ЖАНТ мүшелері Шалқар жамағатына Пәтуа сағатын өткізді
ЖАНТ мүшелері, Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Нұрбол Смағұлов пен аталған мешіттің ұстазы Талғат Аманов Шалқар ауданына арнайы іс сапармен барып, жергілікті жамағатпен кездесу өткізді.
Іссапар аясында облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» мешітінде және ұстаз, облыс бойынша «Шариғат және пәтуа» бөлімінің жауапты маманы қалалық «Тәубе» мешітінде «Шұлыққа мәсіх тартуға бола ма?», «Екі намазды біріктіріп оқуға бола ма?», «Сапарда, көлікте намаз қалай оқылады?» тақырыптары аясында пәтуа сағатын ұйымдастырды.
Кездесу барысында ЖАНТ мүшелері аталған мәселе төңірегінде ҚМДБ «Ғұламалар кеңесінің» қабылдаған пәтуаларына сүйене отырып, тақырыпты жан-жақты түсіндіріп өтті.
Сонымен қатар, пәтуалардың маңызына тоқталып: «Пәтуаларды халыққа насихаттаудың маңызы өте жоғары. Күнделікті өмірде туындайтын діни сұрақтарға нақты әрі дұрыс жауап беру үшін біз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Ғұламалар кеңесі» бекіткен пәтуаларға сүйенеміз. Бұл өз кезегінде халықтың діни сауатын арттырып, түрлі жат ағымдардың ықпалынан сақтануға сеп болады», – деп атап өтті.
Пәтуа сағаты соңында жамағат өздерін толғандырған діни сұрақтарын қойып, нақты әрі тұщымды жауаптар алды.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі