ИСЛАМДАҒЫ ЖАУАПКЕРШІЛІК
Біз өмір сүріп жатқан қазіргі қоғамда кез-келген адам баласының бойынан жауапкершілік, аманатқа беріктік, әділдік, шыншылдық, сабырлық секілді қасиеттерді іздейтініміз жасырын емес. Себебі қоғам көркем мінез иелеріне мұқтаж. Яғни жаман мінезді ортаның қалыптасуы, таралуы – адам мен адам арасындағы тепе-теңдікті бұзып, қоғамның құлдырауына әкеп соғатыны белгілі. Ол үшін не істемек керек?
Ұлы мінезге ие болған, теңдессіз тұлға, еліктеуге ең лайықты болған сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетіне берік болу осы күрмеуі қиын мәселенің шешімі екені даусыз. Алла Тағала өзінің сүйікті құлы, Ардақты Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мысал етіп: «Расында сендер үшін Алланы, ақырет күнін үміт еткендер және Алланы көп еске алғандар үшін Алланың Елшісінде көркем өнегелер бар» («Ахзаб сүресі», 21-аят) деуі бекер емес. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің қандай мақсатпен жіберілгенінін тілге тиек етіп: «Расында, мен көркем мінезді кемелдендіру үшін жіберілдім» (Бұхари) деуі де ойналарлық.
Иә, көркем мінез жүрегі тасқа айналған қоғамды жібектей жұмсақ етіп тәрбиелеу тетігі екені рас. Бүгінгі мақаламызда көркем мінезді адамның ең басты ерекшелігінің бірі қазіргі қоғамдағы адамдарға аса қажет жауапкершік қасиеті туралы сөз қозғауды жөн санадық.
Жауапкершілік – адамның белгілі бір іске, тапсырылған міндетке жауапкершілікпен қарап, оны қалай да орындап, жүзеге асырып отыратын адамгершілік қасиетінің көрінісі. Жауапкершілігі мол адам болғысы келетін тұлға әуелі міндетті ісін орындап шығуы үшін сол жұмыстың мән-жайын жете түсініп, үнемі мезгілінде атқарудың әдіс-тәсілін қарастырады. Сөйтіп орындаған ісінің өзі мен өзгелерге нендей нәтиже бергенін айқын аңғарып, көпшілік қауымға тигізетін пайдасын ойластырып, азаматтық борышын орындау керек. Уақыт өте келе жеке басы мен қоғам алдында атқарған еңбегінің жемісті екеніне көзі жетіп, барлық қажеттіліктерді қанағаттандырудың негізі еңбекте екенін терең ұғынады.
Қоғам алдында азаматтық борышын атқаруымен бірге өз басына жүктелген жауапкершілікті орындап шығу – кісілік беделді қалыптастырып, іскерлікті шыңдаса, міндетті істі атқаруымен бірге өз мінезіндегі ерік-жігерін, қайраттылығы мен табандылығын көрсетеді. Жүктелген міндетке жауапкершілікпен қарайтын адам туған-туыстарына, жора-жолдастарына, жалпы әлеумет алдында беделді кісі деп бағаланып, оның абыройы үнемі үстем болады. Сөйтіп жауапкершілігі күрделі істерді атқаруға сенімі артып отырады.
Жауапкершіліктің кері ұнамсыз жағы – жауапсыздық. Жауапсыз адам міндеттелген іске салғырт қарап, жүктелген міндетті дұрыс орындамайды. Ондай адам қоғам алдында абырой-беделге ие бола алмайды. Атқарған жұмысы сенімсіздік тудырып, адамдар оның ісінің шала-шарпылығын бетіне кінә етіп тағады. Жауапкершілік тек мінезде ғана көрініс таппайды. Ол сезімдерде, қабылдауларда, саналауда, қатынастарда, мінез-құлықтың әр түрлі формаларында көрініс табады.
Жауапкершіліктің негізгі белгілері – тұлғаның өз міндеттерін атқарудағы тиянақтылығы, ісіне адалдығы, әрекеттерінің салдарына жауап бере алуы, шыншылдығы мен әділдігі. Әр адам ерік-жігеріне қайраты мен табандылығына қарай жауапкершілікті әрқалай сезінеді. Адамның мақсатына жетуі, ісінің сәтті болуы көбіне оның жауапкершілігіне байланысты. Сол себепті рухани құлдыраудың жолын емес, рухани өсудің бағытын таңдаған, жауапкершілікті сезінетін тұлға болуды мақсат еткен адам сол жолда мүмкіндіктер іздеп, талмай еңбек етуі қажет. Атақты инженер-конструктор, практикалық космонавтиканың негізін қалаушы С.Королев: «Істегісі келетін адам – мүмкіндік, істегісі келмейтін адам сылтау іздейді», – деп осыны меңзесе керек.
Жауапкершілікті терең сезініп, өзіне жүктелген міндетті бұлжытпай орындаған Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) баршамызға үлгі. Қашанда өз сахабаларына жауапкершілігі мол адам болуды үндеп, тәрбиелеп, бағыт-бағдар беріп отыратын. Өйткені жауапкершілігі мол адамдар анағұрлым саналы әрі мұқият әрекет ететінін білетін.
Ардақты Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әрбір адам бағушы әрі қол астындағыларға жауапты. Мемлекет басшысы да қол астындағыларға жауапты. Ер адам отбасы үшін жауапты. Соларға жауап береді. Әйел күйеуінің үйіне жауапты. Сол үшін жауап береді. Қызметші қожайынының малына жауапты. Қолына табысталғандарға жауап береді. Әрбірің бағушысыңдар әрі қарамағындағыларыңа жауап бересіңдер» (Бұхари, Мүслім) деген. Яғни қоғамдағы түрлі деңдейдегі адамдардың белгілі бір жауапкершілігі бар екенін меңзеген.
Алаш арысы Әлихан Бөкейхан: «Басшы әділ болмай жұрт ісі оңға баспайды», - деген екен. Осыған ұқсас «Ақылды басшың болса, адаспассың», «Әділ патша гүлстанға ұқсайды» деген сияқты даналық сөздер бекер айтылмаған. Демек қоғамды бірлік-ынтамаққа ұйыстыратын, халықтың амандығын, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін басшылардың ең басты қасиеттерінің бірі осы жауапкершілік екен. Ал жауапкершілік пен әділдіктің тырнақ пен терідей бір-бірінен ажырамайтыны және әділдікті сүйетін басшы жауапкершілікті де қаперінен шығармайтыны бесенеден белгілі.
Ислам тарихына көз жүгіртсек, мүміндердің әміршісі, Халифа Омар ибн әл-Хаттабтың әкімдерге қойған талаптары төмендегідей болған екен:
- Дін істерін орындау (Ислам дінін тарату, намазды оқу, дін және оның негіздерін сақтау, мешіттер салу, қажылық істерін жеңілдету);
- Өз аймағындағы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
- Жорықтарды басқару;
- Халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету;
- Қызметкерлер мен жауапты тұлғаларды тағайындау т.б.
Әр ер адам өз жауапкершілігін терең сезінсе, оны бұлжытпай орындаса әрі әрбір ісінде, сөзінде әділдіктен таймаса ажырасу деген болмас еді. Қоғам тыныш, халық бақытты болар еді. Атам қазақ «Отан – отбасынан басталады» деп бекер айтпаған. Ер кісі өз отбасы үшін жауапты болуы себепті, өз міндеттерін толық орындау керек. Ал ер адамның отбасы алдындағы міндеттері төмендегідей:
- Нәпақамен қамтамасыз ету;
- Жұбайының білімін жетілдіруге жағдай жасау;
- Жұбайының табысына қол сұқпау;
- Төркініне барып тұруына рұқсат беру;
- Баласынан айырмау т.б.
Әйел – үйдің берекетін келтіруші. Ерінің үйін таза ұстап, балаларын бағып тәрбиелеуі, үй жұмыстарын істеп, тамақ әзірлеп, ерінің тапқан табысын үнемдеп отырса, оның өз жауапкершілігін сезінгені деп білеміз. Әйелдің міндеттері:
- Күйеуіне бағыну;
- Ар-намысына кір келтірмеу;
- Күйеуін «әке» болу арманынан мақұрым етпеу;
- Ері алдында сәнденіп, хош иісті әтір себіну;
- Күйеуінің рұқсатынсыз өзге ер адамдармен сөйлеспеу;
- Күйеуінің рұқсатынсыз сыртқа шықпау;
- Күйеуі ұнатпайтын адамдарды қонаққа шақырмау;
- Күйеуінің мал-мүлкіне ие болу т.б.
Міне, жауапкершілік қасиетіне қатысты қоғамдағы ең басты тұлғаларды сөзге тиек еттік. Десе де жоғарыдағы хадисте айтылғандай, әрбір адамның, әрбір ортада, қоғамда, отбасында, жұмыс орнында белгілі жауапкершілігі бар, әр адам өз қарамағындағыларға жауапты екенін және қарамағындағылары үшін сұралатыны да тілге тиек етілген. Ендеше, Алла алдында жүзіміз жарқын, Ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) лайықты үмбет болу үшін қоғамда, отбасында сенімді, абыройлы адам болу үшін жауапкершілікті терең сезіне білуіміз міндет.
Нұрлыбек КҮЗЕНБАЕВ,
Ақтөбе қалалық орталық мешітінің бас имамы, РАНТ мүшесі