РАНТ МҮШЕСІ ЖАМАҒАТТЫ БІЛІМ АЛУҒА ШАҚЫРДЫ
ҚМДБ «Уағыз-насихат» бөлімінің жоспарына сәйкес Ақтөбеге РАНТ мүшесі арнайы іс-сапармен келген болатын. Хромтау ауданы «Нұр» мешітінде өткен «Ислам діні және дәстүр құндылықтары: Кеше, бүгін, ертең» атты жиында, «Орал медресе колледжі» ЖМ директоры, РАНТ мүшесі Талғат Мұратұлы «Ислам діні ғылымға негізделген» тақырыбында насихат жасап жамағатты білім алуға шақырды.
Талғат Мұратұлы насихатында: «Мұсылман әлемінде ғылым – ерекше құрметке ие құндылық. Ертедегі ислам мемлекеттерінде патшалар танымал дін қайраткерлерін қамқорлығына алды, қабілетті ғалымдардың жұмыс істеуіне мүмкіндіктер жасап берді. Ерте кезден-ақ ислам әлемінің барлық қалаларындағы мешіттер мен медреселерде біртіндеп кітапханалар салына бастады. Бұл іс ислам әлемінің білім алуға қаншалықты деңгейде көңіл аударғанын аңғартса керек. Мұсылман елдерінің саяси-қоғамдық өмірінде философтар мен ойшылдар маңызды рөл ойнағанын тарихтан білеміз. Мұсылман ойшылдары қоғамдық пікірге ықпал етті және көптеген мемлекеттік маңызы бар шешімдердің қабылдануына түрткі болды. Әбул Әсуад әд-Дуали былай деген еді: «Патшалар адамдарды басқарады, ал патшаларды ғалымдар басқарады». Бұл сөз билеушілердің білім иелеріне жүгінгенін аңғартады. Ғұламалар тұщымды ойлары мен нәрлі сөздері арқылы қарапайым халыққа да ақылшы болып отырды. Ислам әлемінде орта ғасырларда болған ғылыми жетістіктері қоғамның білім деңгейіне де әсер етті. Ойшыл-философ әл-Кинди, математик әл-Хорезми, дәрігер, ақын Ибн Сина, математик, астроном әл-Баттани, екінші ұстаз әл-Фараби т.б. даналар мұсылман әлемінен өсіп өнген», - деді.