«Шалқар» қайырымдылық мекемесі ашылды
Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Шалқар қаласында жомарт жандардың демеушілігімен Шалқар ауданының 90 жылдығына, «Жанаман ахун Сейітімұлы» мешітінің 30 жылдығына орай «Шалқар» қайырымдылық мекемесі ашылды.
Қайырымдылық мекемесінің ашылу салтанатына ҚМДБ «Уақып» қорының басқарма төрағасы Ардақ Нүсіпханұлы, Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлы, аудан әкімі Жанболат Өтеғұлұлы және тағы басқа аудан басшылары, ақсақалдар мен қала тұрғындары, имамдар және БАҚ өкілдері қатысты.
Аталған «Шалқар» қайырымдылық мекемесінің қазығы 2019 жылдың 28 қарашасында қағылды. Тиянақты жүргізілген құрылыс жұмыстарының нәтижесінде 80 адамға арналған білім ордасы сәтті аяқталды.
Ал шара барысында құрметті қонақтар рет-ретімен сөз алып, жүрекжарды лебіздерімен бөлісті. Көпшіліктің қуанышымен бөлісуге арнайы келген «Уақып» қорының басқарма төрағасы Ардақ Нүсіпханұлы: «Құрметті Шалқарлықтар, ізгілер мен құрметті жақсылар, бүгінгі жер бетіндегі ең қасиетті ең таза мекен Алланың үйінің жанынан ашылып жатқан қайырымдылық мекемесі баршаңызға құтты болсын! Осы білім ордасы ел халыққа білім мен имандылық сыйлаған, тазалық пен туралыққа шақырған,тақуалардың мекені болуды Алла Тағала нәсіп етті. Білім ордасы – Алла Тағаланың сүйген құлдары пайғамбарлардың мирасы. Сондай-ақ Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Алла үшін уақып ететін болса, Алла Тағала оған үзілмес сауап келіп тұратындығын білдіріп, жақсылық жасауға шақырады»-дей келе, аталған білім ордасының салуына демеушілік танытқан Бекнұр Жоламанұлы мен Данияр Жаңабайұлына ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының алғыс хатын табыстады.
Сонымен қатар облыстың Бас имам Серікжан Еншібайұлы өз құттықтауында: «Шалқар өңірі – діни тал бесіктің ордасы. Бүгінде соның куәсі болып отырмыз. Қайырымдылық мекемесінің ашылуымен құттықтаймын!
Діни басқарма жеті бағыт бойынша жұмыстарға басымдық береді. Соның бірі – қайырымдылық. Мақсатымыз – көпбалалы, көмекті қажет ететін отбасыдан шыққан оқушыларға қолдау көрсету. Осы мекемеге қабылданған оқушылар мектептегі сабағын оқумен қатар имандылық дәрістерін тыңдайды. Мақсат – отаншыл, иманды, білімді жастар санын арттыруға үлес қосу. Осы ретте Діни басқарма бастамасын қолдап, қайырымдылық мекемесін салуға демеуші болған азаматтарға айрықша алғысымды білдіремін» дей келе, игі іске ұйытқы болған 8 азаматқа азаматты алғыс хатпен марапаттады.
Ал салтанатты шарада аудан әкімі Жанболат Өтеғұлұлы тұрғындарды қайырымдылық мекемесінің ашылуымен құттықтап, бірқатар демеушілік жасаған азаматтарға өз атынан алғыс хат берді.
Шара барысында мерекелік дастархан жайылып, ақсақалдар батасын берді. Сонымен қатар мерейтойға орай қазақ күресінен, садақ атудан үлкен көлемде сайыстар ұйымдастырылды. Сайыстарға Түркістан облысынан, сондай-ақ көршілес Мұғалжар, Байғанин аудандарынан балуандар қатысты. Ал садақ атудан 53 үміткер жарысты.
Қазақ күресінен І орынға 100.000 теңге, ІІ орынға 80.000 теңге, ІІІ орынға 50.000 теңге жүлделер берілсе, ал садақ ату бойынша І орынға 15.000, ІІ орынға 10.000 теңге, ІІІ орынға 5000 теңге жүлде табыс етілді.
Қайырымдылық мекемесінің қысқаша сипаттамасы:
Жер көлемі: 48 соттық,
Жалпы аумағы – 0, 4870 га, қайырымдылық мекемесінің көлемі – 600 шаршы метр.
Қайырымдылық мекемесі 1 қабаттан тұрады. Атап айтқанда, басшы бөлмесі, сырт киім сақталатын орын, Құран оқитын сыныптар,16 орындық жатын орынмен, оқу сыныптары мен ұстаздар бөлмесі, кітапхана, интернет желісі тартылған компьютер бөлмесімен, шеберханамен қамтылған.
Сыйымдылығы: 80 адам.
Басталған жылы: 28 қараша, 2019 жыл.
Ашылды: 28 тамыз, 2022 жыл.
Мекен жайы: Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Шалқар қаласы, Ы.Үргенішбаев көшесі, 39А.
Айта кетсек, қайырымдылық мекемесінің жанынан жалпы көлемі 1900 ш.м. болатын аумаққа жеміс ағаштары отырғызылған.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі