ҚАЖЫЛЫҚ ӘДЕПТЕРІ 1783

ҚАЖЫЛЫҚ ӘДЕПТЕРІ

14 маусым 2022 97 Оқу 1 минут

Қажылықтың хикметі

Исламдағы әрбір парыздың өзіндік мәні мен мағынасы, хикметі баршылық. Әрине, құлшылық әуелгі кезекте Жаратушының бұйрығы болғандығы үшін атқарылатыны даусыз. Дегенмен, оның тысында да құлшылық түрлерінің белгілі бір хикметтері бар екені де талассыз.

Мәселен, намаздың хикметі– Жаратушы мен құл арасындағы қатынасты жоғарғы деңгейде ретке келтіру арқылы пенденің рухани өмірін түзеу.Ораза хикметтерінің бірі – тән саулығына жағымды әсер беру. Зекеттің хикметі – кедей мен бай арасына байланыс орнатып, өзара сыйластыққа арқау болу. Осының нәтижесінде қоғам өмірін дұрысталады. Бізсөз еткелі отырған қажылық болса, әр аймақтағы мұсылмандардың басын қосып, әлем мұсылмандарының ауызбіршілігін нығайтады. Сондай-ақ, қажылық Адам атадан бастап қазіргі күнге дейінгі барлық адамзат қауымы арасын бір-бірімен байланыстырады; көне ғасырдың маңызды тұстарын сәулелендіріп, бүгінге жалғайды.

Қажылық сапарының маңызды рәсімдері негізінен хазірет Ибраһим (а.с.) мен сол дәуірде болған оқиғалардан туындаған. Ол Намруд, Перғауын және шайтанмен көп күрескен. Жұбайлары Сара мен Хажар, ұлы Исмаил, тіпті мал-мүлкімен көптеген сынақтарды өткерген. Дегенмен хазірет Ибраһим бұл сынақтардың бәріненсүрінбей өтіп, зұлым күштерді жеңе білген. Қажылықтың мәні зор екенін осыдан-ақ көруге болады. Әрине, еңалдымен ол  Жаратушы иеге деген қалтқысыз құлшылықты білдіреді.

Құлшылық пен әдептің байланысы

Құлшылық мағрифатпен тікелей байланысты. Абай атамыздың «Ақылды адамға иман парыз, иманды адамға құлшылық парыз» дейді. Расында, ақыл иесі өзінің мына ғажап әлемге қалай келгенін ойланбауы, осы әлемді жаратқанҚұдайдыіздемеуі мүмкін емес. Ал Жаратушы иені шамалап таныған, мағрифатта тереңдеген пенденің құлшылыққа ынта білдірері де анық. Өйткені, қасиетті Құранда Алла тағала:«Мен жындар мен адамзатты өзіме құлшылық ету үшін жараттым», - дейді (Зарият сүресі, 56-аят).Құлшылық жасаған пенде Жаратушы иеге жақындай түседі. Жақындаған сайын Жаратушыдан өзіне әдеп үйренеді. Пайғамбар болса, әдептіліктің мінсіз үлгісін өзінің іс-әрекетімен көрсетеді. Оның үстіне құлшылықты да белгілі бір әдеп шеңберінде орындауы міндетті болады. Құлшылық арқылы пенде әдепті құл болу деңгейіне көтеріледі.

Қажылықтың кейбір сүннеттері

Әдептерін айтпас бұрын қажылықтың кейбір сүннеттерін де еске сала кетейік.

  • Ихрамға кірерде ғұсыл не дәрет алу;
  • Ихрамның сүннеті деген ниетпен екі рәкат намаз оқу, бұл намаздың алғашқы рәкатында «Кафируун» сүресін, екінші рәкатында «Ықылас» сүресін оқу;
  • Ихрам үшін ақ әрі таза екі матаға орану;
  • Ихрамнан бұрын хош иіс себіну;
  • Ихрамнан кейін әрбір таңсәріде, әр намаз оқырда, ылдиға түсіп не жоғары шығарда, жолаушылар тобымен жолыққанда орта дауыспен үш рет Тәлбия айту (Ләббайкаллахумма ләббәйк ... деу);
  • Тәлбиялардан кейін Пайғамбарымызға салауат пен сәлемді көп айту;
  • Салауаттардан кейін Аллаға жалбарынып, белгілі дұғаларды оқу;
  • Меккеге кірерде жуыну, күндізгі уақытта кіру;
  • Қағбаны көргенде дұға ету;
  • Бәйтулланың алдында тәкбір мен тахлил айту;
  • Меккеде болған кезінде жиі нәпіл тауап жасау;
  • Зиярат тауабының алғашқы үш шаутында ер кісілердің «Рамал» жасауы (адымдарын қысқартып, иықтарын сілкіп, айбынды болып жүруі) және т.б.

Қажылық кезіндегі әдептер

Ислам діні әрқашан шынайылықты талап етеді. Ниет тек Алланың разылығы болуы тиіс. Одан басқа дүниелік ниетпен қажылық атқару оның сауабын кемітеді. Қажылық кезінде жасандылықтан аулақ болып, риядан сақтанған жөн. Біреулер көрсін, білсін деген ой қасиетті сапарға шыққан кісіге жат болуы тиіс. Ол үшін барлығын қалт жібермей бақылап тұрған Жаратушы иенің білуі, көруі, ниеті мен құлшылығын қабыл алуы жеткілікті. Жұрттың сөз етуі, арқадан қағуы, мақтау сөз айтуын іштей қаламауы қажет.

Қажылыққа ниет еткен жан мойнында кісі ақысы болмауына көңіл бөледі. Егер қарызы болса беріп, реніші барлармен татуласады. Хадисте «Шейіттер ақыретте ешбір сұраусыз жәннатқа кіргенімен, кісі ақысы мәселесінде бәрібір сұралатыны» айтылған. Сондықтан қажылыққа баратын кісі мойнында кісі ақысы болмауына ерекше мән бергені дұрыс.

Туыстар мен таныстардан игі бата алу, дұға сұрау да қажылыққа аттанушыға жарасымды. Өйткені, көптің батасы қабыл болары анық. Пайғамбарымыз да өзгелер үшін дұға тілеуге ынталандырған.

Қажылыққа арам араласпаған таза қаражатымен барған дұрыс. Харам араласқан табыс пендеге жақсылық әкелмейді. Қасиетті сапарға адам өзінің ақ адал, маңдай терімен тапқан қаражатын жаратып барғаны өте дұрыс. Жаратушы ие таза, пәк болғандықтан, тек таза ниетпен жасалған игі істерді қабыл алып, таза жандардың тілеген дұғаларына ғана жауап қатады.

Қажылыққа аттанған жан отбасын жеткілікті қаражатпен қамтамасыз етуі керек. Артында қалған бала-шағасы ештеңеден таршылық көрмеуі тиіс. Онсыз да қажылық дәулетті кісілерге парыз етілген. Сапар барысында Алладан қатты қорқып, зікірлерін аузынан тастамағаны жөн.

Орынсыз ашуланбай, байыпты, байсалды, сабырлы мінез көрсетуі керек. Қажылықтың машақатына разылық танытқаны дұрыс.

Қажылық кезінде сауда-саттыққа қатты беріліп кетпегені жөн. Әрдайым түпкі ниетін таза ұстап, құлшылығын шынайы орындауға ынтасын еселегені жөн.

Дәретсіз жер баспауға көңіл бөліп, үнемі дәретті болғаны мақұл.

Үйінен шығарда екі рәкат нәпіл намаз оқып шыққаны дұрыс.

Күнәларына тәуба етіп, қаза намаздары болса, соларды өтеуге барынша тырысуы керек.

Аллаға кішіпейіл құл болуға тырысып, сапарластарына менсінбеушілікпен қарамағаны дұрыс.

Қажет болса, қасиетті сапар барысында өзіне көмек бере алатын, дұрыс насихат, кеңес айта алатын, сабырға шақыратын, көркем мінезді серік тапқаны дұрыс.

Сапарлас жандармен сөзге келмей, дөрекілік танытпай, бәрімен бауыр екенін сездіріп, татулықта жүре білуі тиіс.

Қажылықтан қайтқанда да үйінде екі рәкат намаз оқып, Жаратушыға шүкір еткені дұрыс.

Қажылықтан келген соң құлшылыққа деген ынтасын сақтап, шынайы мүмин құл болуға әрекеттенгені жөн.

Иә, қажылыққа бару үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өз әдебіне сай орындалған қажылық үлкен сауапқа кенелтеді. Әдепті құл болу әрбір мұсылманның мұраты болуы тиіс. Себебі Жаратушы иеміз әдепті құлдарын жақсы көреді. Пайғамбарымыз да үмбетін әдептілікке баулыды. Сондықтан Ислам дінін ұстанушыларға не істесе де өз әдебімен істеу жарасады. Қажылықтың әдептері де қасиетті сапардағы мәні зор құлшылықты өз деңгейінде Жаратушыға ұсына білу үшін қажет.

 

Алтынбек Ұтысханұлы,

Атырау облысының бас имамы