Намаздан кейін «Алла қабыл етсін!» деп айту – бидғат па?
Бір топ жамағаттың намаз оқып болған соң бір-біріне «Алла қабыл етсін» деп айтуына қатысты қоғамдағы кейбір топтар тарапынан сындар айтылуда. Пайғамбар (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) ол сөзді айтпаған, олай істеу бидғат[1] деп намазды енді үйреніп жүрген қарапайым жамағатты да шошытып жатады. Яғни, ол іс-әрекеттің шариғатта негізі жоқ деп топшылайды.
Алайда ол сөзді айтудың шариғатқа да сүннетке де еш қайшы еместігін айтқымыз келеді. Бұл сөзімізге Әбу Жухайфа есімді сахабадан жеткен хадисте Пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) екінті намазының соңында жұртқа сәлем беріп, қол алысқандығы айғақ болады.[2] Ал енді қол алысқан кезде кісі міндетті түрде екінші тарапқа сәлем беріп немесе тілегін айтатыны белгілі.
Алла тағала Құран Кәрімде:
فَإِذَا قَضَيْتُمُ ٱلصَّلَوٰةَ فَٱذْكُرُواْ ٱللَّهَ
«Намазды аяқтаған болсаңдар, Алланы еске алып зікір етіңдер»[3] дейді. Мұсылманның жанындағы мұсылманға намазының қабыл етілуін тілеуі – дұға. Ал дұға – ол зікір болып саналады. Бұл іс Құран аятына амал ету болғандықтан, ода тұрған әбестік жоқ.
Ғұламалар намаздан соң сәлем беріп, бір-біріне дұға тілеуді намаздың ішкі не сыртқы парызы болмаса да ол амалды мұстахаб және рұқсат етілген іс деп пәтуасын берген.
Мәселен, Жубайр ибн Нуфайр есімді сахабадан:
كَانَ أَصْحَابُ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذَا اِلْتَقَوْا يَوْمَ الْعِيدِ يَقُولُ بَعْضُهُمْ لِبَعْضٍ : تَقَبَّلَ اللَّهُ مِنَّا وَمِنْك
«Пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) сахабалары айт күні айт намазына жиналған уақытта бір-біріне «Алла бізден және сізден қабыл етсін» деп айтатын еді»[4] деген хадис жеткізіледі.
Демек «Алла бізден және сізден қабыл етсін» деген сөзді айту Алла елшісінен қалған сүннет. Бұл сөз айт намазы уақытында айтылған болса, оны кез-келген намаздан кейін айтудың оқасы жоқ.
Намаздан соң шеңбер болып айналып, не болмаса иық қағыса құшақтасып сәлемдесу секілді «Алла қабыл етсін» деп айту да сауапты іс болып табылады. Өйткені кісінің мұсылман бауырына жасаған дұғасына періштелер әмин десе, оны дұғасы қабыл болады. Және ол амал жамағатты бір-бірін танып, ары қарай жақын араласып кетуіне үлкен септігін тигізеді. Сондай-ақ өзара мейірбандық пен бауырмашылдықты арттырады.
Нұрбол Смағұлов
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы
[1] Бидғат деп Пайғамбардың (с.ғ.с.) айтпағанын айтып, істемегенін істеуді айтамыз. Алайда бидғаттың өзі жақсы және жаман бидғат болып екіге бөлінеді. Шариғатқа қайшылығы жоқ амал болса, ол жақсы бидғат.
[2] Ибн Хажар, «Фатхуль Бари», 3360 хадис.
[3] Ниса сүресі, 103 аят.
[4] Ибн Хажар, «Фатхуль Бари», 2 том, 517 хадис. Хасан хадис.