Ақтөбе: «Имани жаз – 2023» жазғы сауат ашу курсын 950 шәкірт тәмамдады (ФОТО)
ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінде ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазіреттің бастамасымен, облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы бастаған имамдардың ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Имани жаз – 2023» жазғы сауат ашу курсын 950 мектеп жасындағы 640 ұл, 310 қыз бала тәмамдады. Оның 711-і Құранға түсті.
Аталған жазғы курс ҚМДБ Ақтөбе өкілдігіне қарасты облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінен бастау алып, Ақтөбе қалалық орталық мешітінде, қаладағы «Сүлеймен ата», «Бақытжан», т.б мешіттері мен Шалқар, Хромтау, т.б аудандық мешіттерде жалғасын тапты.
Курс барысында «Мұғалім сәни», «Құран», «Ислам әдебі», «Пайғамбарлар қиссасы», «Алланың 99 есімі», «Күнделікті дұғалар» атты дәріс өтті.
Сонымен қатар шәкірттердің таным көкжиегін байыту мақсатында табиғат аясында серуендер мен мүражай мен тарихи-танымдық жерлерге экскурсиялар ұйымдастырылды.
Ақтбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Мұхаммедисмаил Шадман: «ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінде жылдағы дәстүрге сай, жаздағы балалардың уақытын тиімді өткізу мақсатында «Имани жаз» атты сауат ашу курсын ұйымдастырып келеді. «Құран әліппесі», «Имандылық әліппесі» т.с.с пәндер арқылы имандылықтан нәр алған ұрпағымыздың болашағы жарқын болады, -деп жазғы діни сауат ашу курсының маңыздылығына тоқталып, өнегелі ұрпақ тәрбиелеп өсірген ата-аналарға, курс барысында сабақ берген ұстаздарға алғысын білдірді. Сонымен қатар сауат ашу курсын тәмамдаған шәкірттерге арнайы облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлының атынан сертификаттар мен сыйлықтар табысталды. Салтанатты марапаттау шарасы жазғы сауат ашу курсын бітіруші шәкірттерге арнап жайылған мерекелік дастарханмен жалғасын тапты.
Одан өзге ата-аналар ұстаздарға мен жазғы сауат ашу курсын ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, ендігі жылы асыға келетінін айтты.
Айта кетсек, жазғы сауат ашу курсында 711 шәкірттің оның ішінде 530 ұл бала, 181 қыз бала Құранға түсті.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі