ИХСАН – ТӘРБИЕ МЕН ТАҒЫЛЫМ НЕГІЗІ
Ислам діні ізгілік пен тәрбиенің негізі болып табылады. Асыл дініміз Құран Кәрім, хадистер жинағы мен ғалымдарымыздың жазбаша қалдырған еңбектеріне негізделіп, мұсылман қауымына бағыт-бағдар көрсетеді. Осының ішінде хадистер жинағына ғалымдарымыз ден қойып, «Қай хадис дін Исламды толығымен қамтиды?» деген сұрақ шеңберінде ой жүгірткен. Нәтижесінде ғалымдар дін исламды толық қамтыған хадис ретінде Омар ибн Хаттабтан (р.а.) жеткен «Жибриль» хадисі деп санайды. Хадистің мазмұнына назар салсақ ол мынадай: «Бірде Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) отырған едік. Еш күтпеген жерден үсті басы жинақы, жолаушыға еш ұқсамайтын бір адам кіріп келді де Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) алдына келіп, тізесін тізесіне тигізіп отырды да:
- «Уа Мұхаммед! Ислам деген не?», - деп сұрақ қойды.
- «Ислам – Алланың жалғыздығы мен менің оның елшісі екендігіме куәлік ету, намаз оқу, ораза ұстау, зекет беру, қажылыққа бару», - деп жауап қайтарады. Әлгі кісі:
- «Дұрыс айттың». «Ал «Иман» деген не?» деп сұрады. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
- «Аллаға, періштелерге, кітаптарға, елшілерге, қиямет күніне және жақсылық пен жамандықтың Алладан екендігіне сену», - деп жауап қатты. Әлгі кісі:
- «Дұрыс айттың», - деді. «Ал «Ихсан» дегеніміз не?» деп сұрағанда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
- «Ихсан» – сен Оны көре алмасаң да Алла тағала көріп тұрғандай құлшылықты құлшына жасау», - деп жауап берді.
Аталмыш хадистен шығарар тағылым Ислам дінінің ең негізгі үш тірегінің бар екенін көріп отырмыз. Сенімі жоқ адам болмайды. Ол «Мен ешнәрсеге сенбеймін»,- десе де, ол өз ойының тұңғиығындағы кейбір «пікірлеріне» сенеді, иланады. Енді бірі отқа табынса, енді бірі ағашқа, сиыр мен маймылға табынып келеді. Ал біз мұсылман қауымы қатарында болғандығымыз үшін тек қана Аллаға ғана иман етіп, Алладан ғана пана тілейміз. Ал күпірлікке келер болсақ, ол жүректің негізгі бағыт-бағдарына тосқауыл болып табылып, жақсылыққа бастамайды. Ал иман болса, адамзатты тек қана жақсылыққа бастайды. Ал жақсылық жасау адамды жұмаққа жетелейді. Бұл турасында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде келген.
Ихсан сөзінің терминдік мағынасы «Өзге адамға жақсылық жасау», «Жасаған ісін толық етіп жасау», - дегенді білдіреді. Бір адамның өз жұмысын толық етіп орындауы үшін жұмыстың қалай орындалатынын білуі тиіс. Сахаба әзіреті Әли бір сөзінде «Адамдар өз жұмыстарын жақсы жасауы олардың ихсан иелері болуларына байланысты» деп айтқан. Сәжде сүресінің 7-аятында Алла тағала әрбір нәрсені «ихсанмен» жаратқандығы баяндалады. Ғұлама Рағиб әл-Исфаһани осы тұрғыда былай деп тұжырым айтады:
- «Ихсан» «әділетті» болу деген ұғымнан үстем тұрады. Әділетті болу өз жұмысына уақытында барып, өз борышын бұлжытпай орындау. Ал ихсан болса, өз жұмысына уақытынан бұрын барып, өз борышын өз мөлшерінен артығымен орындау. Міне, сол үшін әділетті болу міндет, ал ихсан иесі болу мандуб амалдардан болып табылады».
Аят пен хадистердің мазмұнына назар салсақ, Алла Тағаланың әрбір ісі өте көркем екендігін көреміз. Осы орайда әрбір мұсылман баласы жасаған ісін аса көркем етуі керектігін көрсетеді. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жасаған бір дұғасында «Уа Раббым! Менің тұла бойымды қалайша көркем етіп жаратқаның секілді, мінез-құлқымды да сол секілді көркем ете гөр», - деп айтқан. Бұдан аңғаратынымыз Алла Тағаланың құлдарына өте мейірімді екендігі. Пенденің сұрағанының барлығын беретіндігін байқауға болады. Дене бітімінің әрі мінез-құлқының көркем болуы дұға тілеу арқылы жүзеге асатындығын көреміз. Өзінің ынта-талабы мен қабілетіне ғана емес бұл үшін Жаратқаннан көмек сұрау да мұсылманға тән мінез болуы тиіс екен.
Әһлі Сунна ғалымдары тұжырымдамасын негізге алған сопылық жолдың жолаушылары бұл мәселені «Алла мен құл» арасындағы ахлаққа яғни тәлім-тәрбиеге теңейді. Адам баласын Алла тағала қалайша көркем етіп жаратып, оған басқа да сансыз нығметтерді жайып салған болса, «құл» да өз кезегінде Аллаға қарымтасы ретінде оның осы нығметтеріне қарсы «көркем мінезі» мен Аллаға тәслім болып, оның әлсіз құлы екендігін ұғуы керек. Алланы осы себепті жақсы көруге шақырды. Бұл жолдың басты бағыты ол – Мурақаба. Яғни құл өзінің құл екендігін әрдайым есте сақтап, сөз немесе ісі арқылы Аллаға қарсы келмеу болып табылады.
Адам баласы қалайша ата-анасына, ағайын-туысына, бауырларына жақсы мәміледе болса, дәл сол секілді олардан басқа жерлестері мен отандастарына да жақсылық жасауы тиіс. Осылай жасағандарды Құран аятында «Мухсин» деп атайды. Ғалымдарымыздан мынадай бір сөз қалған: «Хасуна исләәмуһу», яғни «Оның осы жалғандағы әрекеттері мен сөздері өте керемет болды» деген сөз. Бұл үйінен қаза шыққан адамның үйіне барған уақытта айтылатын, куәлік ететін сөз. Бұл бір мағынада «Уа Жаратқан! Оны біз жақсы мұсылман деп білдік. Сен де солай білгейсің» деген сөз. Бұл сөздер ол адамның шынайылықпен, имандылықпен, парасаттылықпен ғұмыр кешкендігін растайды.
Ал ендеше мухсин болған адам қандай әрекеттер жасамақ. Ол ең алдымен өз ашуына ие болған, қателік жіберсе кеше білген, басқа түскен ауыртпашылыққа сабырлық таныта білген, барлық жан иелеріне мейіріммен қарай алған тұлға. Адам бойында осындай қабілеттер болуы тиіс екендігін жоғарыда аталмыш аят пен хадис дәлелдеп отыр.
Нахл сүресінің 90-аятында «Шүбәсіз Алла әділдік пен ихсанды сендерге бұйырады», - деп айтып өтеді. Тәпсірші ғалым И
имам Табари бұл жердегі «әділдікті» «кәлима таухид» деп, ал «ихсанды» Алланың әмірлеріне қарсы келмеу, Алланың әмірлерін орындау барысында сабырлық таныту деп түсіндірді. Имам Ғазали: «Ихсан – әр адам өзін-өзі жақсы көргені секілді, басқаны да сол секілді сүйе білуі тиіс» деп аталмыш сөзге анықтама береді.
Әңгімеміздің төркінін Абай атамыздың мына сөзімен қорытындыласақ:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті.
Демек, бұқара халық ішінде бір-бірін құрметтеген, сүйе білген жандар табылған болса, бұл Алла тағаланың бір сыйы екендігінің белгісі. Жағдай осылай екен деп қол қусырып отыруға мұсылманға жараспас. Шын мұсылман адам жаннан тәтті Аллаға ынтық болуы керек. Жұмаққа қадам басуы керек. Және де жақсылықтың жақсылықпен қайтатынына сенуі керек.
Бақыт Тойшыбаев
Шалқар ауданының Бас имамы