Тарихи қалалық мешітте – жаңа наиб имамдар
Бүгін Ақтөбе қалалық орталық мешітінде есте қаларлықтай ерекше оқиға болды. Арнайы келген облыстың Бас имамы Төлеби Оспан Бас Мүфтидің бұйрығын оқып, ғибадатхананың жаңа қызметкерлерін жамағатқа ресми түрде таныстырды. ҚМДБ Республикалық ислами діни бірлестігінің жарғысына сәйкес, Талғат Сейдәлиев пен Абат Жалимов Ақтөбе қалалық мешітінің жаңа наиб имамдары болып тағайындалғанын айтып, олардың жұмысына сәттілік тіледі. Ғасырлық тарихы бар мешітте жаңа қызметке тағайындалған діни қызметкерлердің біліміне біліктілігі сай келеді.
Талғат Ілесбекұлы 1992 жылы Түркістан қаласында туып-өскен. 2010-2011 ж.ж. «Түркістан» медресесінің дайындық бөлімінде оқыған. 2011-2014 ж.ж. «Шымкент» медресесін «Исламтану» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2016-2019 ж.ж. Түркия Республикасы Дін істері басқармасына қарасты діни тереңдетілген «Хасеки» академиясында білімін шыңдаған. Еңбек жолын 2014-2015 ж.ж. Атырау қаласында «Әт-Тақуа» мешітінің ұстазы болып бастаған. 2019-2020 ж.ж. Түркістан облыстық орталық «Қожа Ахмет Яссауи» мешітінің найб имамы, Түркістан қалалық «Игілік ата» мешітінің имамы болды. Отбасылы, бір баланың әкесі.
Абат Мейірханұлы 1983 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. 2003-2005 ж.ж. Түркістан қаласында «Қазақ-Араб» университетінің «Дінтану» факультетінде білім алған. 2006-2010 ж.ж. Алматы қаласында «Нұр Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетін «исламтану» мамандығы бойынша оқып бітірген. Еңбек жолын 2005-2006 ж.ж. Ақтөбе қаласындағы «Нұрдәулет» мешітінің азаншысы болып бастаған. Одан кейін 2010-2011 ж.ж. Қарғалы ауданындағы «Досжан хазірет» мешітінің имамы, 2011-2013 ж.ж. «Нұрдәулет» мешітінің имамы, ал 2013-2016 ж.ж. Алға ауданы, Бестамақ ауылында орналасқан «Ақтөбе» медресесінің ұстазы болды. 2016 жылдан бүгінге дейін «Нұрдәулет» мешітінде қызмет атқарды. Отбасылы, екі ұлы мен бір қызы бар.
Қазіргідей әлемдік пандемия кезінде Ақтөбе қаласының Бас имамы Нұрлыбек Шәкизадаұлы басқаратын мешіттегі жаңа қызметіне кіріскен қос наиб имамға алдағы уақытта зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Абат Мейірханұлы мен Талғат Ілесбекұлы өздеріне жүктелген сенімді ақтап, тың құлшыныспен биік белестен көрінетініне сенеміз. Сәттілік!
Ақтөбе қалалық орталық
мешітінің Баспасөз қызметі