Ақтөбе: «Халал Даму» мекемесінің сертификатын алған 34 кәсіпорынға кезекті тексеріс жасалды (ФОТО)
ҚМДБ «Халал Даму» мекемесі мен Ақтөбе облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен Ақтөбе облысында халал апталығы басталып, оған «Халал Даму» мекемесінің Директоры Айбек Аташев пен мекеменің Бас сарапшысы, Бас технологы Айжан Омарова арнайы іс-сапармен келді.
Іс-сапар барысында ҚМДБ «Халал Даму» мекемесінің сертификатын алған 34 кәсіпорынға кезекті тексеріс ескертулі және ескертусіз түрде жасалып, ҚМДБ «Халал» сертификатының маңыздылығы түсіндірілді.
Тексеріс барысында жаңадан сертификат алуға ниетті кәсіпорындарға да барып, адал өнімнің өмірдегі құндылығы баяндалды.
5 күндік іс-сапар барысында мекеменің директоры Айбек Аташев пен облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы «РОКОС» шұжық өндірісі, «Afsona», «Сарқыт» мейрамханалары мен «Ramazan Qus» фабрикасы мен батыс аймағын жем-шөп өндіру және сүт фермасы, қайта өңдеу зауытында соңғы технологиялық әзірлемелерді пайдалану және дистрибьюторлық желісі яғни егістіктен сөреге дейінгі сүт кластерін өндіретін «Айс» сүт компаниясына аудит жасады.
Сонымен қатар Айбек Аташев облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде ақшам намазынан кейін жиналған жамағатқа халал тақырыбында сұрақ-жауап форматында насихат айтса, аталған мешітте әйел жамағатымен өткен кездесу барысында «Халал индустриясы» туралы облыстық «Нұр Ғасыр» мешітіндегі әйел жамағатына сөз қозғады. Одан өзге Бестамақ ауылында орналасқан «Ақтөбе» медресе-колледжіне облыстың Бас имамымен барып,
шәкірттерге «Халал – шариғат талабы» атты семинар жүргізді.
Облыстың Бас имамы халал апталығы барысында өткізілген шаралар мен кездесуде «Құран Кәрімде: Алла Тағаланың ұлы сөздері қасиетті Құран Кәрімде адамзат баласына көл-көсір нығметтер беріп, жер бетіндегі халал мен харам нәрселердің ара жігін айырып көрсеткен. Алла пендесі үшін нені халал десе, ол сырда қайыр мен хикмет бар, ал нені харам десе, онда адам ғұмыры үшін ұшан-теңіз зиянның бар екендігі күмәнсіз. Осы турасында «Бақара» сүресінің 168-аятында былай деп түсіндіреді: «Әй, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер!», «Мәида» сүресінің 88-аятында: «Алланың өздеріңе халал әрі таза етіп берген ризықтарынан жеңдер!» делінгенін айтып, халал өнімнің адам өміріндегі маңыздылығына тоқталды.
Ал Бас сарапшы Айжан Омарова ҚМДБ «Халал» сертификатын алған кәсіпорындарды жіті тексерді. Облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінде жұма намазынан кейін әйел ұстаздар мен жамағатқа «Халал ризық іздеу — мұсылмандарға парыз» атты семинар жүргізіп, дебаг туралы кең көлемде түсінік беріп, қазіргі таңдағы халал сертификатын беру ережелерін түсіндірді. Адал мен арам табиғи қоспалар туралы, доңыздың терісі, сүйегі, қылшығы мен іш құрылыстарынан өндірілген түрлі заттардың діни және ғылыми негіздерге сүйеніп, харамдығын дәлелдеп, жиылған жұртшылықтың сауалдарына тұшымды жауап берді.
Одан өзге Айбек Асқарбекұлы руханияттың төл телеарнасы «Munara.tv»-ның Ақтөбедегі филиалында орналасқан студиясында қонақ болды.
Бас технолог Айжан Қалмаханқызы «Жұмадағы жүздесу» бағдарламасында «Халал мен харамды қалай ажырата білеміз?» тақырыбында сұхбат берді.
Іс-сапар қортындысында ҚМДБ-ға қарасты «Халал даму» ЖШС директоры Айбек Аташев «Халал» апталығы аясында өткен іс-сапардың нәтижелі болғанын айтты.
Айта кетсек, «Халал Даму» мекемесінің Ақтөбе облысы бойынша жауапты өкілі Жарасхан Әбдісаламов.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі