МҰСЫЛМАННЫҢ МҰСЫЛМАН АЛДЫНДАҒЫ АҚЫСЫ 2285

МҰСЫЛМАННЫҢ МҰСЫЛМАН АЛДЫНДАҒЫ АҚЫСЫ

25 қараша 2022 93 Оқу 1 минут

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!

Ассаламуалейкум уа рахматуллаһи уә бәрәкәтуһ!

Қадірменді жамағат, құрметті бауырлар, баршаңызға күндердің төресі қасиетті жұма мүбәрак болсын!  

 Асыл дініміз Ислам мұсылмандардың өзара туыс екендіктерін айтып, олардың арасына белгілі бір ақы бекітті. Мұсылмандар өзара қарым-қатынаста осы ақыға мән беру арқылы олардың арасындағы бауырмалдық пен бірлік одан әрі артып, сүйіспеншіліктері де нығайы түседі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

حَقُّ الْمُسْلِمِ عَلَى الْمُسْلِمِ خَمْسٌ : رَدُّ السَّلَامِ وَعِيَادَةُ الْمَرِيضِ وَاتِّبَاعُ الْجَنَائِزِ وَإِجَابَةُ الدَّعْوَةِ وَتَشْمِيتُ الْعَاطِسِ

«Мұсылманның мұсылманға деген бес ақысы бар: Сәлем берсе қайтару, ауырса халін сұрау, жаназасына қатысу, шақырса бару, тушкірсе жақсылық тілеу»– деген (имам Бұхари)

Ал имам Мүслимнің риуаятында мұсылманның мұсылман алдындағы алты ақысы бар екендігі айтылған. Олар:

حَقُّ الْمُسْلِمِ عَلَى الْمُسْلِمِ سِتٌّ: إِذَا لَقِيتَهُ فَسَلِّمْ عَلَيْهِ، وإِذَا دَعَاكَ فَأَجِبْهُ، وإِذَا اسْتَنْصَحَكَ فَانْصَحْهُ، وإِذَا عَطَسَ فَحَمِدَ اللَّهَ فَسَمِّتْهُ، وإِذَا مَرِضَ فَعُدْهُ، وإِذَا مَاتَ فَاتْبَعْهُ

«Мұсылманның мұсылман алдында алты ақсы бар: егер кездестірсең сәлем бер, егер шақырған болса бар, егер насихат сұраса насихат айт, егер түшкіріп Алла Тағалаға мақтау айтса, оған жақсылық тіле, егер ауырып қалса, халін сұрап бар, егер қайтыс болса, соңғы сапарға шығарып сал» (имам Мүслим).

Жалпы мұсылманның мұсылманға деген ақылары көп. Алайда, ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сол ақылардың ішінде осы айтылған амалдарды атап кетуі – бұл амалдарды орындауға ерекше мән беруіміз керектігін білдіреді. Сондықтан да ғалымдарымыз жоғарыдағы хадистердегі «бес» немесе «алты» деген сандардың шектеу үшін көрсетілмегендігін айтқан.

Енді осы хадисте қамтылған мұсылмандық ақыларға жеке-жеке тоқтайық:

Бірінші: Сәлемдесу

Қазақ халқы «Сәлем – сөздің анасы» деп, сәлем беруге үлкен мән берген. Адамдар бір-бірімен кездескен уақыттарында ең бірінші әдеп те осы сәлемдесуден басталады.

Жоғарыда айтылған екі хадиске оралсақ имам Бұхари риуаятында: «Сәлем берсе қайтару», – делінсе, ал имам Мүслимде: «Егер кездестірсең сәлем бер», – деп айтылған. Демек, мұсылманның мұсылманды көргенде сәлем беруі немесе сәлем берсе жауап беруі де мұсылмандық ақыға жатады.

Бұқар жырау бабамыз: «Сәлем – сөздің анасы, әлейк алған данасы», – деп, қазақ халқының «Әссаламуғалайкум» деп сәлемдесіп, «Уағалайкум ассалам», – деп, сәлемге жауап бергендігін айтқан.

Сәлем беру – сүннет, ал оған жауап беру – уәжіп болып табылады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресі, 86-аятында:

وَإِذَا حُيِّيتُمْ بِتَحِيَّةٍ فَحَيُّوا بِأَحْسَنَ مِنْهَا أَوْ رُدُّوهَا

«Қашан сендерге сәлем берілсе, онда (сәлемді) одан да көркемірек не соның өзіндей етіп қайтарыңдар», – деп айтқан.  Демек, Алла Тағаланың бұл аяттағы бұйрығына сай, сәлемге жауап қайтарушы адам, сәлем берушіден де артық әрі көркем түрде жауап беруі тиіс.

Ал көпшілікке сәлем берілген уақытта арасынан біреуі жауап қатқан болса, қалғандарынан міндет түседі. Әли ибн Әбу Талиб (Алла оған разы болсын): «Жамағат бір жерден өтіп бара жатқанда араларынан біреуі сәлем берсе, бәрі сәлем бергендей болады. Сондай-ақ отырған жамағаттан біреуі ғана жауап берген болса, сол жеткілікті», – деген.

Ендеше, мұсылман адам өзге мұсылманды көргенде күлімсіреп, жымиып, сәлемдесуі немесе оған бірінші сәлемдескенде одан көркем етіп жауап қатуы – мұсылмандық ақылардан ғана емес, арада сүйіспеншіліктің артуына себепші болатын маңызды амал. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

وَاَلَّذِي نَفْسِي بِيَدِهِ لا تَدْخُلُوا الْجَنَّةَ حَتَّى تُؤْمِنُوا ، وَلا تُؤْمِنُوا حَتَّى تَحَابُّوا ، أَوَلا أَدُلُّكُمْ عَلَى شَيْءٍ إذَا فَعَلْتُمُوهُ تَحَابَبْتُمْ؟ أَفْشُوا السَّلامَ بَيْنَكُمْ

«Жаным қолында болғанмен (Алламен) ант етемін! Сендер иман келтірмейінше жәннатқа кіре алмайсыңдар. Ал бір-біріңді жақсы көрмейінше иман келтірген болып саналмайсыңдар. Сендерге бір-біріңді жақсы көруге ықпал етер бір істі хабар етейін бе? Араларыңда сәлемді жайыңдар!» – деген (имам Мүслим).

Батыр атамыз Бауыржан Момышұлы: «Бір жерге барғанда сөзді сәлеммен бастамау әдепсіздік. Қалтаңда он диплом болғанымен, сәлем парызын білмесең, біліп тұрып оны өтемесең, жолын жасамасаң, нағыз мәдениетсіз адамсың. Мәдениеттілік адамның рухани өрісімен өлшенеді. Сәлем беру – ізеттіліктің, кісіліктің баспалдағы. Сәлем беру – сөз бастаудың беташары. Сәлем беру – танысып-білісудің, достасудың дәнекері», – деген.

Сондықтан халқымыз «Әдепті елдің баласы, алыстан сәлем береді», – деп айтқан.

Екінші: Сырқаттанса жағдайын біліп, халін сұрау

Қандай да бір мұсылман науқастанып қалса, өзге мұсылмандар оған барып, қал-жағдайын сұрау керек. Ауырып жатқан адамның қал-жағдайын сұрау оның көңілінің көтеріліп, дертінің жеңілдеуіне, сырқатын ұмытуына себепші болады. Өзін уайымдап, ойлап жүретін адамдардың бар екеніне көзі жетіп, қуаттана түседі.

Алла Тағаланың құзырында да бұл іс үлкен сауапты амал болып танылады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

مَا مِنْ مُسْلِمٍ يَعُودُ مُسْلِمًا غُدْوَةً إِلَّا صَلَّى عَلَيْهِ سَبْعُونَ أَلْفَ مَلَكٍ حَتَّى يُمْسِيَ وَإِنْ عَادَهُ عَشِيَّةً إِلَّا صَلَّى عَلَيْهِ سَبْعُونَ أَلْفَ مَلَكٍ حَتَّى يُصْبِحَ وَكَانَ لَهُ خَرِيفٌ فِي الْجَنَّةِ

«Бауырының халін таңертең сұрап барған кез келген мұсылман үшін жетпіс мың періште кешке дейін Алладан (күнәләрының кешіруін сұрап) ол үшін дұға жасайды. Ал егер бауырының көңілін кешке сұрап барса, онда жетпіс мың періште таң атқанша Алладан (күнәләрының кешіруін сұрап) ол үшін дұға жасайды және оған жәннатта жемістер дайындалады», – деген (имам Тирмизи).

Халін сұрап барғанда мұсылман адам науқас адамның қал-жағдайын сұраумен қатар, тәубе турасында еске салып, өсиеттер айтып, ол үшін кешірім тілеп, қасиетті Құранның шипа аяттарын оқып дем салуы, Алла Тағаладан шипа тілеп, дұға жасағаны дұрыс.

Шариғатта науқас адамның жағдайын сұрауға арнайы уақыт белгіленбеген. Бірақ сырқаттанған адамға ыңғайлы уақытты таңдап барған жөн. Барудағы мақсат – ауру адамның көңілін аулау, оған қиындық туғызбау болғандықтан науқастың ұйықтап демалатын, дәрет алатын, ем қабылдайтын уақыттарында немесе тым ерте, тым кеш уақыттарда бармаған жөн.

Үшінші: Шақырған болса, шақыруына жауап беру

Шақырған жерге бару – мұсылман адамның басқа мұсылмандарға деген ақысы. Ата-бабаларымыз да «Шақырған жерден қалма, шақырмаған жерге барма» деп, шақырылған жерге бару керектігін айтқан. Ғалымдарымыз шақырған жерге бару – мустахаб, ал үйлену тойына шақырылған адамның баруы – уәжіп екенін айтқан. Оған ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына хадисін дәлел ретінде келтірген:

شَرُّ الطَّعَامِ طَعَامُ الْوَلِيمَةِ يُدْعَى لَهَا الأَغْنِيَاءُ وَيُتْرَكُ الْفُقَرَاءُ, وَمَنْ تَرَكَ الدَّعْوَةَ فَقَدْ عَصَى اللَّهَ وَرَسُولَهُ صَلَّى اللَّهم عَلَيْهِ وَسَلَّمَ

«Астың ең жаманы – кедейлерді тастап, тек ауқатты адамдар шақырылған тойдағы ас. Ал кім шақырылған жерге бармайтын болса, Алла Тағалаға және Оның елшісіне қарсы келген болады» (имам Бұхари, Мүслим).

Шақырылған жерге бару төмендегі шарттарға жауап бергенде ғана міндетті болады:

  1. Шақырылған жерде тыйым салынған заттардың болмауы.
  2. Шақырудың шақырылған адамның тікелей өзіне қатысты болуы. Егер көпшілікке «барлығыңды шақырамын» деп айтылған болса, көпшілік арасынан кейбір адамдардың баруы жеткілікті болады.

Осындай арнайы шарттарға жауап берген жағдайда, бір зәру жағдай туындамаса, мұсылман адам шақыртуға жауап беріп, шамасы келгенінше ол жерге баруға тырысуы қажет.

 Төртінші: Түшкірсе жақсылық тілеу

Түшкіру – тыныс алу жолдарында тұрып қалған шаң-тозаңдар мен зиянды ұсақ заттарды қасқағым сәтте іштегі ауаны сыртқа шығару арқылы іске асатын шартсыз рефлекс. Бір мұсылман түшкірген уақытта қасында тұрған басқа мұсылман оған жақсылық тілеп, Алладан дұға етуі – мұсылманның мұсылманға деген ақысы. Яғни қандай да бір мұсылман түшкіріп «Әл-хамду лиллә» (Аллаға мадақ болсын!) десе, оған дұға жасап «ярхамукалла» (Алла сені мейіріміне бөлесін!) деп айтуымыз қажет. Ал ол адам өзіне дұға етушіге: «Яһдика Аллаһу уа юслиху бәләк!» (Алла сені туралыққа бастап, ісіңді оңдасын!) деп жауап береді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын жеткізді:

إذَا عَطَسَ أَحَدُكُمْ فَلْيَقُلْ: الْحَمْدُ لِلَّهِ وَلْيَقُلْ لَهُ أَخُوهُ أَوْ صَاحِبُهُ: يَرْحَمُك اللَّهُ. فَإِذَا قَالَ لَهُ: يَرْحَمُك اللَّهُ فَلْيَقُلْ: يَهْدِيكُمُ اللَّهُ وَيُصْلِحُ بَالَكُمْ

«Сендерден кім түшкірсе: «Аллаға мадақ болсын!» – деп Аллаға мақтаулар айтсын, ал оның бауыры оған: «Алла сені мейіріміне бөлесін!» – десін. Ал егер оған: «Алла сені мейіріміне бөлесін» деп айтса, оған түшкіруші жауап ретінде: «Алла сені туралыққа бастап, ісіңді оңдасын!»  – десін», – деген (имам Бұхари, имам Мүслим).

Қазақ халқында да түшкіргенде  «Жәрекумалла» деп жататындығы осы «Ярхамукалла» (Алла сені мейіріміне бөлесін) деген сөзден шыққан.

Ал қандай да бір мұсылман суық тиіп, аурудің себебін түшкірсе, оған шипа тілеп, дұға ету қажет. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасында болған бір кісі түшкіргенде, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла сені мейіріміне бөлесін», – деп айтады. Кейін әлгі кісі тағы да түшкіреді. Сонда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұл кісіге суық тиген», – дейді (имам Мүслим).  Тағы бір хадисте ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

شَمِّتْ أَخَاكَ ثَلاَثًا فَمَا زَادَ فَهُوَ زُكَامٌ

 «Бауырыңа үш рет (түшкірсе) дұға айт. Ал одан көп (түшкіруі) суық тигендік», – деп айтқан (имам Әбу Дәуіт).

Ғалымдар  хадистегі «суық тигендік» деген сөзге байланысты:«бұл ол адамға Алла Тағаладан шипа тілеу керектігін меңзейді», – деген.

   Бесінші Дүниеден өтсе жаназасына қатысу

«Тумақ бар жерде өлмек бар» демекші әрбір тіршілік иесінің бұл дүниедегі дәм тұзы таусылғаннан кейін жаратқан Жаратушысына қайтары ақиқат. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ғанкабут» сүресі, 57-аятында:

كُلُّ نَفْسٍ ذَائِقَةُ الْمَوْتِ ثُمَّ إِلَيْنَا تُرْجَعُونَ

«Әрбір жан өлімнің дәмін татады, кейін бізге қайтарылады», – деп айтқан.

Осындай да қандай да бір мұсылман бұл пәни тіршіліктен бақилыққа аттанар болса, оның жаназасына қатысу мұсылмандық ақының бірі. Өзге мұсылмандар осындай қиын-қыстау сәтте марқұмның жақындарының қайғысына ортақтасып, қолынан келгенше жәрдемдесіп, жаназа намазына қатысып, қабірге дейін жерлеуге қатысқаны жақсы.

Әбу Һұрайра риуаят еткен хадисте ардақты Пайғамбарымыз  (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

مَنْ شَهِدَ الْجَنَازَةَ حَتَّى يُصَلَّى عَلَيْهَا فَلَهُ قِيرَاطٌ ، وَمَنْ شَهِدَهَا حَتَّى تُدْفَنَ فَلَهُ قِيرَاطَانِ. قِيلَ: وَمَا الْقِيرَاطَانِ؟ قَالَ: مِثْلُ الْجَبَلَيْنِ الْعَظِيمَيْنِ

«Кімде-кім жаназаға қатысып (жаназа) намазын оқитын болса, оған бір  қират сауап бар.  Кімде-кім жерленуіне қатысса екі қират сауап бар», – деген. Адамдар: «Екі қират деген не?» – деп сұрақ қойды. Сонда Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Екі үлкен таудай сауап», – деп жауап берген (имам Бұхари, Мүслим).

Алтыншы: Насихат сұраса насихат айту

Насихат сұраған мұсылман бауырына насихат айту да – мұсылмандық ақылардың бірі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты  мен сәлемі болсын):

إِذَا اسْتَنْصَحَ أَحَدُكُم أَخَاهُ، فَلْيَنْصَحْ لَهُ

«Егер біреуіңнің  (мұсылман) бауыры насихат сұраса насихат айтсын», – деген (имам Бұхари).

Әдетте насихатты кісі өзі жақын көретін, жанашыр деп танитын адамнан сұрайды. Сол себепті де насихат сұраған адамға мұсылманның шынайы ниетімен, жанашырлықпен насихат айтуы өте маңызды деп танылатын іс. Имам Науауи (Алла оны мейіріміне бөлесін) аталмыш хадиске қатысты: «Егер сенен насихатты, дұрыс бағыт-бағдар беруді сұраса, оны насихат етіп, турасын кесіп айт, жағымпазданба, алдама және де насихат айтуға сараң болма», – деген.

Мұсылман арасында бауырмалдық, жылы қарым-қатынастың үзілмесі үшін насихатты да белгілі бір әдептердің аясында айтуымыз қажет.  Өйткені кейде насихаттың дұрыс болмағандығынан емес, оның айтылу тәсілі дұрыс болмағандықтан екі адам арасында реніш туындап жатады. Сол үшін де насихатты орайына қарай жұмсақ, бауырының көңілін бағып, оған деген сүйсіпеншілігі мен сыйластығын білдіре отыра айтқан дұрыс. Өйткені жұмсақтық – ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) насихатындағы негізгі ұстанған жолы. Алла Тағала қасиетті Құранның  «Әли Имран» сүресі, 159-аятында Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

فَبِمَا رَحْمَةٍ مِّنَ اللهِ لِنتَ لَهُمْ وَلَوْ كُنتَ فَظًّا غَلِيظَ الْقَلْبِ لاَنْفَضُّوا مِنْ حَوْلِكَ فَاعْفُ عَنْهُمْ وَاسْتَغْفِرْ لَهُمْ وَشَاوِرْهُمْ فِي الأمْرِ

«Алланың мейірімімен бойынша сен оларға өте жұмсақ сыңай байқаттың. Егер тұрпайы, қатал жүректі болғаныңда, олар маңайыңнан тарқап кетер еді. Сондықтан оларды кешірім етіп, олар үшін жарылқау тіле де іс жөнінде олармен кеңес қыл», – деп айтқан.

Қадірменді жамағат!

Алла Тағала Қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресі, 103-аятында:

وَاذْكُرُوا نِعْمَتَ اللَّهِ عَلَيْكُمْ إِذْ كُنْتُمْ أَعْدَاءً فَأَلَّفَ بَيْنَ قُلُوبِكُمْ فَأَصْبَحْتُمْ بِنِعْمَتِهِ إِخْوَانًا

«Сондай-ақ өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені: Бір-біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды, Оның игілігімен бауырға айналдыңдар», – деп айтқан.

Мұсылмандар арасында осы туыстық, бауырмалдық қатынасты сақтауда мұсылмандық ақыларды орындаудың мәнісі үлкен. Ибн әл-Араби әл-Мәлики (Алла оны мейіріміне бөлесін): «Ислам мұсылман адамдарды бір дәрежеге қойғанындай бұл ақыларын өтеуде сен де сол теңдікті сақта. Мынау басшы, мынау бай, мынау кедей, мынау пақыр деп бөлуші болма! Аз нәрсе болса да оны кішімсіме. Бүкіл исламды бір адамдай бағала! Бүкіл мұсылмандарды бір адамның денесіндей көр! Себебі мұсылмандарсыз ислам болмайды. Ол толық адам болуы үшін бүкіл дене мүшелері мен барлық ішкі және сыртқы күш-қуаты бірдей болуы керек», – деген.

Кейбір даналардан: «Кімде-кім Алла үшін мұсылман бауырының алдында ақысын өтесе, Алла оған екі рет сауап жазады: өзіңе түскен ақыңды өтегенің үшін және Алланың жаратылысына сол арқылы тигізген пайдаң үшін» деген сөз жеткен.

Алла Тағала сыйластығымыз бен бірлігімізді арттырып, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!