ОҢ ҚОЛМЕН ТАМАҚТАНУ МІНДЕТ ПЕ?
Шариғатымызда барлық нәрсенің үкімі мен әдебі Құранда, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде, ғалымдарымыздың кітаптарында баяндалған. Салман Фарисидің (Алла оған разы болсын) мүшріктерге жауап бергеніндей, Алла елшісі үмбетіне тіпті әжетханаға кіріп-шығу әдептеріне дейін үйретіп кеткен.
Мысалы, намаз оқитын адам намаз оқыр алдында дәрет алу, таза киім кию, намаз оқитын жердің таза болуы сияқты шарттарды орындайтыны белгілі. Сол секілді мұсылман адамның тамақ ішкен кезде ұстанатын белгілі әдептері бар. Соның бірі – тамақты оң қолмен жеу.
Тамақтанбас бұрын алдымен қолды жуу керек. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Тамақ ішер алдында және тамақтан кейін қол жуу кедейлікті жояды және бұл амал – пайғамбарлардың сүннеті», – деген (Табарани.).
Тамақ «Бисмилләһ» деп айтып барып жеу қажет. Хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Тамақ жер алдында «бисмилләһ» деп айтыңдар. Егер тамақ ішіп жатқанда «бисмилләһ» деп айтуды ұмытып кетсеңдер, есіне түскен сәтте дереу «Бисмилләһи фи әууәлиһи уә ахириһи» деп айтыңдар», – деген.
Тамақты оң қолмен жеу – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті. Ибн Омардан (оған Алла разы болсын) риуаят етілген хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім тамақ жесе, оны оң қолымен жесін. Су ішсе, оң қолымен ішсін. Өйткені шайтан сол қолымен жейді, сол қолымен ішеді», – деген (Мүслим). Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Омар бин Әби Сәламаға (оған Алла разы болсын.): «Әй, бала! Тамақ жегенде Алланың атымен баста, оң қолыңмен же және алдыңнан же», – деген. Имам ән-Науауи осы хадистегі сол қолмен ішіп-жеуден тыюға байланысты: «Оң қолмен ішіп-жеу – мұстахаб, сол қолмен ішіп-жеу – мәкрүһ. Егер адамның оң қолында мүгедектік, науқастық секілді үзір болса, оған сол қолмен жеу мәкрүһ болмайды», – деген түсіндірме берген. Демек оң қолмен ішіп-жеу – Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті. Ал ешбір үзірсіз сол қолмен ішіп-жеу –сүннетке қайшы әрі мәкрүһ. Сондықтан мұсылман сүннетке сай оң қолымен жеуге әдеттенуі керек. Егер оң қолмен жей алмайтындай үзірі болса ғана сол қолымен жеуге рұқсат етіледі.
Медет ҚҰРМАШҰЛЫ,
«Иман» журналы, №3, 2023 жыл