Ақтөбе» медресе-колледжі түлектеріне диплом табыстады
Бүгін «Ақтөбе» медресе-колледжі түлектерінің бітіру кеші өтіп, 12-ші түлектеріне диплом табысталды. Салтанатты шараға Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлы, аталған білім ордасының директоры, РАНТ мүшесі Әбдімүтәлі Қайназарұлы, түлектер, ұстаздар мен ата-аналар қатысты. Облыстың Бас имамы түлектерге білім жолының басты мақсат-міндетін айтып, ел дамуында дінге қызмет етуге шақырды. «Құранда Алла Тағала баяндайды: «Иман келтіргендердің және де білім бергендердің Алла Тағала дәрежесін көтереді». Бұл білім дегеніміз – Алланың берген нұры. Бізді қараңғылықтан жарыққа алып шығатын, жол көрсететін, адасудан сақтап қалатын бірден бір нәрсе ол – Алла Тағаланың берген білімі. Медресенің ең бірінші мақсаты – мешіттерді имамдармен қамтамасыз ету екенін ұмытпағайсыздар. Биыл оқу ордасынан 16 шәкірт бітіріп жатыр. Түлектер, диплом алу күні құтты болсын! «Ақтөбе» медресе-колледжі дін жолына мамандар дайындауда қызмет ете берсін! Ал шәкірттерді тәрбиелеп, білім беріп жатқан ұстаздарға Алла разы болсын!»,-деді Серікжан Еншібайұлы.
Салтанатты шарада Ақтөбе облысы Дін істері басқармасының басшысы Әлімбек Жәнібекұлы сөз алып, түлектерге ізгі тілектерін жеткізді. Облыстағы діни ахуалды тұрақтандыруға білімді мамандардың аса қажеттілігін айтып, қызметке шақырды.
Кеште медресе-колледждің директоры Әбдімүтәлі Дәуренбеков: «Құрметті ата-аналар, ұстаздар, бітіруші түлектер! Үш жыл бойы ілім алып, медресенің табалдырығын аттағалы отырсыздар. Үлкен өмірге жолдама алғандарыңыз құтты болсын! Сіздер Алла қаласа облысымызда діннің таралуына үлес қосады деп өзім сенемін. Қадамдарыңыз оң болсын! Жамағатымызға асыл дінімізді насихаттай беріңіздер. Жолдарыңыз болсын, сәттілік сіздерге!», -деп құттықтады. Шара соңында ата-аналар ұстаздарға алғысын айтты.
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі