Ырғыз ауданына Бас имам тағайындалды
Бүгін Ақтөбе облысының Бас имамы Төлеби Оспан Ырғыз ауданына арнайы іс-сапармен барды. Алдымен Бас имам күрделі жөндеуден өтіп жатқан аудандық мешіттің құрылыс жұмыстарымен танысты. Алла үйінің тыныс-тіршілігін бақылап, қысқы маусымға дайындығын пысықтады.
Іс-сапар барысында Төлеби Дәділұлы Ырғыз ауданы әкімінің орынбасары Қонақбаев Серік Көбекұлымен кездесті. Кездесуде өңірдегі діни ахуалды сөз етіп, аудан имамдарының әлеуметтік мәселелерін шешуге қолдау көрсетуге шақырды.
Одан кейін аудандық «Арай» мәдениет үйіне жиналған жұртшылықпен кездесіп, жаңа Бас имамды таныстырды. Сондай-ақ, ұзақ жылдар аудандық мешітте Бас имам болған Әділбек Жұмабайұлының иығына шапан жауып, алғыс білдірді.
Халық алдында Бас Мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Ардақ Абдирамановты тағайындау бойынша бұйрығын оқып, алдағы қызметіне сәттілік тіледі.
Ақтөбедегі діни ахуалды тұрақтандыру және діни қызметті жетілдіру мақсатында діни басқарма білікті діни мамандарды облысқа жіберу арқылы қолдау білдіріп келеді. Солардың қатарындағы кезекті маман – Ардақ Жұмабекұлы.
Абдираманов Ардақ Жұмабекұлы
1987 жылдың 14 қаңтар күні ОҚО, Шардара ауданында дүниеге келген.
Білімі
2005-2009 жылдары Шымкент қаласындағы Оңтүстік Педагогикалық университетінің Гуманитарлық факультетінің «Философия» мамандығын бітірген.
2005-2007 жылдары Құран кәрімді толық жаттап, «қари» атағын алған.
2009-2012 жылдары Туркия Республикасы, Стамбұл қаласындағы «Хасеки» академиясында білім алып, толық курсын тамамдап шыққан.
2014-2016 жылдары Астана қаласындағы Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінің «Дінтану» мамандығы бойынша магистранты.
Қызметі
2012-2013 жылдары «Орал» медресесінің Директор орынбасары болды.
2013-2016 жылдары «Астана» медресесінде ұстаздық қызмет атқарды.
2015 жылы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінде хадис дәрісінен кешкі уағыз-насихат жүргізді.
2016-2017 жылдары Атырау облыстық «Иманғали» орталық мешітінің найб имамы қызметін атқарды.
2018-2019 жылдары Атырау қаласы, Жұлдыз ықшам ауданында орналсқан «Қажымұқан Мұңайтпасов» мешітінің бас имамы болды.
2017-2019 жылдары Муфтиятқа қарасты «Таwaf travel» қажылық компаниясының Атырау облысы бойынша жауапты өкілі болды.
2019 жылы ҚМДБ-ның Республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі ретінде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.
Қосымша
Діни қызметтегі еңбек өтілі – 8 жыл. Араб, түрік тілдерін меңгерген. Отбасылы, 3 қыздың әкесі.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі