы, №2, 2023 жыл