Наиб имам «Құмар ойынның құрдымы және зардабы» туралы ақпараттық-түсіндіру жүргізді 2855

Наиб имам «Құмар ойынның құрдымы және зардабы» туралы ақпараттық-түсіндіру жүргізді

11 шілде 2024 484 Оқу 1 минут

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Азат Ерланұлы Ақтөбе облысы МКҚБ-ның жеке құрамына «Құмар ойынның құрдымы және зардабы» туралы ақпараттық-түсіндіру жүргізді.

«Адам баласының өмірі қамшының сабындай қысқа. Сол аз ғана ғұмырының санаулы сағаттарын жақсы бағалай алған адам жетістікке жетеді. Өмірдің бағасын білмегендер басын тауға да, тасқа да соғып жүріп, ақырында қалай өлім келгенін де білмей қалады. Қазіргі таңда казино, букмекерлік кеңсе, лотерея, карта ойнау секілді бәс тігілетін ұтыс ойындары қоғамның дертіне айналып отыр десем артық айтпағаным болар. Адамды бос үміттің жетегіне салып, маңдай терсіз табысқа кенелтетін бұл ойындар күнәлі істерге есік ашады».-деді наиб имам.

Сонымен қатар «Құмар» сөзімен мағыналас Құран аятында «майсир» сөзі келтірілген. Бұл сөз жеңіл жолмен мал табу мағынасын меңзейді. Қазіргі қоғамда жұмыссыздық меңдегендіктен, кейбір жандар арақ-шарапты пайдаланумен қатар құмар ойындарына бас сұғып жатыр. Ислам дінінде құмар ойындары харам етілгендігі туралы Құран кәрімнің «Мәйда» сүресінің 90-91-аяттарында: «Әй, мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тастар (пұттар) және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар. Негізінен шайтан арақта, құмарда араларыңа дұшпандық әрі кек салып, Алланы еске алудан және намаздан қалдыруды қалайды. Ал сонда да тыйылмайсыңдар ма?» – деп келтірілген Демек, аятта ең үлкен күнәлардың қатарында Аллаға серік қосумен бірге арақ ішу, бал ашу, құмар ойнау да ерекше айтылғандыгы туралы жіті баяндады.

Кездесу қортындысында қатысушылар наиб имамға сауалдарын қойып, тұщымды жауап алды.


Ақтөбе облыстық орталық

 «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі