Намаз – көзімнің қарашығы 1401

Намаз – көзімнің қарашығы

12 наурыз 2022 140 Оқу 1 минут

Алла Тағала қасиетті Құранда: «Мүміндер сөзсіз мұратына жетті. Олар – намазда шын пейілімен мойынсұнып, барынша кішіпейілділік танытатындар» («Муминун» сүресі, 1-2 аяттар) деп намаздағы мұсылманның бейнесін баян етсе, ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Намаз – көзімнің қарашығы» (Ахмед, Насаи, Байһақи) деген болатын. Бұқар жыраудың «Бесінші тілек тілеңіз, Бес уақытта бес намаз, Біреуі қаза қалмасқа» деген жыр жолдарынан ата-бабамыздың намазына қаншалықты берік болғанын байқаймыз.

Намаз – жеті қат көкте парыз етілген құлшылық. Намаз сөзі дұға, тілек деген мағынаны білдіреді. Бұл – бес рет Жаратушымен қауышу мүмкіндігі, тәулігіне бес рет көмек сұрау, жәрдем тілеу. Намаз көп уақытты немесе күш-қайрат пен қаражатты қажет етпейді. Ең бастысы – ниет пен ықылас қана. Бес минутта жасалатын бұл құлшылық – барлық ғибадаттың әмбебап жиынтығы.

Әдетте «Неге намаз оқымайсыз?» деген сауалға «бала-шағаны бағу қажет», «жұмыстан қол тимейді» деген секілді сияқты сылтаулар айтылады. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Жын мен адамзатты Өзіме құлшылық етуден басқа нәрсе үшін жаратпадым» («Зарият» сүресі, 56-аят) деп адамның жердегі жалғыз мақсаты – құлшылық жасау екені айтқан болатын. Ал ризық-несібеге Алла кепіл. Адамның әрекеті – себеп, ризық – Алланың құзырында. Бұл – өте маңызды жайт. Хақтың хикметі, несібесі қайдан келетінінен адам хабарсыз. Бірақ ризық адамның қайда жүргенін біледі. Дер кезінде есігін қағады. Алла Тағала Құранда: «Әрі аспанда сендердің ризықтарың және сендерге уәде етілген бар. Аспан мен жердің Раббысымен ант етемін, бұл – сендердің сөйлеулерің сияқты ақиқат» («Зарият» сүресі, 22-23 аяттар) деп баяндауда. Хасан Басри: «Ақырет қамын жасап дүние өзі келгеніне көп куә болдық. Бірақ дүниені іздеп ақырет игілігі келгенін көргеніміз жоқ», – деген екен. Міне, сондықтан Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер адам баласы несібеден өлімнен қашқандай қашса, несібе ажал сияқты адамды тауып алар еді» (Жамиғ Сахих) дейді. Құранда уәде етілгендей, әр адамның ризық-несібесіне Жаратушы кепіл. Бұл ақиқатты түсіне білген адамның жаны тыныштық табады. Әбу Сулейман: «Кімде-кім ризықты Алла береді деген сенімі берік болса, мінез-құлығы жақсара түседі, жұмсақтығы артады, жаны жомарт болып, намазында уәсуәса азаяды», – деген екен.

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Үй-ішіңді намазға бұйыр әрі өзің де оған сабырлы бол. Біз сенен ризық сұрамаймыз. Саған ризықты Біз береміз» («Таһа» сүресі, 132-аят) деп әмір етеді. Суфиян Саури «Біз сенен ризық сұрамаймыз» дегенді «ризық іздеуді саған жүктемейміз» деп тәпсірлеген (Әнас бин Малик риуаяты). Халифа Омар (Алла одан разы болсын) әр аймақтағы әкім мен басшыларына тапсырма берген хатта: «Мен үшін сендердің ең маңызды шаруаларың – намаз. Кімде-кім намазға берік болса және намазы тұрақты болса, дінін сақтайды. Кімде-кім намазын зая етсе, одан басқа шаруаны оңай ғана зая ете бермек», – деген екен. Табиғин Юнус бин Абид (Алла одан разы болсын): «Адамның екі қасиеті түзу болса, одан басқа шаруасы толықтай оңалады, ол – намазы мен тілі» (Сияр ағләм нубәлә, 6/293) деген екен. Намазын дұрыс оқыған адамның барлық шаруасы жүйеге түседі. Себебі намаз – кез келген жабық есікті ашуға көмек беретін иләһи кілт. Бұл кілтке ешбір проблема қарсы тұра алмай, кері шегінеді. Намазына құнтты болған адамның өмірлік мақсаты мен құндылықтары дұрыс қалыптасады. Өміріне шынайы тыныштық, жан рақаты мен берекет кіреді...

Намаз тек жайнамазда жасалатын қимыл-әрекеттер емес. Намаздан тыс уақыттағы адамның жүріс-тұрысымен де тығыз байланысы бар. Құбылаға бет бұрып құлшылық еткен сияқты жүрек әр сәтте Алла Тағаланың әміріне бойұсынып тұруы тиіс. Дайлами хадис кітабында: «Алла Тағала пенденің амалын жүрегі денесімен бір болмайынша қабыл етпейді», – деген риуаят бар.

Табиғин, хадис ғалымы Сабит Баннани (Алла оған разы болсын): «Адам бойында барлық жақсы қасиет табылып, бірақ намазы мен оразасы болмаса, оны Алланың құлы деп атамаймын. Өйткені намаз бен ораза – пенденің еті мен қаны», – деген екен. Ғұлама тағы да: «Жер бетіндегі Аллаға қызмет – намаз. Намаздан артық құлшылық болса: «...Ол михрабта тік тұрып намаз оқып жатқан сәтте періштелер үн қатты» («Әли Имран» сүресі, 39-аят) деп айтпас еді», – деген.


Руслан ҚАМБАР,

«Қалқаман-2» мешітінің бас имамы

«Мұнара» газеті, №4, 2022 жыл