Жасанды жолмен жаңбыр жаудырған дұрыс па? 1119

Жасанды жолмен жаңбыр жаудырған дұрыс па?

22 қараша 2021 209 Оқу 1 минут

Құранда жауын-шашынның Алланың қалауымен ғана жауатыны баяндалған. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Расында, қияметтің қай уақытта орнайтыны бір Алланың құзырында және жаңбырды да (қалған уақытында, қалаған жеріне) Өзі жаудырады», – деген («Лұқман» сүресі, 34-аят).

Алла Тағала әлемдегі барлық құбылысты себеп-салдар заңдылығына тәуелді еткен. Жаңбыр жауудың да себептерге байланысты екені мына аятта былайша баяндалған:«Алла әуелі желдерді естіреді, сөйтіп (Оның құдіретімен) ескен желдер бұлттарды қозғалысқа келтіреді. Содан Біз ол бұлттарды өлі мекенге қарай айдап әкетеміз. Өлі жерді осылайша қайта тірілтеміз» («Фатыр» сүресі, 9-аят).

Қазіргі таңда ғылым мен техниканың дамуы нәтижесінде жаңбырды жасанды жолмен жаудыруға қол жеткізілді. Яғни жауын-шашын жаууы ықтимал аймақта арнайы технологияның көмегімен химиялық заттарды бұлттарға себу арқылы жаңбырды нөсерлетіп жаудыруда. Бұл тәжірибе кейбір елдерде іс жүзінде жүзеге асырылды. Жасанды жауын жаудырудың түпкі мақсаты – қуаңшылықтың алдын алу.

Сондықтан себептерге сүйене отырып, арнайы технологияның көмегімен желді және бұлттарды бағындырып, жаңбыр жаудырудың шариғатқа қайшылығы жоқ. Алайда жасанды жауын жаудыру барысында тек себептермен шектелмей Алланың қалауымен жүзеге асатынын ұмытпау қажет. Мұнымен қоса жасанды жауын жаудыру қоршаған ортаға, адамдарға, жануарларға зиян тигізбеу керек. Өйткені Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өзіңе де, өзгеге де зиян келтіруге болмайды» (Ибн Мажә)деген. Сондай-ақ жаңбыр жаудыруға байланысты шариғатта көрсетілген дұға ету, истисқа (тасаттық) секілді себептерді де ескерген жөн.


ҮКІМ:

Ғылым мен технологияның көмегімен жаңбыр жаудыру – шариғатқа қайшы емес.

Жасанды жолмен жаңбыр жаудыру қоршаған ортаға, адамдарға, жан-жануарларға, өсімдіктерге зиян тигізетін болса, рұқсат етілмейді.


Шариғат және пәтуа бөлімі