Қарыз берудің сауабы
Күнделікті өміріміздің қажеттілігіне байланысты біреуге қарыз беріп, қарыз алып жатамыз. Алла тағала бізді жаратқанда бірімізді бай, бірімізді кедей, күшті немесе әлсіз етті. Құранда Мүлік сүресінің 2-аятында: «Ол сондай Алла, ізгі іс жүзінде қайсыларың жақсы екенін сынау үшін өлім мен тіршілікті жаратқан», - деп баяндайды.
Жаратушы иеміміз кімге мал-мүлік, дүние берген болса, ол өзінің зекетін беріп өзінен төмен мұқтаждарға, жетім-жесірге көмек беруге парыз етілді.
Қарыз беру сауапты істерден болып табылады. Егер біреуге қарыз беріп, оны сұрап бармай сабыр етсе, қарыз алушы қарызын қайтарғанға дейін сауабы келіп тұрады. Ал қарызды кешіріп жіберу – Алланың кешіріміне лайық болады. Хадисте «Кімде-кім бір мұсылманды дүние қиыншылығынан құтқарса, Алла Тағала ол пенденің қиямет күні бір қиыншылығынан құтқарады» деп айтылған. Басқа бір хадисте «Егер кешірімді болсаңдар, кешірілесіңдер» делінген. Ал қарыз алып, оны қайтаруға мүмкіндігі бола тұра кешіктіру зұлымдық болып табылады.
Шариғатымыз қарыз алушымен берушіге талап пен жауапкершілік жүктейді. Қарыз бергенде әуелі Алланың разылығы болу керек. Ол қарыздан пайда табу, яғни пайызға қарыз беру өсімқорлыққа жатады. Бұлай қарыз беру сауапты іс емес, керісінше күнаға апарады. Қарыз беруші мен алушы сенімділігімен танылған адамға қол хат жаздырып екі ер кісі немесе бір ер кісі және екі әйел кісінің куәлік етулерімен ешнәрсе көбейтілмей, кемітілмей толық әділдікпен жазылу керек. Аталмыш шарт Құранда бақара сүресінің 282-аятында толық егжей-тегжейлі баяндалған.
Асыл дініміз исламда үйретілгендей кісі қарызын қайтару үшін Аллаға көп истиғфар (кешірім) жасаса, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтса, әрі қарызды алғанда оны қайтару ниетімен алса, онда Алла оған жеңілдігін беріп қарыздан құтылуға жол ашады.
Жалпы мұсылман баласы қиыншылыққа түскенде Раббысына қайырылып дұға жасайды. Сахаба Әлиден жеткен риуаятта: «Бірде Әлиден құлдықтан біржолата құтылу үшін қожайынына белгілі мөлшерде төлемақы төлейтін болып келісімшартқа отырған бір құл келіп: «Келісімшарттағы қарызымды өтей алмай жатырмын. Маған көмек беріңіз» деп өтініш айтады. Сонда Әли оған: «Алла елшісі (с.ғ.с.) маған үйреткен дұғасын саған да үйретейін бе? Мойныңда таудай қарыз болса да Алла одан құтылуға жәрдемін береді:
اَللَّهُمَّ اِكْفِنِي بِحَلالِكَ عَنْ حَرَامِكَ، وَاَغْنِنِي بِفَضْلِكَ عَمَّنْ سِوَاكَ
«Уа, Аллаһым! Арам еткендеріңнен тыйылу үшін маған жеткілікті мөлшерде адал ризығыңнан нәсіп еткейсің. Мені Өзіңнен басқа ешкімге кіріптар ете көрме» - деп дұға ет» деп айтты.
Алла баршамызды қарызға батудан сақтасын.
Асемхан Ерғазин
Мұғалжар ауданының Бас имамы