Іштарлық дерті
Халифа Мұғтасымның бір бәдәуи досы болған екен. Бәдәуи дала арабы болғандықтан оған хан да, қара да бірдей еді. Сондықтан, ешбір қысылмай ішіндегісін бүкпей халифамен сөйлесетін. Халифаға да оның осы қасиеті ұнаса керек. Бәдәуи аңыз-әңгімелер мен түрлі қиссалар айтып, халифаның жүрегіне жол тауыпты. Мұғтасым бәдәуи досымен ұзақ әңгіме-дүкен құрып сұхбаттасады екен. Бәдәуиге халифа сарайының қақпалары әрдайым ашық болыпты. Ешбір уәзірі кіре алмайтын бөлмелерге емін-еркін кіруіне рұқсат етіліпті.
Атақ жоқ, шені жоқ бұл бәдәуидің халифа құзырындағы беделін ең жақын уәзірі қызғана бастапты. Мұндай қаңғыбас біреу қалайша бізден артық болмақ деп іштарлық сезімі ішін өртей түседі. Ақыры аңғал бейшараны тұзаққа түсірмек боп жоспар құрады. Уәзір онымен жылы сөйлесіп, өзіне жақын тартуға тырысады. Ақыры үйіне шақырып, қазан асып қонақ етеді. Етке сарымсақты көп салған екен. Шығарып салып тұрып қонағына: «Халифа сарымсақ иісін құп көрмейді. Бірнеше күн халифаға жақындамай сөйлескенің жөн», - деп кеңес береді.
Ертесіне Халифаның шақыртуымен сарайға келген бәдәуи бетін жауып Мұғтасыммен қашық тұрып сөйлеседі. «Бұған не болған?», - деп сұрап еді, уәзір: «Жұртқа халифаның аузынан біртүрлі жағымсыз исі шығады», - деген қауесет таратып жүр екен», - дейді. Қонағынан мұндайды күтпеген Халифа қатты ашуланады. Бірнеше күннен кейін бәдәуиды шақырып алып: «Мына хатты пәленше әкімге жеткіз», - деп тапсырма береді. Көңілінде ешбір жаман ойы жоқ бейшара «құп болады» деп жолға қамдануға беттейді. Сарай дәлізімен келе жатқан бәдәуиді арампиғыл уәзір байқап, «мұнда кел» деп шақырады. Қолындағы халифаның хатын бірден тани қояды. «Бұл бәдәуи тағы да тұзағымнан сусып шығып кетті білем» деп іші қылп ете қалды. «Қап пәлем, бұған халифа бір сый-сияпат бермек болар», - деген оймен бейшарадан жөн сұрайды. Әкімге бара жатырмын дегенде, күдігі расталғандай болады. Бәдәуиге «жанашырлық танытып» жол машақатынан құтқарып, оған қоса екі мың динар ақша да берейін. «Саған жасаған жақсылығым болсын, хатты өзім жеткізіп салайын», - деп өтінеді. Бәдәуи:» Сіз жақсырақ білесіз, дегеніңіз болсын!», - деп хатты уәзірге бере салады.
Уәзір хатты алып ұшып әкімге жетеді. Хатта «Саған сәлемдемемді табыстаған кісіні шұғыл жазалауға бұйрық етемін», - деп Халифа пәрмен берген екен. Халифа әміріне құлдық деп әкім уәзірдің басын алады. Бірнеше күн өткен соң, Мұғтасым бәдәуидің жағдайын сұрамақ боп уәзірін шақыртады. Бірақ сарайдағы нөкерлер бернеше күннен бері уәзірден ешбір хабар-ошар жоқтығын айтады. Ал бәдәуи аман-сау екенін хабар береді. Халифа лезде бәдәуиді құзырына алдырады. «Хатты не істедің?», - деген сауалына «Уәзір өз қолымен табыстаймын деген соң беруге мәжбүр болдым» дейді бәдәуи. Сонда, Халифа: «Мен жайлы таратып жүрген қауесетің не?!», - деп ашуланады. Жазықсыз бәдәуи болған жағдайды толықтай әңгімелеп береді. Сонда халифа уәзірінің өзі құрған тұзақтың құрбаны болғанын біледі.
Расында көреалмаушылық пен іштарлық адамның көзін соқыр етеді. Адам баласын менсінбейтін күйге тап етеді. Адамдар қандай лауазымға ие болса да, барлығы Құдай мен патша заңының алдында тең құқылы екенін ұмытып кетеді. Міне, осындай жағдайға Мұғтасымның уәзірі тап келді. Қарапайым бәдәуиді адам құрлы көрмеді. Табанының астына жаншып тастағысы келді. Алпауыт мемлекеттің уәзірі бола тұра, қарапайым адамның басындағы бағына күндестік етті. Халифаның оған деген ілтипатын қызғанды. Ақыры, жүрегінен маздап тұтанған іштарлық оты оны жалмап тынды.
Ержан Мизамов
«Жастар ісі» секторының
Ақтөбе облысы бойынша жетекшісі