Аудан бас имамы ауылға арнайы сапармен барды
Шалқар ауданының бас имамы Абзал Медетбеков Қауылжыр ауылына арнайы іс – сапармен барып, діни ахуалмен танысты.
Шалқар ауданына қарасты Қауылжыр ауылына атбасын бұрған Бас имам жұмыс сапарын әуелі жергілікті мешітке барып, жамағатпен кездесуден бастады. Кездесу барысында «Исламдағы бауырмалдық», «Ілім алудың маңызы» тақырыптарында насихат айтып, сұрақтарға жауап берді.
Іс – сапар Қауылжыр ауылдық Мәдениет үйінде жалғасын тауып, Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» мешітінің Бас имамы Абзал Медетбеков жиналған көпшілікке «Мұсылмандық атқа лайық болу» тақырыбында сөз өрбітті. Игі шараға әкімшілік, мәдениет үйінің қызметкерлері және ауыл тұрғындары қатысып, көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып,тұщымды жауаптар алды.
«Мұсылман адам Жаратушының алдында міндетті болған құлшылық - ғибадаттарын орындаумен қатар, күнделікті өмірде, жүріс - тұрысында, келбетінде асыл дініміз талап ететін ізгі сипаттарға сай болуы қажет. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) хадистерінде де мұсылманның келбетіне тән түрлі сипаттар айтылған. Соның бірі: «Нағыз мұсылман – өзгеге қолымен де, тілімен де зиян тигізбеген адам» – делінеді» - деп, Шалқар ауданының Бас имамы Абзал Медетбеков мүминнің келбетіне тән сипаттарды баяндап, ізгілер өмірінен қиссалар келтірді.
Одан өзге «Қауылжыр ауылдық мешіті» - нің имамы Жайык Кабетов арнайы іс - сапармен келген қос имамға жуырда ашылған жаңа кітапхананы таныстырып өтті. Өз кезегінде аудан Бас имамы Абзал Медетбеков халық игілігіне берілген жаңа ғимараттың жұмысына сәттілік тілеп, ризашылығын білдірді.