АҚЫРЗАМАН БЕЛГІЛЕРІ ҚАНДАЙ? 2950

АҚЫРЗАМАН БЕЛГІЛЕРІ ҚАНДАЙ?

02 сәуір 2024 422 Оқу 1 минут

Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын! 

О дүниелік өмір қарсаңында бұл дүниедегі тіршілік атаулы түгелдей тоқтайды. Мұны, яғни тіршіліктің тоқтау мерзімін «қиямет қайым» дейді. Қиямет қайымның болатындығын жер бетіндегі күллі діндер қабыл етеді. Өйткені әлемдердің Раббысы Алла ерте ме, кеш пе қиямет қайымды болдырады. Құран аяттары да бұл мәселені ап‑айқын растай түседі:

يَا أَيُّهَا النَّاسُ اتَّقُوا رَبَّكُمْ ۚ إِنَّ زَلْزَلَةَ السَّاعَةِ شَيْءٌ عَظِيمٌ يَوْمَ تَرَوْنَهَا تَذْهَلُ كُلُّ مُرْضِعَةٍ عَمَّا أَرْضَعَتْ وَتَضَعُ كُلُّ ذَاتِ حَمْلٍ حَمْلَهَا وَتَرَى النَّاسَ سُكَارَىٰ وَمَا هُم بِسُكَارَىٰ وَلَٰكِنَّ عَذَابَ اللَّهِ شَدِيدٌ 

«Уа, адамдар! Раббыларыңнан қорқыңдар. Расында, қияметтің сілкінісі – алапат құбылыс. Сол күні бала емізетін әр ананың (қатты қорыққаннан) баласын ұмытқанын, әрбір жүкті әйелдің (және буаз жануардың) іш тастағанын көресің. Сондай-ақ адамдардың бәрін ес-түсінен айрылып теңселген мас күйде көресің, асылында, олар мас емес. Алайда Алланың азабы тым қатты» («Хаж» сүресі, 1-2 аят).

Осы аятта Алла Тағала барлық адамзатқа пәрмен беруде. Алланың әмірін орындап, тыйымдарынан тыйылып және бағынып, азабынан қорқыңдар. Өйткені қиямет жойқын, өте қорқынышты оқиға. Қалай болатынын ешкім ойлап біле алмайды?

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сол күнге әзірлену керек екенін мын бір хадисінде жеткізген:

أنَّ رَجُلًا سَأَلَ النبيَّ صَلَّى اللهُ عليه وسلَّمَ: مَتَى السَّاعَةُ يا رَسولَ اللَّهِ؟ قالَ: ما أعْدَدْتَ لَهَا قالَ: ما أعْدَدْتُ لَهَا مِن كَثِيرِ صَلَاةٍ ولَا صَوْمٍ ولَا صَدَقَةٍ، ولَكِنِّي أُحِبُّ اللَّهَ ورَسولَهُ، قالَ: أنْتَ مع مَن أحْبَبْتَ

«Бір адам Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)

– Уа, Алланың Елшісі! Қиямет қашан орнайды? – деп сұрайды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әлгі адамға:

– Сен қияметке не дайындадың? – деп сұрайды.

– Уа, Алланың Елшісі! Қияметке дайындаған ештеңем жоқ. Бірақ мен Алла мен Оның Елшісін жақсы көремін, – дейді.

– Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  Сен кімді жақсы көрсең солармен бірге боласың деп жауап береді».

Ислам діні бойынша бұл күннің болатынына сену – иман тіректерінің бірі, мұсылман ақидасының ажырамас бөлігі. Сол себепті, шынайы мұсылман ақырзаманның болатынына сеніп қана қоймай, оның негізгі белгілерін де білуі керек.

Ақырзаманның нақты қашан болатыны бір Аллаға ғана аян екендігі туралы қасиетті Құранда:

يَسْأَلُونَكَ عَنِ السَّاعَةِ أَيَّانَ مُرْسَاهَا ۖ قُلْ إِنَّمَا عِلْمُهَا عِنْدَ رَبِّي ۖ لَا يُجَلِّيهَا لِوَقْتِهَا إِلَّا هُوَ ۚ ثَقُلَتْ فِي السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ ۚ لَا تَأْتِيكُمْ إِلَّا بَغْتَةً ۗ يَسْأَلُونَكَ كَأَنَّكَ حَفِيٌّ عَنْهَا ۖ قُلْ إِنَّمَا عِلْمُهَا عِنْدَ اللَّهِ وَلَٰكِنَّ أَكْثَرَ النَّاسِ لَا يَعْلَمُونَ 

«(Уа, Мұхаммед!) Олар сенен қиямет-қайымның қашан орнайтынын сұрайды. Оларға: «Ол жайлы нақты мәлімет Раббымның жанында», – деп айт. Одан өзге ешкім де оның кесімді уақытын дөп басып ашып айта алмайды. Қиямет-қайым – күллі аспан әлемі мен жердегі күллі жаратылыс атаулыға өте ауыр тиетін алапат құбылыс. Ол сендерге аяқ астынан келеді. Сен қияметтің уақытын қатты білгің келіп, зерттеп жүргендей олар сенен қайта-қайта сұрай береді. Ендеше: «Ол жайлы нақты мәлімет Алланың құзіретінде. Алайда адамдардың дені бұл ақиқатты білмейді», – деп айт», – деп айтылған («Ағраф» сүресі, 187-аят).

Ғалым, тәпсірші Фахриддин әр-Рази (Алла оны рақымына алсын) қияметтің жасырын болуының хикметін былай түсіндіреді: «Қияметтің неге жасырын болатынының хикметі мынау: Пенделер оның қашан болатынын білмесе, одан қорқып, сақтанып жүретін болады. Осы жағы бағыныштылыққа жетелеуші және күнәға тосқауыл қоюшы рөл атқарады», – деген.  

Расында бұл аяттан көріп отырғанымыздай, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед те (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қияметтің қашан болатынын білмеді. Хазіреті Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қиямет қайымның қашан болатындығын сұрағандарға, ұдайы: «Оның уақытын Алла біледі», – деп жауап беретін. Десек те, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ақырзаманның уақытын айтпағанымен, оның белгілері жайлы көптеген хадистерінен «мынадай оқиғалар болмайынша қиямет қайым болмайды» деген мағынадағы ғибраттарды кездестіруге болады. Ақырзаманның белгілерін ғұламалар сол хадистерге сүйене отырып екіге бөледі: кіші белгілері және үлкен белгілері.

Қияметтің кіші белгілерінің бірнешеуіне тоқталар болсақ:

  1. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жер бетіне жіберілуі ақырзаманның белгілері

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің бір хадисінде:

 بُعِثْتُ أنا والسَّاعَةَ كَهذِه مِن هذِه، أوْ: كَهاتَيْنِ وقَرَنَ بيْنَ السَّبَّابَةِ والوُسْطَى

«Мен қияметпен бірге жіберілдім – деп, сұқ саусағы мен ортаншы саусағын қимылдатып көрсеткен» (имам Мүслим, Фитән, 132; Тирмизи, Фитән, 39).

Бұл хадисте ғалымдарымыз: «Сұқ саусақ пен ортаңғы саусақтың жақын екені белгілі. Алла Елшісінің  келуі қияметтің тым жақын екенін меңзейді», –  деп айтқан

  1. Ілімнің азаюы, сауатсыздықтың көбеюі

Алла Елшісі (оғана Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Әнәс ибн Мәликтен жеткен хадисте былай дейді:

انَّ مِن أشْراطِ السَّاعَةِ: أنْ يُرْفَعَ العِلْمُ ويَثْبُتَ الجَهْلُ، ويُشْرَبَ الخَمْرُ، ويَظْهَرَ الزِّنا

«Қияметтің белгілерінің бірі дін ілімі азаяды, сауатсыздық көбейеді, арақ ішу мен зина жасау етек алады», – деген (имам Бұхари).

  1. Қызмет өз маманына берілмеген жағдайлар орын алғанда

إذا ضُيِّعَتِ الأمانَةُ فانْتَظِرِ السَّاعَةَ قالَ: كيفَ إضاعَتُها يا رَسولَ اللَّهِ؟ قالَ: إذا أُسْنِدَ الأمْرُ إلى غيرِ أهْلِهِ فانْتَظِرِ السَّاعَةَ

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларымен сөйлесіп жатқанда бір түздік араб келіп қияметтің қашан болатындығын сұрағанда, оған: «Аманат аяқ асты етілген кезде қияметті күте бер», – дейді. Сонда түздік араб кісі: «Мұны қалай түсінсек болады?» – дегенде, Пайғамбарымыз: «Қызмет өз маманына берілмеген кезде қияметті күте бер», – деп жауап береді.

Ал енді қияметтің үлкен белгілеріне тоқталатын болсақ, сахаба Хузайфа ибн Әсиид әл-Ғифари (Алла оған разы болсын) былай дейді:

اطَّلَعَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عَلَيْنَا وَنَحْنُ نَتَذَاكَرُ فَقَالَ مَا تَذَاكَرُونَ قَالُوا نَذْكُرُ السَّاعَةَ قَالَ إِنَّهَا لَنْ تَقُومَ حَتَّى تَرَوْنَ قَبْلَهَا عَشْرَ آيَاتٍ فَذَكَرَ الدُّخَانَ وَالدَّجَّالَ وَالدَّابَّةَ وَطُلُوعَ الشَّمْسِ مِنْ مَغْرِبِهَا وَنُزُولَ عِيسَى ابْنِ مَرْيَمَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَيَأَجُوجَ وَمَأْجُوجَ وَثَلَاثَةَ خُسُوفٍ خَسْفٌ بِالْمَشْرِقِ وَخَسْفٌ بِالْمَغْرِبِ وَخَسْفٌ بِجَزِيرَةِ الْعَرَبِ وَآخِرُ ذَلِكَ نَارٌ تَخْرُجُ مِنْ الْيَمَنِ تَطْرُدُ النَّاسَ إِلَى مَحْشَرِهِمْ

«Біз жиналып Қиямет күнін еске алып отырғанымызда, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Сендер не мәселені талқылап отырсыңдар?» деді. Біз:

– Сөйлесіп отырмыз, – дедік.

Пайғамбарымыз

– Не мәселе жайында сөйлесіп отырсыңдар? – деді.

Біз:

– Қиямет-қайымның уақыты жайында әңгімелесіп отырмыз, – деп жауап бердік.

Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

– Сендер мына он нәрсені көрмейінше қиямет қайым болмайды – деді:

Тұманды (түтін), Дажжалды, Даббатул арзды, Күннің батқан жақтан шығуын, Хазіреті Исаның (оған Алланың сәлемі болсын) көктен түсуін, Яжүж-Мәжүждің шығуын, Шығыс жақтағы бір жердің шөгуі, Батыс жақтағы бір жердің шөгуі, Араб түбегіндегі бір жердің шөгуі, Йеменнің Аден жазығының ең шалғайынан бір от шығады. Ол от барлық жерді өртеп отырып, адамдарды махшарға дейін алып барады», – деп жауап берді (имам Мүслим).

Осы хадисте айтылған қияметтің он белгісін ғалымдар қиямет күнінің үлкен белгілеріне жатқызған. Ал Қиямет күні жақындауының үлкен белгілерінің кіші белгілерінен ерекшелігі: Осы уақытқа дейін үлкен белгілердің ешбірі болмады, болған жағдайда толассыз  бірінен соң бірі қатар келеді. Қияметтің үлкен белгілері үзіліп түскен моншақтай бірінің артынан бірі сау етіп келеді. Абдулла ибн Амрден (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Үлкен белгілер жібі үзілген моншақ сияқты төгіледі», – десе (Имам Ахмад), Әбу Һұрайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Үлкен белгілер бірінің артынан бірі шығады. Олар тізбектегі моншақтардай бірінен кейін бірі келеді», – деген.

Ендеше осы хадисте айтылған ақырзаманның 10 үлкен белгісіне жеке-жеке қысқаша шолу жасап өтелік:

  1. Тұманның (духан) пайда болуы.

Алла Тағала қасиетті Құранның «Духан сүресінің 10-11 аяттарында былай баяндайды:

فَارْتَقِبْ يَوْمَ تَأْتِي السَّمَاءُ بِدُخَانٍ مُبِينٍ

يَغْشَى النَّاسَ هَذَا عَذَابٌ أَلِيمٌ

«(Уа, Мұхаммед!) Олай болса, көктен анық қою түтін шығатын күнді күте бер! Адамдардың бәрін жаппай басып қалатын түтін. Сонда олар: «Бұл неткен жан төзгісіз азап еді?».

Қиямет қайым жақындағанда жер бетін тұман қаптайды. Бұл тұман қырық күн, қырық түн бойы аспан мен жердің арасын толығымен толтырады. Осы тұманның кесірінен мүмин пенделер тұмауратып, мұсылман еместер мас адам секілді сенделіп жүретін болады. Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) былай деген: «Түтін өткен, алайда ол қияметтің белгілерінің бірі. Түтін қияметтің қарсаңында келеді, сол кезде одан мұсылманға тұмау сияқты нәрсе тиеді. Ал мұсылман еместер мен мұнапықтардың бастары пісіріледі, тіпті олардың бастары кептірілген мейіз сияқты кеуіп қалады. Өздері, бейне бір мас сияқты болып қалады. Іштеріне түтін толып, езулерінен, құлақтарынан бұрқырап шығады», – деген.

  1. Дәжжалдың шығуы.

Дәжжалдың шығуы – ең ауыр сынақтың бірі. Бұл мәселеге қатысты Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген:

مَا بَيْنَ خَلْقِ آدَمَ إِلَىَ قِيَامِ السَّاعَةِ خَلْقٌ أَكْبَرُ مِنَ الدَّجَّالِ

«Адамның жаратылуы мен қияметтiң басталуының арасында Дәжжалдың келуiнен үлкен оқиға жоқ».

«Дәжжал» сөзі – өтірікші, алдампаз деген мағынаны білдіреді. Адамзат тарихындағы ең үлкен өтірікші осы Дәжжал болғандықтан, ол бұл есіммен аталған. Ғалымдар «Мәсих Дәжжәл» сөзінің ұғымына қатысты елуден астам түсініктеме берген. Оның «Мәсих» деп аталуы – көзінің сипалып, жабылып қалғандығынан, ал «Дәжжал» деп аталуы оның жалғаншы болғандығынан», – деген.  

Дәжжалдың шығатын жері туралы Әбу Бәкірден (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Алла Елшісі (оғана Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إنَّ الدَّجَّالَ يَخرُجُ مِن أرضٍ بالمَشرِقِ، يُقالُ لها: خُراسانُ

«Шындығында, Дәжжал шығыстан шығады, ол Хорасан деп аталады», – деген (Имам Тирмизи)

Пайғамбарлар адамзатты Алла Тағалаға иман келтіруге үндесе, Мәсіх Дәжжал адамдардан өзін тәңір деп мойындауын талап етеді. Осы мақсатта ол, Хақ Тағаланың қалауымен, түрлі керемет көрсетеді. Ол: өлген адамды тірілту, қуаң даланы көгерту сияқты істерді жасап, өзінің Тәңір екен баян етеді. Алайда Алла Елшісінің хадисінде Дәжжалды былай сипаттайды:      

تَعَلَّمُوا أنَّه أعْوَرُ، وأنَّ اللَّهَ تَبارَكَ وتَعالَى ليسَ بأَعْوَرَ

«Біліп қойыңдыр! Расында ол бір көзді. Алла Тағала ондай кемшілік атаулыдан пәк».

Дәжжалдың бүлігі жайында Шортанбай ақынның (1818-1881) «Заман ақыр» өлеңінде де көрініс табады:

Тажал шығып, дінді бұзғай,

Қылышынан қан тамызғай,

Мұсылмандар анда тұрғай,

Сол малғұн тәңірмін деп,

Дау қылса керек-ті.

  1. Даббатул арздың (жерден шығатын хайуан, мақұлық) шығуы.

«Дабба» сөзі – әрекет етуші дегенді білдіреді. Ақырзаманда «дабба» есімді бір хайуанның шығатындығын Пайғамбарымыз өзінің хадистерінде айтып кеткен. Даббатул арз мәселесіне байланысты Құранда мынадай аят бар:

وَإِذَا وَقَعَ ٱلْقَوْلُ عَلَيْهِمْ أَخْرَجْنَا لَهُمْ دَآبَّةًۭ مِّنَ ٱلْأَرْضِ تُكَلِّمُهُمْ أَنَّ ٱلنَّاسَ كَانُوا۟ بِـَٔايَـٰتِنَا لَا يُوقِنُونَ

«Берілген сөз (уәде етілген азап) іске асуға шақ қалғанда, оларға жерден бір мақұлық шығарамыз. Сөйтіп, әлгі мақұлық адамдарға тіл қатып (өз бойларындағы, жалпы болмыстағы һәм Кітаптағы айқын дәлелдерімізге), аяттарымызға лайықты түрде иланбағандықтарын айтады» («Нәмл» сүресі, 82-аят).

  1. Күннің батқан жерінен шығуы.

Ақырзаманның тағы бір белгісі – Алла Тағаланың әмірімен табиғат заңдылығына қайшы құбылыс орын алып, күннің батқан жерінен қайта шығуымен байланысты. Бұл күн жұма күніне сәйкес келеді. Күннің батыстан шыққанын көрген адам баласы сол сәт жаппай иман келтіріп, тәубелеріне келеді. Бірақ ол кездегі иман келтірулері мен жасаған тәубелері қабыл болмайды. Иә, ондай шақта сол кезге дейін иман келтіріп, тәубеге келмей жүрген пенде үшін орны толмас қайғы болары сөзсіз. Алла Тағала қасиетті Құранда күннің батқан жерінен қайта шыққанын көрген адамдардың сол уақытта иман келтіріп, тәубе етулерінің ешқандай пайда бермейтін былайша баян етеді:

يَوْمَ يَأْتِي بَعْضُ آيَاتِ رَبِّكَ لَا يَنفَعُ نَفْسًا إِيمَانُهَا لَمْ تَكُنْ آمَنَتْ مِن قَبْلُ أَوْ كَسَبَتْ فِي إِيمَانِهَا خَيْرًا ۗ قُلِ انتَظِرُوا إِنَّا مُنتَظِرُونَ 

«Раббыңның қиямет-қайымға қатысты кейбір белгілері келген күні бұрын-соңды иман келтірмегендер немесе тек сөз жүзінде иман келтіріп, ешбір қайырлы іс істемеген адамға (сондағы) иманы ешқандай да пайда бермейді. Ендеше ондайларға: «(Істеріңнің қарымын) күте беріңдер, Біз де күтудеміз», – деп айт».

Хазіреті Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді:

لا تَقُومُ السَّاعَةُ حتَّى تَطْلُعَ الشَّمْسُ مِن مَغْرِبِها، فإذا طَلَعَتْ ورَآها النَّاسُ آمَنُوا أجْمَعُونَ، وذلكَ حِينَ لا يَنْفَعُ نَفْسًا إيمانُها

«Күн батыстан шықпайынша қиямет болмайды. Күн батыстан шыққанда адамдар оны көріп, жаппай иман келтіреді. Оған дейін иман келтірмеген немесе иманында жақсылық болмаған пендерлерге сол күні имандары пайда бермейді» (Имам Бұхари).

  1. Хазіреті Исаның (оған Алланың сәлемі болсын) көктен түсуі.

Ақырзаман таяғанда Дәжжал шығып, өзін құдаймын деп жариялап, түрлі сиқыр көрсетіп жүрген уақытта, Алла көктен Иса пайғамбарды түсіреді. Хазіреті Иса жер бетіне түскен соң, Хазіреті Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дінімен жүріп, Исламды жаю үшін күреседі. Мариямұлы Исаның қиямет жақындағанда жер бетіне түсетіні жайында Алла Тағала Қасиетті Құранда баян еткен:

وَإِنَّهُ لَعِلْمٌ لِّلسَّاعَةِ

«Сондай-ақ ол (яғни Мәриямұлы Иса һәм оның мұғжизалары) қиямет қайымның бірден бір белгісі» («Зухруф» сүресі, 61-аят).

Ал Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мәриям ұлы Исаның (оған Алланың сәлемі болсын) келетінін былайша баян еткен:

والَّذي نفسِي بيدِه ليُوشِكَنَّ أنْ ينزلَ فيِكُم ابنُ مَريمَ حكمًا  مُقسِطًاوإمامًا عدلًا، فيكسِرُ الصَّليبَ،  ويقتُلُ الخنزيرَ، ويضَعُ الجزيَةَ، ويَفيضُ المالُ حتَّى لا يَقبلَه أحَدٌ، وحتَّى تكونَ السَّجدَةُ الواحِدةُ خيرًا من الدُّنيَا وما فيهَا

«Жаным қолында болғанмен (Алламен) ант етемін! Сендерге Мәриям ұлының түсуі жақын қалды. Ол әділ билік жүргізіп, айқыштарды (крестерді) қиратады, доңыздарды өлтіреді, соғысты жояды, мал-дүние асып-тасып, оны алатын ешкім болмай қалады, тіпті бір ғана сәжде дүние мен ондағылардан қайырлы саналады», – деген.

  1. Яжүж-Мәжүж тайпаларының шығуы.

Бұл күннің тағы бір белгісі ретінде Яжуж-Мәжуж атты екі тайпаның шығатындығы жайында аяттар мен хадистерде баян етіледі. Бұл қауымның кімдер екені бізге беймәлім.

Яжуж-Мәжуж қауымы туралы Құран Кәрімде былай делінеді:

حَتَّىٰٓ إِذَا فُتِحَتْ يَأْجُوجُ وَمَأْجُوجُ وَهُم مِّن كُلِّ حَدَبٍۢ يَنسِلُونَ  وَٱقْتَرَبَ ٱلْوَعْدُ ٱلْحَقُّ

«Күндердің күнінде Яжүж бен Мәжүждің (алдына қойылған тосқауыл) ашылады да олар (лаң салып, дүниені ойрандау үшін) әр төбенің басынан селдей ағыла бастайды. Міне, хақ уағда орындалатын (яғни қиямет-қайым орнайтын) уақыт таяды!» («Әнбия» сүресі, 96-97-аяттар).

  1. Шығыс жақтағы бір жердің шөгуі.
  2. Батыс жақтағы бір жердің шөгуі.
  3. Араб түбегіндегі бір жердің шөгуі.

Хадисте айтылғандай шығыста, батыста, араб түбегінде бір жердің батуымен ақырзаманның таялғаны анық болады.

أم سلمة - رضي الله عنها – قالت :سمعت رسول صلى الله عليه وسلم يقول: «سيكون بعدي خسف بالمشرق وخسف بالمغرب وخسف في جزيرة العرب "، قلت: يا رسول الله أيخسف بالأرض وفيها الصالحون؟ قال لها رسول الله صلى الله عليه وسلم   إذا أكثر أهلها الخبث

Умму Сәләма (Алла оған разы болсын) Мен Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мен өмірден өткеннен кейін үш жерде жер шөгуі болады, біреуі шығыста,екіншісі батыста, үшіншісі араб жазирасында», – дегенін естідім. Сонда мен: «Уа, Алланың Елшісі! Жер бетінде жақсы адамдар болса да жер шөге ме?» – деп сұрадым. Сонда Алланың Елшісі: «Жер бетінде адамдардың көпшілігі бұзылса», – деді (Имам Бұхари).

  1. Хижаз тарапынан үлкен оттың шығуы.

Ақырзаманның соңғы белгісі Хижаз тарапынан үлкен бір оттың шығып, шартарапты жарық қылатындығы хадисте айтылады.

Хазіреті Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл жайында былай дейді:

لا تَقُومُ السَّاعَةُ حتَّى تَخْرُجَ نارٌ مِن أرْضِ الحِجازِ تُضِيءُ أعْناقَ الإبِلِ ببُصْرَى

«Хижаз жерінен шығатын, Бусрадағы түйелердің мойындарын жарқырататындай бір от шықпайынша қиямет қайым болмайды» (Имам Бұхари).

         

Қадірменді жамағат!

Мүмин адам әлемдегі тіршілік атаулының осы дүниедегі ғұмыры тұйықталар күннің боларына шүбәсіз иман келтіреді. Жалпы ақырзаманның келіп, қияметтің орнауы жайлы Алла тарапынан түскен кітаптардың барлығында айтылған.  Алла Тағала қасиетті Құранда:

يَوْمَ تَكُونُ ٱلسَّمَآءُ كَٱلْمُهْلِ  وَتَكُونُ ٱلْجِبَالُ كَٱلْعِهْنِ  وَلَا يَسْـَٔلُ حَمِيمٌ حَمِيمًۭا

«Ол күні аспан еріген кен сияқты болады. Таулар түтілген жүндей болады. Дос достың халін сұрамайды», – деп қияметтің ауыр болатынын айтқан («Мағариж» сүресі, 8,9,10-аяттар).

Сонымен қатар Қазақ ақын жыраулары өз жырларына да арқау еткен. Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы заман ақырда, қиямет күнінде болатын оқиғаларды:

Бір күні сүрін тартар Исрафил,

Болғаны сүрін тартса, заман ақыр.

Тау мен тас, ой мен шұңқыр бірдей болып,

Болады жердің жүзі айдай тақыр.

Дүниеде өлмей қалмас ешбір пенде,

Басқалар бір құдайдан болар мүрде, – деп суреттейді.

Сол себепті дініне берік әр мұсылманның қияметтің белгілеріне ой жүгіртіп, пікір қылуы – сауапты іс. Себебі мұнда ақырғы күнге даярлық, Алла алдындағы сұрақ-жауапқа әзірлік, өлімді еске алу тәрізді дініміздің басты бұйрықтарына мойынсұнушылық жатыр.

Жаратушы Алла бізге өмірдің де, өлімнің де, әсіресі ақырзаманның ауыр күндерінен қорғап, қиямет-қайымның сынағынан сақтасын. Әмин!

 

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі