АМАНАТ ИЕСІН ТАПТЫ
Бүгін Ақтөбе қалалық орталық мешітінің Бас имамы Нұрлыбек Шәкизадаұлы мен наиб имам Шынболат Әлімқұлұлы ақтөбелік бірінші топ мүгедегі Шұға Боранқұлованың үйіне арнайы барып, зиярат етті. Дін қызметкерлері бала күнінен ауыр сырқат тауқыметін тартып келе жатқан бірінші топ мүгедегі Шұға Бәшентайқызының тұрмыс жағдайымен танысып, мүгедектер арбасын сыйлады.
Өзіне берілген сынақ қиындығына сабырмен қарап, шыдас берген жерлесіміз інісінің отбасымен бірге Ақтөбеде пәтер жалдап тұрады. Бауыры бақилық болғанымен, күні бүгінге дейін келіні мен немерелерінен іргесі ажыраған емес. Отбасы әулеттің үлкеніне үнемі қамқорлық танытып келеді.
Қайырымды іс жасап, нақты көмек көрсеткен қалалық мешіт ұжымына Шұға Бәшентайқызы шексіз ризалығын білдіріп, алғысын жаудырды. Жүріп-тұруы қиынға соғатын бір жерлесіміздің жүзіне қуаныш үйіріліп, жүрегіне нұр құйылды.
Дана халқымыз: «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», - дейді. Күзгі салқында бір мүмінге жан жылуын сыйлаған қайырлы істі Алла тағала сауапқа жазғай!
Г.Төрединқызы,
Ақтөбе қалалық Орталық
мешітінің Баспасөз хатшысы