Құран бұлбұлы – АБДУЛБАСИТ АБДУСАМАТ 285

Құран бұлбұлы – АБДУЛБАСИТ АБДУСАМАТ

28 қазан 2020 129 Оқу 1 минут

Құран жаттап жүрген ортада Абдулбасит Абдусамад қариды танымайтын адам жоқ десе де болатын шығар. Ол – өткен ғасырдың ең көрнекті қариы. Күміс көмей, айрықша дауыс иесі. Ислам әлеміне тұтастай әйгілі мысырлық Құран жаттаған адам.

Абдулбасит қари 1927 жылы Гермонтис (Арманат) қаласында дүниеге келген. Ол Құран ілімін, оның ішінде жаттау және тәжуид ілімімен айналысатын жанұяда туды. Атасы мен әкесі танымал Құран ғалымдары болды. Абдулбасит өз естелігінде: «Он жасқа толғанда Құранды толығымен жаттап тәмамдадым. Әкем ақпарат министрлігінде қызмет істейтін, ал атам ғалым кісі еді. Атама Құранның қырағат саласын оқығым келетінін айттым. Ол Танта қаласында Құран және қырағат ғалымы Мұхаммед Салимнен үйрену керектігін айтты. Мен тұратын қала мен Танта арасы тым қашық еді. Алайда, бұл мәселе менің болашағыма қатысты еді. Танта қаласына жолға шығуға қамданған уақыттан бір күн бұрын шейх Мұхаммед Салим біздің қаладағы діни институттан қырағат мектебін ашуға келгенін білдік. Қала халқы ол кісіге Құран жаттау орталығын тұрғызып берді. Осылайша, жұрт тәлім ала бастады. Мен де Құран жаттап, Шатыбиді сол кісінің қолында жаттап шықтым», - дейді.

1950 жылы Абдулбасит Каир қаласына келді. 1951 жылы Мысыр радиосына қызметке тұрды. Ол радиодан ең алғаш Фатыр сүресін оқыды. Ал, 1952 жылы имам Шафиғи мешітіне Құран оқушы боп тағайындалды. 1985 жылы имам Хусейн мешітіне қызметке бекітілді. Абдулбасит радиоға қызметке орналасқан уақытта радио сатып алушылар саны көбейді. Ол жылдары бүгінгідей әлеуметтік желілер мен арналар шектеулі болды. Радио ең қолжетімді құрал еді. Радиодан қаридың дауысын естіген соң әлемнің түкпір-түкпірінен шақырулар түсе бастады. Қариды әр мемлекеттерде ресми түрде қарсы алып, оның дауысын есту үшін мешіттерге мыңдаған адамдар ағылды. Пакистанға барғанда қариды мемлекет президенті өзі арнайы қарсы алды. Ал, Индонезия астанасы Жакартаның ең үлкен мешітінде Құран оқыған кезде тыңдауға келген халық мешіттен шақырым қашықтыққа дейін созылып жатты. Абдулбасит әлемнің ең үлкен мешіттерінде Құран оқыды. Меккедегі Харам мешітінде, Мадинадағы Пайғамбар мешітінде, Құдыстағы Ақса мешітінде, Палестинадағы Ибраһими мешітінде, Дамаскідегі Уммауи мешітінде және бұдан да басқа Азия, Африка және Құрама штаттары, Франция және Индия мешіттерінде тиләуат етті.

1956 жылы Сирия мемлекеті ғалымды Истихқақ орденімен, Ливан Урз орденімен, ал Малайзия алтын орденмен марапаттады. Сонымен бірге, Синегал, Марокко мемлекеттері де ғалымға орден табыстады. 1990 жылы Мысыр мемлекеті ғалымға қайтыс болғаннан кейін орден берді. Бұл марапаттар ғалымның Құран ілімін дамытуға қосқан үлесінің лайықты бағалануы еді. Мысыр радиосында ғалымның күміс дауысымен жазылған мол мұра сақтаулы. Ғалым «Құран Кәрім хафиздары ұйымын» негізін салушылардың бірі ретінде белгілі. Құран ғалымы 1988 жылы қайтыс болды.

Құран бұлбұлының даусын бүгінде естуге болады. Ол өте оңай. Оның бір жолы – ұдайы жаныңызда жүретін ұялы телефонға Құран қосымшаларын жүктеп алып, тыңдауға болады. Марқұмның артынан өлгеннен кейін де үзілмейтін барып тұратын сауаптардың бірі – осы. Алла Абдулбасит қариді рақымына бөлегей! (Әмин)

Ибраһим Мұстафа, Ақтөбе.

Арнайы nurgasyr.kz үшін