Ақтөбеде Құрбан айтқа байланысты брифинг өтті 2798

Ақтөбеде Құрбан айтқа байланысты брифинг өтті

22 маусым 2023 271 Оқу 1 минут

Бүгін ҚМДБ Ақтөбе облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен өңірлік комуникациялар қызметінде  «Құрбан айт – Жаратқанға жақындау мен қайырымдылықтың мерекесі!» тақырыбында баспасөз маслихаты өтіп, оған Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлы мен «Ақтөбе» медресе-колледжінің ұстазы Махамбет Бисенов және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты. 

Баспасөз маслихатында Құрбан айтқа дайындық жұмыстары турасында баяндаған Бас имам Серікжан Еншібайұлы діни мерекенің 28-30 маусым аралығында атап өтілетіндігін айтты.

Құрбан айт намазының уақыты Ақтөбе облысында таңертеңгі сағат 6.00-де белгіленгендігін хабарлап, мереке күндері өтетін діни рәсімдердің жоспарымен таныстырды.

Сонымен қатар бұл күнгі ерекше құлшылық – құрбан шалу рәсімінің арнайы белгіленген орындарда өткізілетіндігін ескерте отырып, мерекелік намазға дейінгі шалынған мал еті құрбандық болып саналмайтындығын еске салды.

Брифингте Құрбан айтқа қатысты осы және өзге де мәліметтер қамтылып, «Ақтөбе» медресе-колледжінің ұстазы Махамбет Бисенов орыс тілінде жауап берді.

Облыстың Бас имамы биыл құрбан шалу елімізде онлайн және офлайн форматта өтетінін мәлімдеді. «Qurban 2023» дайындық жұмыстарын пысықтау мақсатында штаб құрылғанын айтты.

Одан өзге айт күндері ақтөбелік шаруаларға мал бағасын шарықтатпай, пайдаға емес, сауапқа бөленуге үндеді. Қала тұрғындарын құрбан шалу барысында санитарлық нормаларды сақтауға, құрбандыққа шалатын орындарда шалуға шақырды.

«Құрбандық шалу – мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Одан өзге пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады. Қаржылай мүмкіндігі бар, əрі жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу – уəжіп, мұсылмандық міндет. Ал шамасы келмеген адамға Алла Тағала мұндай міндет жүктемеген. Айт күндері аз да болса садақа беріп, қараусыз қалған қарттарға, жетімдер мен көпбалалы отбасыларға көңіл бөлу – сауапты іс. Құрбан айт – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті паш ететін мереке. Ұлық мерекенің тәрбиелік мәні мен мағынасы осында жатыр. Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят), – делінген. Аятта айтылғандай, Алла жолында жақсылық жасауға ниеттенген пенде бұл амалды риясыз оймен орындайды»,- деді Серікжан Еншібайұлы.

Еске сала кетейік, ҚМДБ биыл да ел мұсылмандарының жеңілдігі үшін онлайн форматта етке тапсырыс беріп, өтініш білдіру үшін арнайы https://www.qurban2023.kz/kk/ qurban2023.kz сайтын іске қосылды. Бұл сайт арқылы шамасы келген азаматтар құрбандық шалу өкілдігін мешіттегі дін қызметкерлеріне табыстап қой және ірі қара секілді малдарға тапсырыс бере алады. Аталған сайт арқылы мұқтаж жандар ет алуға өтініштерін қалдыра алады.

Онлайн түрде құрбан шалам деушілер сайт арқылы құрбандық малын таңдап, көрсетілген реквизитке қажетті қаражатты аудара алады. Қой мен ешкіні жеке адам, ал ірі қара мен түйе малын бір немесе 7 адам бірігіп шалса болады. Бұдан кейін төлем барысында хабарламаға тапсырыс нөмірі мен құрбандық шалушының аты-жөнін жазу міндетті. Құрбандық шалынған соң оның фото және бейне есебі тапсырыс беруші көрсеткен вацап нөмірге жіберіледі. Онлайн құрбан шалу туралы толық шарттары сайтта көрсетілген. Ескертетін жағдай, сайтта көрсетілген бағаға қасапшының ақысы да кіреді.
 Ақтөбе қаласы бойынша мал базарында орналасқан «Есік» ЖШС және ЖК «Молдабеков», 41-ші разьездегі – «Айбек», «Жаңақоныс» ауылындағы – ЖК «Қасымов» құрбандық малын сою орны болып бекітілді.

 Осы орында қызмет жасайтын қасапшылардың басын қосып, оларға арнайы семинар-тренинг ұйымдастырылды. Семинар барысында малды шариғат талаптарына сай сою және санитарлық талаптарды сақтау және т.б. түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қолдарына рұқсатқағаз берілді.

Құрбан айт қарсаңында облыс, қала, аудан мешіттерінің ұйымдастыруымен 3 күн бойы ұлттық нақыштағы мерекелік шаралар өтеді.

 

 

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі