Зекеттің орнын салық алмастыра ма? 5002

Зекеттің орнын салық алмастыра ма?

17 қараша 2025 63 Оқу 1 минут

Асыл дінімізде зекет – мұсылман қоғамындағы әлеуметтік теңдікті қамтамасыз ететін маңызды ғибадат. Зекет – мал-мүлікті тазартып, халық арасында айналымға түсіру арқылы бай мен кедейдің арасын жақындататын экономикалық әрі рухани мәні зор міндет.

«Зекет» сөзі «Тазару, тазарту» (نَماء — өсу, өркендеу) «көбею, береке табу»,« тамыр жайып, өсіп-өну» «Жақсылыққа жету» деген секілді бірнеше мағынаны қамтиды. Ал, шариғаттағы мағынасы – нисап мөлшеріне жеткен мал-мүліктен жыл сайын (кейбір мүліктерден басқасы) белгілі мөлшерін, Алла көрсеткен сегіз топқа беру арқылы парыз етілген құлшылық. Оның негізгі хикметі адам нәпсісін сараңдықтан тазартады, мүлікке береке қонады, қоғамды кедейліктен сақтайды, мұсылмандар арасындағы мейірім мен бауырмалдықты арттырады. Оған дәлел: «Олардың малдарынан садақа ал, онымен оларды тазартасың әрі берекеге жеткізесің» - деген “Тәубе” сүресінің 103-ші аяты.

Жоғарыда атап өткендей, зекеттің түпкі мақсаты — Алланың разылығын алу, өз мүлкін тазартып, мұқтаж адамдарды қолдау. Хадисте Пайғамбарымыз ﷺ:«Зекет – Исламның көпірі» (Табарани) — деп, оның қоғамдағы байланысты нығайтатын рөлін атап көрсеткен. Зекет тек экономикалық көмек емес, иманның шынайы көрінісі. Зекет берген адам нәпсісін сараңдықтан тазартады, мүлкінің шүкірін өтейді.

Зекет — қоғамда мейірімділік пен әділдікті нығайтады. Бай адам мүлкінің белгілі бір бөлігін беріп, кедейдің ризықтануына себепкер болады. Бұл — әлеуметтік тұрақтылықтың да негізі. Сондай-ақ, Жаратушының бұйрығын орындаған пенденің рухы байып, діні де кемел болады. Ол жайлы Қабан жырау бабамыз:

«Әй, мұсылман,жарандар!

Малыңнан зекет беріңіз.

Бірлігін Хақтың біліңіз,

Хақ жолымен жүріңіз,

Пәк болады дініңіз!»-деп кейінгі біздерге насихат етсе керек.

Ең алдымен зекетті беруші адам оның негізгі шарттары мен қоғамдағы қай топтағы жандарға берілетінін білуі қажет. Ол жайлы Пайғамбарымыз хадисінде ﷺ : «Кімде-кімнің малы нисабқа жетсе, одан зекет беруі тиіс» (Бұхари, Муслим)-деген. Яғни, зекет беруші:
1.Мұсылман болуы қажет.

2.Ақыл-есі дұрыс, балиғатқа жеткен болуы шарт.

3.Мүлкі нисаб мөлшерінен артуы.
4.Мүлікке толық иелік етуі тиіс.
5.Қарызынан тыс артық мүлік болуы керек.
6.Бір жыл айналып өтуі қажет (кейбір мүлік түрлерінен басқа). Ал, Зекет берілетін адамдар тобы Құранда былай атап өтіледі: «Зекеттер — пақырларға, міскіндерге, зекет жинаушыларға, көңілдері Исламға жылытуға, құлдарды азат етуге, қарыздарларға, Алла жолындағыларға және жолаушыларға беріледі...»
(Тәубе, 60-аят). Бұл тізімді өзгертуге болмайды — зекет тек осы санатқа берілуі шарт. Зекетке берілетін мүлік түрлеріне келер болсақ, олар:

  • Ақша, алтын, күміс;
  • Сауда тауарлары;
  • Мал (түйе, сиыр, қой-ешкі т.б.);
  • Жер өнімдері;
  • Тауар айналымынан түсетін табыс;
  • Қаржы активтері. Зекет мөлшері көбіне 2.5% (1/40).

Енді қоғамда көп қойылатын «Зекеттің орнын салық алмастыра ма?» деген сауалға келер болсақ, біріншіден, зекет — діни парыз. Ол жоғарыда атап өткендей белгілі адамдарға, нақты мақсаттарға ғана беріледі. Салық болса — мемлекеттік міндет, оның жұмсалу саласы кең. Сондықтан салық зекетті алмастыра алмайды. Алла елшісі ﷺ:
«Зекетін бермеген қауым міндетті түрде Алланың азабына ұшырайды»
(Табарани) деп түсіндірген. Демек, мұсылман қоғамында екеуі де орындалуы керек, себебі олардың міндеті мен қызметі бөлек.

Қорыта айтқанда, зекет пен салықтың екеуінің мақсаты мен үкімі бөлек. Салық – қоғамға, зекет – Аллаға арналған. Зекет – тікелей Алланың әмірі. Салық – заң талабын орындау. Салықта арнайы берілуі керек қоғамдық тізім көрсетілмейді. Мысалы: жол, әкімшілік, әскери шығындарға жұмсалуы мүмкін. Ал зекетте берілуі тиіс орындар Құранда нақты айтылған. Сондықтан зекетті өз жолына беру – парыз. Сол себепті салық зекеттің орнына жүрмейді.Яғни, екеуінің мақсаты мен үкімі бөлек. Осы мәселеге сай Осман мемлекеті дәуіріндегі Ханафи мазхабының ең соңғы үлкен фақиһтерінің бірі Ибн Абидин: «Салық – зекетті алмастырмайды. Зекет жеке құлшылық» деп түсіндірсе, Имам Науаи:«Мемлекетке төленген салық зекеттің орнына жүрмейді» деп айшықтап берген. Бұл, барлық мазхаб ғұламаларының бір ауыздан үкімі.

Алла тағала баршамыздың мал-мүлкімізге береке беріп, зекет-садақаларымызды қабыл еткей!

 Алмат Әли

Ақтөбе қаласының Бас имамы