Ақтөбе: Уақып қорының «Руханият» дүкені ашылды
Бүгін облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің ауласында ҚМДБ «Уақып» қорының «Руханият» діни дүкені ашылып, лентасын облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы мен «Qamqor-Sharapat» салттық қызмет көрсету орталығының директоры Мейрамбек Қабылбекұлы қиды.
Мұсылман тауарлатын сататын діни дүкеннің ашылуына имамдар мен ақсақалдар т.б қатысты.
«Әнас ибн Мәлик (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Ансарлардың ішінде құрма ағаштарын ең көп иемденген Әбу Талха болатын. Дүниелерінің ішіндегі оған ең қатты ұнайтыны мешіттің алдында орналасқан Байруха атты құрма бағы еді. Ол баққа Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп, отырып, демалып, оның мөлдір де таза суынан ішіп тұратын. Қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресі, 92-аятындағы:
«Жақсы көрген нәрселеріңді Алла жолында жұсамайынша, әсте жақсылыққа жете алмайсыңдар», – деген аят нәзіл болғанда Әбу Талха (Алла оған разы болсын) ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Уа, Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)! Алла Тағала біздерге: «Жақсы көрген нәрселеріңді Алла жолында жұсамайынша, әсте жақсылыққа жете алмайсыңдар…», – деді. Ал менің ең сүйікті, жақсы көретін нәрсем – Байруха бағы. Сондықтан Алла жолындағы берген садақам сол болсын», – дейді. Бұған Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Тамаша! Бұл дүние табыс әкеледі, әлбетте табыс әкеледі! Мен сенің айтқан сөздеріңді естідім, расында, мен оны туысқандарың мен жақындарыңа беруің керек деп ойлаймын», – деді. Осыдан кейін ол оны туысқандары мен әкесімен (не анасымен) ағайындас ағасының балаларына бөліп берді» (имам Бұхари, Мүслим).
Бізбұл оқиғадан Әбу Талханың (оған Алла разы болсын) туыстарына арнайы уақып жасағанын анық аңғарамыз. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзіне сыйға берілген бау-бақшаны (ол заманда бау-бақша ең үлкен табыс көзі ретінде бағаланған) уақып ретінде жұмсаған.
Уақып – сарқылмас қазына екенінін ұмытпауымыз. Бүгінгі дүкеннің ашылуы да сауабы үзілмейтін игі істің жалғасы»,-деді облыстың Бас имамы.
Айта кетсек, дүкеннен түскен қаржы Хусамуддин әс-Сығанақи атындағы ислам институтының шәкірттерінің білім алуына жұмсалатын қажеттіліктеріне аударылады.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі