Шалқар ауданында  жаңа мешіттің іргетасы қаланды 3376

Шалқар ауданында жаңа мешіттің іргетасы қаланды

31 мамыр 2024 334 Оқу 1 минут

Шалқар ауданының бас имамы Абзал Медетбеков мешіт ақсақалдарымен бірге құлшылық үйінің алғашқы кірпіштерін қалады.

Ғибадатхананың алғашқы қазығын қағу салтанатына Шалқар ауданының бас имамы Абзал Медетбеков, Шалқар ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Ақшолақов , Ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Қаниятов, Шалқар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Інжілісұлы мен жанашыр-тілекші Шалқар ауданының ақсақалдары мен қала тұрғындары қатысты. 

«Қазығы қағылып жатқан жаңа мешіт – Шалқар ауданындағы 10 - шы мешіт . Алла қаласа, бұл ғибадат үйінде бір мезетте 300 -ден астам адам құлшылық жасай алады. Мешіт құрылысына қолдау көрсетіп жатқан барша азаматтарға Алла разы болсын», - деді бас имам Абзал Медетбеков.

Игі шараның барысында жаңадан ашылатын мешіттің жобасы жиналған көпшілікке  толықтай түсіндірілді. Сонымен бірге сауапты бастаманың құрметіне құрбан шалынып, киіз үйде барша жамағатқа  ас берілді.

Айта кетейік, Шалқар қаласында бой көтергелі жатқан жаңа мешіттің іргетасы Байсалбаев көшесінде қаланды. Мешіт құрылысына 1 гектарға жуық жер берілген. Бұл жаңа ғимаратта намазхана, имам, найб имам бөлмелерімен қатар Құран оқитын бөлмелер салынбақ. Мешіттің  дәретханасы да қарастырылған. Сонымен қатар, мешіт ауласында жеміс ағаштары егілетін бақшасы болады деп жоспарлануда.

Сондай-ақ, жиында аудан әкімінің орынбасары Қайрат Ақшолақов игілікті бастамаға сәттілік тілеп, ел мүддесіне бағытталған осы сауапты істің басталуына үлес қосқан барша халыққа алғысын жеткізді.

Шараны аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Інжілісұлы бастаған ақсақалдар  қорытындылап, бата берді.