Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай футболдан жамағат арасында қайырымдылық турнир өтті
Кеше, сәрсенбінің сәтті күнінде ҚМДБ «Жастар ісі» секторының Ақтөбе облысы бойынша жауапты өкілі Ержан Мизамовтың ұйымдастыруымен Ақтөбе облысы мешіттерінің арасында шағын футболдан «Нұр Ғасыр» атты қайырымдылық турнирі өтті. Аталмыш спорттық іс-шара еліміздің Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай ұйымдастырылды.
Ақтөбе облысы аудандары мен ауылдарынан келген 120 адамнан құралған 11 команда өзара бақталасып, қызықты да қызу сайыс өтті. Ислам діні шариғатынан хабардар әрбір азамат футбол алаңында өздерінің сабырлығы мен өзара татулығын көрсетіп, нағыз мұсылманға сай сипатты көрсете білді. Жарыс қорытындысы бойынша бас жүлдені үздік деп танылған «Барыс» командасы ұтып алды. Екінші орынды «Сұлукөл» командасы қанжығасына байласа, «Басқұдық» командасы үшінші орынды қанағат тұтты. Өзге командаларға алғыс хаттар мен ынталандыру сыйлықтары берілді.
«By Doner», «Saki-Maki», «The Jigits Barbershop» атты шағын кәсіпорын иелерінің демеушілігімен «Үздік қақпашы», «Үздік қорғаушы» және «Үздік ойыншы» секілді белсенді қатысушыларға алғыс хаттар табысталды.
Ынтымағы мол жастардың арасында өткен спорт сайысынан түскен 100 мың теңге қаражатты Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлы Ақтөбелік Ернұр есімді науқас бүлдіршінге ота жасату үшін қайырымдылық көмек ретінде анасына табыстады.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі